Қызылордада қауіпсіздік каскасы шығарылады

861

0

Бес-алты жылдың жүзі болды, Қызылордада қауіпсіздік бас киімі шығарылады. Оның басында Ғалым Пірекешов жүр.

Кәсіпкер «NP-Consulting» компаниясын шаруашылық пен түрлі ұйымдардың басқарушы қызметкерлеріне кәсіби көмек көрсету, кеңес беру мақсатында ашқан. Әуелгіде мемлекеттік сатып алу саласындағы тәжірибесін пайдаланған. Ойлана келе кәсіптің өрісін кеңейтті.

– Кеңес одағы кезінде елімізде каска өндірісі болмаған екен. Маркетингтік зерттеу жүргізу нәтижесінде осы кәсіпке ден қойдым. 2014 жылы Қытайдан қондырғы алдырып, келесі жылы істі бастап кеттік, – дейді ол.

Өнімге тапсырыс мұнай, атом компаниялары, құрылыс, теміржол мекемелері мен арнайы киім дүкендерінен түседі. Шағын цехта қорғаныс құралынан өзге, 20 литрлік судың ыдысына арналған қақпақшалар шығарылып жатыр. Кәсіпкер бірреттік қақпақшаны еуропалықтар жиі пайдаланатынын жеткізді. Оған облыстан бөлек, Маңғыстау, Атырау, Түркістан, Қарағанды өңірлерінен сұраныс бар.

Өткен жылы пластик құты өндірісін қолға алса, енді соның преформасын жасауға ынталы. Түсінікті болу үшін айтайық, преформа белгілі бір температурада қыздырылып, қалыпқа кигізіледі. Ыстық ауа үрлегенде дайын бөтелке пайда болады.

– Байқасаңыз, Қызылордада негі­зінен сыйымдылығы 5 литрден жоғары су шығарылады. 1-1,5 литрлік судың қай-қайсысы да – өзге өңірлерден. Ыдысы мен преформасын сырттан алдыратын болғандықтан, қымбатқа түседі. Содан келіп өзіндік құнын ақтамайды. Біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келеді, – дейді Ғ.Пірекешов.

Кәсіпкер шағын және орта бизнес мемлекеттік қолдау барда дами беретініне сенімді. Өйткені өзі де кәсібін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып бастады. «Атамекен» ұлттық палатасының «Аға сеньор» жо­басы оған Германиядағы бірнеше кәсіпорынның тәжіри­бесімен танысуға мүмкіндік берді.

Кәсіпкер өндіріс аясын әлі де кеңейтуге мүдделі. Тәуекелге бел буған соң, тоқтап қалмау керек деп есептейді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<