Қыркүйек те келді

709

0

Санаулы күннен кейін жаңа оқу жылы. Биылғы оқу жылы елдегі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты  қашықтан оқыту форматында басталғалы тұр. Жаңа оқу жылының тағы қандай ерекшеліктері мен жаңалықтары бар? Жалпы дайындық барысы қалай? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов пен облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова кеңінен баяндады.

Облыста  алдағы  оқу жылында 293 мектепте 169173 оқушы оқиды  деп күтілуде. Оның ішінде 1 сыныпқа 18 423 бала қабылданған. Жаңа оқу жылында  мектептегі оқу процесін ұйым­дас­­тыру Білім және ғылым министрлігі ­ұсын­­­­ған ба­ғыттар бо­йын­­ша жүр­гізіледі. Атап айт­қанда, өңірдегі 220 мек­тептегі 116 592 оқушы қашықтан оқытылады. Қашықтан оқыту Bilim­Land, Дарын-онлайн интернет платформалары арқылы жүргізіледі. Ал 1-4 сыныптағы 41547 оқушы 2974 топта және  шалғай орналасқан елді мекендегі 73 мектептегі 11 004 бала дәстүрлі түрде оқы­тылады.

– Қашықтан оқи­тын 116 254 (218 мектеп) оқу­шының 76744-де, яғни, 66 процентінде  ком­пью­терлік-техникалық құрал­дары бар.  39510 (34%) оқушыны компьютермен қам­туға тиісті жұмыстар ұйым­дас­ты­рылуда. Бүгінде мектеп балансындағы 14203 ком­пьютер оқушыларға уақытша пай­далануға бе­рілді. Саладағы үнем­делген бюджет есебінен алынған (176,7 млн теңге) 2635 планшет беріледі. Қалған оқушыларға Үкі­мет резерві есебінен бері­летін 22870 компьютер 20 қыркүйекке дейін таратылатын болады. Бүгінгі күні сатып алу бойынша құрылған жұмысшы тобы мен жеткізуші мердігерлер анықталып, келі­сім-шарт­қа отырды, – деп атап өтті Н.Байқадамов.

Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 1116 оқушыға ноутбук пен планшет таратылуда.

Дәстүрлі түрде білім алатын оқушылар 5 сатыдан тұратын дезинфекциядан өтетін болады.

Облыста барлық мұ­ғалім саны – 20 259. Оның 306-да компьютер жоқ. Облыстық  кәсіподақ де­меу­шілігімен олар­ға элек­тронды құрылғылар бе­ріледі. 18 мың педагог қашық­тан оқытуға байланысты арнайы онлайн курс­тан өткен.

– Облыс бойынша  биыл 55 білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 12-сі балабақша, 33-і мектеп, 4-і мектептен тыс мекеме, 5-і колледж. Жаңа оқу жылына 740 орындық 2 мектеп құрылысы пайдалануға беріледі (Жалағаш ауданы, Қызылорда қа­ласы). Сонымен бірге 1800 орынға арналған 4 мектептің құрылысы жүр­гізілуде. 2 мектептің құрылысы (Жезқазған трассасы бойындағы 600 орындық мектеп, Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп) жыл соңында аяқталады деп күтілуде. Қалған 2 мектеп келер жылы іске қосылады (Жаңақорған кенті 600 орындық,  Жаңақорған кенті, Майбекет шағын ауданы 300 орындық). Сондай-ақ, Қызылорда қаласынан жеке инвестор қаржысымен 300 және 500 орындық 2 жеке мектеп құрылысы салынуда (Сая­хат, Сырдария шағын аудандары), – деді басқарма басшысы.

Брифингте облыс әкі­мінің орынбасары ка­ран­­тиндік шектеулер же­ңіл­детілгенімен, қауіп­тің толық сейілмегенін, осы орайда сақтық шараларына жіті көңіл бөліп, орындаудың маңызы зор екеніне тоқталды. Ал­дағы уақытта балаларға ар­налған маскалардың жер­­гі­лікті дәріханаларға шы­ға­рылып, қолжетімді бағада сатылатынын айтты. Өйткені ересектерге арналған маскалар ба­лаларға сәйкес келмейді, сондықтан ыңғайсыздық тудыруы мүмкін.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<