Қызыл тілім, сөз толға…

4274

0

Облыстық филармонияның ұйымдастыруымен А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Сыр сүлейі Оңғар Дырқайұлының 165 жылдығына арналған «Өнердің пірі – Дүр Оңғар»  атты дәстүрлі орындаушылардың концерті өтті.

Оңғар Дырқайұлы – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға. Ол Сыр өңіріне тән жыраулық дәстүрді бойына дарытып, ұлағатын ұрпағына мұра еткен жыршы.

Сыр сүлейлерінің шығармашылығындағы өскендік пен өркендегендіктің белгісін Оңғар жырау Дырқайұлы туындылары дәлелдейді. Шайыр шығармашылығы – қазақ әдебиетіндегі ғасырлар бойы үздіксіз даму жолында келе жатқан ақындық поэзиядағы көркемдік дәстүр жалғасы. Өзімен замандас ақындар туындыларымен бірге ұрпақ тәрбиесіне қызмет етіп келеді. Ақынның нақыл, өсиет, тойбастар, бата-тілек, жұбату, қонақкәде, бірқақпайлар, жұмбақ, тағы басқа жанрдағы көптеген өлеңі ұлттық тәлім-тәрбиелік  сипаттағы сарында жырланған. Жыраудың әдеби мұрасы мыңжылдықтар бойы қалыптасқан, дамыған ақындық һәм жыраулық өнердің дәстүрлі жалғасы саналған.

Дәуірдің үнін, өткеннің сырын жеткізген жыр кешінде филармония артистері, Мәдениет саласының үздігі А.Ноғайбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Р.Ахметов, М.Сәрсенбаева, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Ә.Қуаңбаев, Б.Төлеубаев, М.Сүгірбай, З.Баймырза, Б.Орынбасар өнер көрсетті.

Ел ішінде Дүр Оңғарға байланысты аңыз-әңгімелер көп-ақ. Соның бірі мынадай: Дүр Оңғарға түсінде жастай қайтыс болған апасы: «Қалқам, Оңғар! Саған өлеңді қаппен берейін бе, әлде хатпен берейін бе?» депті. Сонда інісі: «Апа, хатпен бергеніңді тілеймін» деп алақанын жайыпты. Жазған жырларының бәйгеге қосатын пырақтай ұшқыр, түпсіз шыңыраудай терең ойлы, інжу-маржандай көркем, хатқа түсіргендей мінсіз болып келетіні содан екен деседі жұрт.

Дүр Оңғар – айтыс өнеріне де көбірек ден қойған ақын. Ол өз дәуіріндегі бірталай ақындармен айтысқан. Бірақ дер кезінде жинап, қағазға түсірілмегендіктен, уақыт озған сайын ұмытылып, жұрт аузында айтыс өлеңдерінің кейбір шумақтары ғана сақталған. Соның бірі – Ырысты қызбен айтысы.

– Өмір – өлшеулі, өнер – өміршең. Жыр жампозына арналған жыр кеші жоғары деңгейде өтті. Дүр Оңғар бабамыз – Сыр сүлейлерінің ішінде шоқтығы биік өнер тарланы. Оның өсиет термелері өмірдің өзіне негізделген. Олар сонысымен құнды. Бүгін орындалған ақын шығармалары ұрпақ танымын кеңейтіп, өнер өрісін арттырмақ, – дейді жыршы Амандық Бүрлібаев.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<