Саяси реформалар – сан сұрақтың жауабы

2205

0

Елімізде реформа тек саясатта ғана емес, барлық бағытта жүріп жатыр. Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында 5 бағыт белгіленген болатын.

Еліміздің жаңа экономикалық саясатына халықтың берген мағыналы бағасы тарихи сипатта болуы керек. Осы жерде бір сұрақ туындайды: тарихи саяси экономиямен қалай танысуға болады? Саяси экономияның көптеген мектептері бар және біз олардың тұжырымдарына жүгінуімізге болады. Негізгі сұрақ – жаңа экономикалық саясатты жүргізу барысында туындайтын нормативтік мәселелерді қоғам қалай қабылдайтындығымен байланысты. Мәселен, «Әлеуметтік әділеттілік» секілді басқа да ұғымдар тек қоғамда ғана емес ғалымдар арасындағы даулы мәселе болып табылады. Дегенмен, кез келген реформалық мәселені жүзеге асыру мен түсіндіруде қоғам мен билік арасында позитивті әрекет болғаны дұрыс.

Нақты секторды дамыту Қазақстан аймақтары экономикасының салалық деңгейде инвестициялау мүмкіндіктерін ілгерілету қажеттілігіне байланысты өзекті болып табылады. Бұл реформа бағытында қоршаған ортаға теріс әсерді ескере отырып, инвестициялық процестердің дамытушылық сипатын салалық деңгейде күрделі салымдар көлемін жоғарылата отырып дамыту қажет. Өйткені, қаржылық даму мен нақты сектордың өнімі арасындағы өзара тәуелділік экономикалық өсімге ықпал жасайды.

Баяу әрі тұрақты әрекеттер жетістіктерге әкеледі. Халықтың әл-ауқатын қорғаудың ұлттық жүйесін жан-жақты нығайту бір күндік жұмыс емес. Ол үшін уақыт, қайсарлық және ынтымақтастық қажет. Ел болашағына арналған стратегиялық инвестицияны қалыптастыру күрделі міндет болғандықтан процедуралар мен стандарттарды әзірлеуді, бүкіл ел көлемінде жұмысшы тобын жинау және жұмыстарын үйлестіруді, алдыңғы қатарда жұмыс істейтін қызметкерлер мен еріктілерді оқытуды талап етеді.

Әкімшілік құрылымдарды ұйымдастыру өте күрделі, бірақ мұны нашар жұмыстың себебі деп қарауға болмайды. Жаңа экономикалық және әлеуметтік күштер мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғыртуға қатысуы керек. Өз кезегінде мемлекеттік басқару құрылымдары кез келген өзгерістерге төтеп беру үшін жаңа шарттарға бейімделгенін дұрыс көреміз. Әрине, жаңғырту күштері әрқашан әдеттер мен мүдделердің күштеріне қарсы тұруға мәжбүр болады. Дегенмен, елге экономиканы түбегейлі реформалау қажет болғандықтан, әкімшілік құрылымдарын ұйымдастыру тоқтап калмауы тиіс.

Заң және тәртіп мемлекеттегі реформаны жүзеге асырудың кезекті қажеттілігі. Институционалдық экономикалық көзқарасқа сүйенетін ғалымдар жеке меншік құқықтарын тиімді жүзеге асыруға ықпал ететін экономикалық институттар мен саясат тікелей инвестициялардың жоғары деңгейін тартуда маңызды рөл атқарады деп санайды. Заң үстемдігін қамтамасыз ететін, сауда еркіндігін кеңейтетін және инвестициялау мен бизнесті жүргізудегі реттеуші кедергілерді азайтатын институттары бар елдерде ғана тікелей инвестициялар өседі. Демократияны нығайту, экономиканы ырықтандыру, адамдар мен инфрақұрылымға инвестиция салу және заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жылдам әрекеттер кез келген елді нығайтады.

Мемлекет басшысы жақында соңғы сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде елде жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығына тағы тоқталды. Бұл тұста Президент 8 мәселеге ерекше мән берді.

Сауда кедергілерін жою және сауданы ырықтандыру арқылы іскерлік белсенділікті ынталандыру жаһандық экономика саласының кеңеюіне әкеледі. Негізінен сауданы ырықтандыру сауда, еңбек және жаһандану арасындағы тығыз байланыстың құрылуына ықпал жасайды. Сонымен қатар, қазіргі Қазақстан мысалында білім экономикасы шарттарындағы төртінші индустрияның қалыптасуы мен дамуының алғышарттарын анықтау және талдау міндеті тұрған секілді. «Индустрия 4.0» аясындағы іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін жаңа индустриялық революция алаңы болып табылатын білім экономикасын дамыту қажет.

Азық-түлік өнімдеріне өсіп келе жатқан сұранысты өндірістік әлеуетті барынша арттыру арқылы қанағаттандыруға болады. Өндірістік әлеуетті барынша арттырудың өсіп келе жатқан қажеттілігі экономиканы дамытудың тиімді жолдарын анықтай алатын құралдарды әзірлеудің маңыздылығын көрсетіп отыр. Бұл кезеңде туындауы ықтимал мәселе жасалатын болжамдардың қателігімен сипатталады.

Инфрақұрылымды дамыту экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің бірі болып табылады және халықтың сапалы инфрақұрылымға үнемі өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыру үшін елеулі инвестицияларды талап етеді. Бүгінгі таңда сыртқы көздерден қаржыландыруды тарту үшін экономикалық тиімділікпен қатар әлеуметтік факторларды ескере отырып инфрақұрылым нысандарын салу мен пайдалануға жаңа тәсілдер қажет. Бұл тұста инфрақұрылымды дамытудағы ең маңыздысы көшбасшыларды өзгерту және инфрақұрылымның дамуына әсер ететін әкімшілік, экономикалық және әлеуметтік-саяси реформаларды қайта қарау саналады.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету кешенді тәсілді қажет етеді. Бұл мәселе тұтынушылар денсаулығы, азық-түлік қауіпсіздігін жақсарту және халықаралық сауданы жеңілдетуге қатысты өршіп келе жатқан сауал болып табылады. Тамақтанудың жеткіліктілігі немесе жеткіліксіздігі азық-түлік қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Сонымен қатар, бұл халық арасында теңсіздік туындатудағы қаупі бар екенін де ескеру қажет.

Мемлекеттік тиімді шығындар халықтың өмір сүруін қамтамасыз етуде және адам капиталының сапасын арттыру мен экономикалық дамуына әсер етуде маңызды рөл атқарады. Цифрлық экономиканы құру шеңберінде адами капиталдың сапасын арттырудың негізі қоғамда цифрлық интеллектуалды жүйелерді құру, енгізу және кеңінен қолдану болып табылады. Интеллектуалды талдау және модельдеу, шешімдерді қолдау жүйелері, географиялық ақпараттық жүйелерінде жасанды интеллект әдістері шешуші рөл атқара береді. Сонымен қатар, заманауи ақпараттық, коммуникациялық және цифрлық технологияларды жоғары білім беру процесінде пайдалану адами капиталдың сапасын арттырудың негізі бола алады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарды қолдау үкіметтің басты міндеттерінің бірі болуы керектігін, бұл ретте отбасыларға көмек көрсету, бала күтімі бойынша субсидиялар және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету керектігін атап өтті. Бұл әрекет еліміздегі әлеуметтік мемлекет тұжырымдамасына сәйкес келетін кезекті реформасы болмақ.

Адам құқықтары әмбебап түсінік болып табылады. Адам құқықтары барлық қоғам мүшелеріне және түрлі халықаралық қауымдастықтарға мүшелігіне қарамастан барлық елдерде қолданылады. Жалпы, құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асырудың көлемі мен тиімділігі бірқатар факторларға байланысты. Оның ішінде ең бастысы қоғамның даму деңгейінен көрінеді. Адам құқықтары тұрақты даму барысында қоғамдық қатынастардың динамикасын және азаматтардың құқықтық санасының өсуін көрсетеді. Сонымен қатар, адам құқықтары дәлелденбеген қағида және әлеуметтік символ емес. Адам құқықтарын абсолюттеу, шынайы өмір мен парасатты адамнан бөлуге болмайды.

Басқару органдарының тиімді қызметін толық қамтамасыз ету үшін басқарудың тәжірибелік тәсілдерінің негізін құрайтын мәліметтер мен стандарттарды үнемі жаңартып отыру қажет. Заманауи мемлекеттік басқаруда туындайтын мәселелердің үнемі өзгеріп отыруы биліктен шұғыл әрекет етуді талап етеді. Қазіргі таңда мемлекеттер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін деректерді басқаруға көбірек көңіл бөледі және бұл алдағы уақытта барлық елдердегі стратегиялық маңызды қызмет саласы болады. Сондықтан мемлекеттік басқарудың тиімділігі стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеруге ықпал жасайды.

Қорытындылай келе, еліміздегі реформалар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Оның тиімді жүзеге асуы тек билікке байланысты ғана емес, азаматтардың саяси санасы мен қатысуына да байланысты.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<