Қысқы Азиада: Әзірге 9 медаль

140

0

Фото:

Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан Қысқы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар қазірге дейін тоғыз медаль еншілеп үлгерді. Оның ішінде 1 алтын, 5 күміс, 3 қола бар.

8 ақпанда шорт-тректен 2000 метрге аралас эстафетадан Қазақстан құрамасы күміс медаль жеңіп алды. Команда сапында Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан, Алина Әжғалиева жарыс жолына шықты. Ал конькимен жүгіруден 100 метрге жарыста Евгений Кошкин күміс жүлдегер атанды. Шаңғы жарысынан ерлер арасындағы спринтте Константин Борцов қоржынды тағы бір күміс жүлдемен толықтырды.

Ал 9 ақпанда шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы Харбинде өтіп жатқан 2025 жылғы қысқы Азия ойындарында алтын медаль иеленді. Еліміздің атынан эстафеталық жарысқа Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен қатысты. Бұл – Қазақстан үшін осы Азия ойындарындағы алғашқы алтын медаль. Айта кетейік, Қазақстан шорт-тректен тарихта алғаш рет Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды.

Ал 3000 метрге әйелдер арасындағы командалық сайыста еліміздің әйелдер құрамасы күміс жүлдеге ие болды. Команда мүшелері – Яна Хан, Ольга Тихонова, Малика Ермек, Зейнеп Құмархан, Алина Әжғалиева мен Мәдина Жанбосынова. Бұл күні Қазақстан әйелдер құрамасы командалық спринтте қысқы Азия ойындарының қола жүлдесін иеленді. Бұл сайысқа ел құрамасы сапында Кристина Силаева, Дарья Важенина, Надежда Морозова қатысты. Сондай-ақ фристайл-акробатика Аяна Жолдас қысқы Азия ойындарының финалдық сайысында 76.54 ұпай жинап, қола жүлде еншіледі.

10 ақпанда фристайл-акробатикадан қазақстандық спортшылар 2-орын алды. Құрама сапында Дінмұхаммед Райымқұл, Аяна Жолдас, Асылхан Асан, Шерзод Хаширбаев, Ардана Маханова болды. Ерлер арасында 10 шақырымға еркін стильде шаңғы жарысынан бәсекеде Олжас Климин үздік үштікті түйіндеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<