Самал Еслямова мен Сергей Дворцевой «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды

415

0

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында болып «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасын тамашалады.

«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы адамзат тарихындағы біртуар тұлғалардың болмыс-бітіміндегі жасампаз рух – балалық шақтан бастау алатын, жас ұрпақтың дүние танымына, жан дүниесіне, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін Абай ғұмырының бозбала кезеңін арқау етеді. Аталған қойылымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Еслямова жас Абайдың анасы Ұлжанның рөлін сомдады.

Спектакльден кейін алғашқы болып сөз тізгінін алған министр Ақтоты Рахметоллақызы қазақ сахнасына жаңа жас театр келгенін, жас болса да, талантты актер, актрисалардың өнеріне тәнті болғанын жеткізді. Сонымен қатар, театр бір адамның еңбегі емес, барлық ұжымның еңбегі екенін, енді осы Музыкалық жас көрермен театрының тұрақты көрермені болатынын, аталған театрдың болашағы жарқын болатынына сенімді екенін айтты.

Министр Музыкалық жас көрермен театрының актрисасы Самал Еслямованың қоржыны кезекті марапатпен толыққанын атап өтіп, Ресей кинематография өнері академиясының «Ника» жүлдесін табыстап, былай деп құттықтады: – « Құрметті Самал Ілиясқызы! Сізді бүгінгі марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! 2018 жылы көрерменге жол тартқан «Айка» фильмі көпшілік пен киногерлер тарапынан жоғары бағаланып келе жатқанына қуаныштымын. Расында бұл туынды кейіпкер өмірдегі күрделі сәттер арқылы бізге ой салып, жігерлендіреді. Талайлы тағдыр иесінің жағдайы көрген жанды толғандырады. Жан дүниесін бір ысытып, бір суытып, әлеуметтік мәселелердің өзектілігін жүрекке жеткізеді. Кино әлемінде кеңінен танылған Канн кинофестивалінен кейін осы «Ника» жүлдесіндегі «Үздік әйел рөлі» номинациясындағы жеңіс Сіздің бұдан да биік белестерге бастай беруіне тілектеспін. Лайым талғампаз көрерменді немқұрайды, жайбарақат қалдырмайтын фильмдеріңіз бен образдарыңыздың қатары арта берсін! Сіздерге зор денсайлық, толайым табыс пен шығармашылық шабыт тілеймін!» – деп, министр «Ника» жүлдесін табыстады.

Сонымен қатар, министр Ақтоты Рахметоллақызы театрымыздың жетекші актрисасы Самал Еслямова мен бірге «Айка» және «Тюлпан» фильмін ғана емес, барша қазақ өнерін Самалдың жеңісі де әлемге танылуына себепкер болған режиссердің де үлкен жұмысы екенін атап өтіп, ұлан ғайыр режиссерлік еңбегіне одан да жоғары шығармашылық табыстар тілеп, ресейлік режиссер Сергей Дворцевойға «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов министр Ақтоты Райымқұловаға алтын уақытын бөліп келгеніне алғыс айтып, жас театрға келіп ізгі ниетін білдіріп, жас артистерге ақ батасын беріп, қолдағаны үшін рахметін жеткізіп, өзінің де жас артистердің өнеріне тәнті болғанын былай жеткізді: «Жас та болса, көздерінде оты бар, жаны бар, кереметтей қаны бар өнерлі бауырларымыздың, қарындастарымыздың басын қосып ашып жатқан театрдың директоры, елімізге танымал театр режиссері Асхат Максимұлына алғысымды білдіремін. Тірі дауыс, домбыра, қыл қобыз, үрмелі аспаптардың тірі үндерін тек қана тірі дүниені бізге көрсетіп жатқан жалынды жастарымыздың бары бізді қуантады!» – деп, басқарма басшысы Нұрлан Баянғалиұлы өзінің шын қуанышымен бөлісті.

Шара соңында Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Асхат Маемиров алда келе жатқан 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен, 9 мамыр -Жеңіс күні құттықтап, келген қонақтарға алғысын білді.

«Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы сізге көп-көп рахмет! Біздің бір мәртебемізді көтеріп тастадыңыз. Театрымыздың жетекші актрисасы Самал Еслямова ханымның жақында жеңіп алған кезекті «Ника» жүлдесін өз қолыңызбен табыстап «Мəдениет саласының үздігі» медалімен марапаттап жатырсыз. Бұйыртса он шақты күннен кейін үлкен мереке «Мәдениет қызметкерлері күні» келе жатыр. Бүгінгі күнді соның бастауы деп білейік. Елдің рухын көтеретін – мәдениет екенін біз жақсы білеміз. Сондықтан, барлық халқымыз әлемді жаулаған інедеттен аман болып, екпесін алып, емін-еркін ән кештеріне, жыр кештеріне, театрдағы спектакльдерге келіп жүрсе, мен ойлаймын біздің еліміздің елдігі де рухы да биік болады деп! Жақсы күндерде кездесейік!» – деді, театр директоры Асхат Максимұлы.

Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек әртісі Бағдат Сәмеденова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева мен Дина Хамзина кеш қонағы болды.

Дереккөз: Turkistan.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<