Сәйкестіктің тылсым сыры

998

0

Адамзат баласы он сегіз мың ғаламның құпиясын әлі зерттеп келеді. Зерттей де бермек. Жан ілімінің ұңғыл-шұңғылына бойлағандар адамның айтқан сөзі мен істеген ісі тағдырына әсер ететіні туралы көп айтады. «Кім Аллаға, қияметке сенсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» деген хадис те бар. Көркем фильмде сомдаған кейіпкері болып уақытша «өмір сүретін» актерлардың тағдырына рөлі қалай әсер етеді? Бір қарағанда экранда кейіпкердің трагедияға ұшырауын ойын деп қабылдаймыз ғой. Бірақ…


Атақты актер Асанәлі Әшімов «Шоқан Уәлиханов» фильміне баласы Сағиды түсіруге дайындағанда анасы Тәжіхан: «Сағиды неге бұл рөлде ойнатасың? Әлдеқашан сү­йегі қурап қалған аруаққа тиме­сеңдерші, жаман ырым ғой» деп шыр-пыр болыпты. Осы рөлі үшін ол 22 жасында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған. Жалпы 30-ға жуық фильмде түрлі рөлдер сомдапты. Шоқан Уәлиханов 30, оның экрандағы бейнесін сомдаған Сағи Әшімов 38 жыл ғұмыр кешкен. Ол туралы «Шоқанды ойнап, Шоқанның тағдырын құшқан актер» дейді естеліктерде.


«ХХ ғасырдың қарақшылары» фильмінің басты кейіпкерін сом­даушы, жекпе-жек өнерін жетік меңгерген актер Талғат Нығма­тул­линнің мәйіті Вильнюс орталы­ғындағы пәтерден табылған. Оның өлімінің жұмбағы әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. Каратэ чемпионы Талғат Нығматуллин «Қас­­қырдың апаны» фильмінің сценарийі бойынша өз тәлімгерінің қолынан қаза табады емес пе? Өмірде де өзі мүшесі болған секта басшысының нұсқауымен қазаға ұшырайды. Ақша бопсалауға қарсы болған оны өлімші етіп сабаған.


Өмірден 34 жасында өткен, бірнеше танымал әндердің авторы Игорь Тальков «За последней чертой» фильмінде банда басшысын сомдады. Картинаның соңында әншінің кейіпкері Гарикті атып кетеді. Осы кадр Ленинградта 1990 жылдың 6 қазанында түсірілсе, тура бір жылдан соң 1991 жылдың 6 қазанында Тальков сахнаға шығар алдында оққа ұшты.


Кеңес киносының ең танымал актерлерінің бірі, әйгілі «В бой идут одни старики» фильмін түсіріп, басты рөлін сомдаған Леонид Быковтың кейіпкерінің әр сөзі халық арасына цитата болып тарап кеткен. Жеңіс мерекесінде экранға шығатын осы киноны қанша көрсек те жалықпайтымыз бар. Актер «Аты-баты, шли солдаты» атты карти­на­дағы кейіпкерінің тағдырын қай­талаған. Кинода танктің астына түсіп қаза тапса, өмірде саяжайынан қайтып келе жатқанда жол апатына ұшырап қайтыс болған. Ол «Волга» автокөлігімен тұқым сепкіш трактордан озамын дегенде, техниканың ұзын шынжыр табаны көлігін сырып кетуінен қашып, қарсы беттегі жүк көлігімен соқтығысқан.


Орыстың ұлы актрисасы Нонна Мордюкова кинода жүздеген рөл сомдаған. «Русское поле» фильміндегі Федосия Угрюмованы өзі, ал баласы Филиппті өмірдегі баласы Владимир Тихонов ойнады. Сценарий бойынша шекарашы Филипп Даманск аралында қаза табады. Актрисаның өзі бір сұхбатында: «соңғы эпизодты, яғни шекарашыларды жерлеуді ойнау өте қиын болды. Владимир: «мама, мұның не, қасыңдамын ғой, бұл бар болғаны түсірілім» деп қасымда отырды» дейді. Кездейсоқтық па, тағдыр дейсіз бе, арада жиырма жыл өткенде Мордюкова шынымен де баласын кинодағыдай ақтық сапарға шығарып салды.


«Белое солнце пустыни» фильміндегі Петруха есіңізде ме? Абдулла мылтықтың ұшын сұғып, мерт қылатын еді ғой. Петруханы ойнаған Николай Годовиковті ком­муналдық пәтердегі көршісі шыны сынығымен жаралап, бір өлімнен қалған.
Голливудтің ең әйгілі жұбы болған Анджелина Джоли мен Брэд Питт бірге түскен соңғы фильмінде ара-қатынасы суыған ерлі-зайып­тыны сомдаған. Кейін өмірде де дәл солай болды. Көпбалалы ата-ана некесін сақтап қалуға қанша күш салғанымен, 2016 жылы ақыры ажырасты.
Енді комедияға келейікші. Әйгілі «Иван Васильевич меняет профессию» кинокомедиясында Шпактың пәтері тоналатын еді ғой. «Три магнитофона, три кинокамеры заграничных, три портсигара отечественных, куртка замшевая… три…» деп келетін фраза да көрерменге етене таныс. Қайсыбір жылдары кинодағы жағдай аумай-төкпей қайталанып, ұрылар Шпакты сомдаған Халық артисі Владимир Этуштың Мәс­кеу­дегі пәтерінің есігін бұзып, ақшасы мен қымбат бұйымдарын ұрлап кетті.


Сенсацияны құр жібермейтін орыс БАҚ-тары бұл оқиғаны біраз желпілдетті. Актердің шығынын есептеп, ұрылардың ешқандай із тастамай кеткенін жазды. Арада көп уақыт өтпей ұрылар «Құрметті Этуш мырза, сізді ренжіткіміз келмеген еді, бірақ ақша керек болды. Алғанымыздың бір бөлігін қайтардық, бізге өкпелемеңіз» деп хат қалдырыпты да, қымбат бұйымдардың жартысынан көбін қайтарыпты. Қалған заттар иесін тапты ма, ол жағы белгісіз, бірақ, өзіне деген осынша «құрметке» риза болған актер әрі қарай ұры­ларды қудаламапты.


Актер мамандығы небір аңыз­дармен, мифтермен қабысып кет­кені соншалық кейбіреулері мұндай сәйкестіктерге қолын бір сілтейді. Ырымдарға сенбейді. Таңдаған мамандығының шыңына шығу үшін солай ету керек те шығар. Кино мен өмірдің бір-бірімен астасып жатуы да біз сырын білмейтін бір тылсым-ау шамасы…

М.МЕРЕЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<