Құрылыс қарқыны күшейді

539

0

Қызылорданың құрылысында жүйелі бақылау күшейіп, мердігер мекемелер іске білек түре кіріскен. Мәселен, биылдың өзінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында барлық қаржыландыру көздерінен 692 300 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал өткен 6 айдың ішінде 318 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға берілген.

Апта ортасында аталған саладағы соны жаңалықты бағамдауға арналған баспасөз туры ұйымдастырылып, жағдайдың жай-жапсарын көзбен көруге мүмкіндік туды. Бүгінде облыста 26 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүруде. Оның тоғызы аудандарда салынып жатыр. Ал қалған 17 тұрғын үй Қызылорда қаласында орналасқан.

– Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл құрылыс қарқыны едәуір артты. Қазір шаһарымыздың сол жағалауында 16 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 6 тұрғын үй жеті қабатты болса,  қалғаны бес қабатты үйлер. Бұл тұрғын үйлердің барлығы заманауи бағытта және жаңа технологиялардың көмегімен салынуда. Құрылысы жүріп жатқан жеті қабатты тұрғын үй 84 пәтерлі болса, бес қабатты үйлерде 470 пәтер қамтылмақ. Құрылысы келер жылы аяқталады. Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен мың пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға сатып алу құқығынсыз берілетін болады, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәди Әліп.

Қаланың сол жағалауында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы ауданы – 37 284 шаршы метр.

– Бұл үйлердің құрылысы сәуір айында басталған болатын. Қазіргі таңда бригадалық топ құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жеті қабатты тұрғын үйлердің жауапты мердігері – «Аман Құрылыс» ЖШС. Осы тұрғын үй кварталдың инженерлік желілеріне жоба-сметалық құжаттамасы толық әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды, – деді  қала құрылысы бөлімінің маманы Мәулен Бөбетаев.

Сол жағалаудың сәні мен салатанатын келістірер үйлерді салуға «Орион ЛТД», «Риголит», «Промстройсервис.Е» және «Абу-Сер» ЖШС сияқты мердігер мекемелер де атсалысуда.

Айта кетейік, жалғыз баспанасы апаттық жағдайда деп танылған азаматтарға 34 пәтер сатып алу үшін облыстық бюджеттен, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін 1000 пәтер сатып алуға ел қазынасынан қаржы бөлінген.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<