Республикалық жыршы-жыраулар байқауы өтеді

1468

0

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы өтеді. Ұлттық мұра – жыраулық өнерді насихаттауға арналған шара 24 қыркүйек күні болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов мәлімдеді.

«Даңқты өнер иесінің мол мұрасын бүгінге ұрпаққа аманаттау мақсатында өткелі отырған байқауға Ақтөбе қаласынан белгілі жыр жампозы Демеубай Жолымбетов және Маңғыстау жерінен қазыналы қарт жырау Амангелді Сәңкібаев, Кереку топырағынан Бөкен Жігер, Алматы қаласынан Бақыт Тоғжановалар келді. Сондай-ақ Сыр елінің дәстүрлі өнерін республикалық деңгейде паш етіп жүрген жыр жүйріктері Айбек Тәңірбергенов, Серік Жақсығұлов, Күнсұлу Түрікпен, Марат Сүгірбай, Болат Баймұратов, Әділхан Қуаңбаевтар мен қатар жас жыршыларымыз барлығы 15 талапкер байқауда бақ сынамақ. Байқау барысында Жүсіп Ешниязұлының бұрын соңды көп орындалмай жүрген айтыстары, термелері және «Шәһзада», «Сұрмерген», «Мекер қатын» дастандарымен қатар Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған арнау жырлар орындалады», – деді Асқарбек Темірбекұлы.

Жыр додасында өңіріміздегі дәстүрлі өнердің әлемдік деңгейде насихатталуына және талантты өнерпаздардың кәсіби білім алуына аянбай еңбек етіп жүрген жырау Алмас Алматов төрағалық жасайды. Сонымен бірге байқауда жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры Эльмира Жаңабергенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Ұлжан Байбосынова, қоғам қайраткері, өнер жанашыры Рзақұл Нұртаев, жыршы-жырау Майра Сарсенбаева қазылық етеді. Байқау 2 кезең бойынша өткізіледі. Бір ерекшелігі – уақытқа шектеу қойылмайды. Сахнаға шыққан жыраулар сағаттап жыр айтуға мүмкіндігі бар.

Брифингте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматов та республикалық байқау туралы пікірін білдірді.«Өнер – мұрагер ұрпақтары арқылы дәстүрлі сипатқа айналады. Ал, мұрагері жоқ өнер жойылады, өледі не жоғалады. Иә, әрбір ұлт өзінің тілі, діні, ділімен безбенделетін болса, қазақ өнерінің түпқазығы осы жыр өнері. Ол адамның ақыл, ес, жад, зерде көзіменен төрттағандалып, мың жылдықтардың мұрасын миллиондаған жол жыр күйінде осы бір сана арқылы бізге жеткізді. Мұның құндылығы да сол. Ал бүгінде ұрпақты сол баба мәдениетіне, аталардың мұрасына қарай бейімдеп, тәрбиелеу ұйымдастырылайын деп отырған шараның басты мақсаты», – деді Алмас Алматов.

Одан әрі облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының директоры Жанат Құрамысова байқаудың басты мақсаты – өңірдің брэнді болып саналатын жыраулық, шайырлық, ақындық өнерді дамыту, ұлы тұлғалардың өнерін ұлықтау екенін айтып, шараның маңыздылығына тағы бір мәрте тоқталды.Айта кету керек, Жүсіп Ешниязұлы қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында 1871 жылы дүниеге келіп, 1927 жылы дүниеден өткен. Жастайынан әкесі Ешнияздан тәлім алған ол халық арасында кеңінен танымал болумен қатар, ел билігіне араласып болыс болған.

1898 жылдардан бастап ақын шығармалары ауыз әдебиеті нұсқаларын зерттеушілердің назарына ілініп, жинақтала бастайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз