Республикалық додада үздік танылған зияткерлер

644

0

Әділет министрлігі жанындағы Ұлттық зияткерлік меншік институты ұйымдастыруымен өткен «Болашақ сенің қолыңда: ойлап тап және жаса» атты оқушылар арасында үздік эссе байқауында Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушылары Арайлым Әшірмет пен Ғазиза Аушенова жүлделі екінші орынды иемденді.

Жастар арасында зияткерлік меншік саласындағы білімді насихаттау және патенттік мәдениет негіздерін меңгерту мақсатында ұйымдастырылған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде 350-ден астам эссе келіп түсті. Оның 13-і үздік деп танылды.

Өздерінің ғылыми өнертабыстары туралы баяндаған сырбойылық зияткерлердің шығармашылық жұмыстары екінші орынға лайықты деп танылды.

— Мен өз жұмысымда оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын «Сенің кітап сөрең» атты әдеби сайт жайында таныстырдым. Бұл байқау арқылы өз жазу дағдыларымды арттырып қана қоймай, зияткерлік меншік, патент туралы көптеген ақпарат білдім, — дейді Арайлым.

Жеңімпаздарды Қызылорда облысы Әділет департаментінің басшысы Ирина Бакишева салтанатты түрде құттықтап, дипломдарын табыс етті. Сонымен қатар, олардың жетекшілері Жадыра Ажибаева мен Айгүл Абуоваға департамент басшысының Алғыс хаттарын ұсынды.

Іс-шараның екінші кезеңінде департамент басшысы жоғарғы сынып оқушыларымен кездесіп, зияткерлік меншік құқықтары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау мәселелері бойынша кеңестер берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<