Сауда мәдениеті: Тәртіпсіздік неден туды?

331

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен шұғыл жиналыста 25 қаңтар күні Қызылорда қаласындағы «ВІ Кызылорда» аяқкиім дүкенінде болған жағдайға баға беріліп, жауапты тұлғаларға шара көрілді. Жиынға қала, аудан әкімдері, жауапты мекеме басшылары қатысты.

Еске салсақ, аталған дүкен «Барлық аяқкиімдер 1000 теңгеден» акциясын ұйымдастырып, оған тұрғындар көп жиналған. Дүкеннің есігі мен ішкі мүліктерін қиратып, наразылық білдірген. Акциядағы жұртшылықтың іс-әрекеті әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, резонанс тудырды.

– Өте ұят жағдай, бұл аймақтың ақпараттық кеңістіктегі оң имиджіне кері әсерін тигізді. Біз өз тарапымыздан мұндай шаралардың алдын алу үшін жұмыс жүргізіп келеміз. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Қызылорда қаласында «40 қазан палау» акциясы ұйымдастырылып, ол туралы жарияланған ақпараттар біразға дейін талқыланды. Бұрын да қатаң ескерткенмін, мұндай акцияларды ұйымдастыруға ниет білдірген кәсіпкерлер қала, аудан әкімдігіне алдын ала хабарлау қажет. Құзырлы органдарда көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі бар, сондықтан жаппай төбелеске жол бергеннен гөрі, адресті түрде көмек көрсеткен дұрыс.

Егер өрт немесе басқа төтенше жағдай бола қалса, адамдар бір-бірін таптап, сауда үйінен сыртқа шыға алмай қалуы мүмкін еді. Алдағы уақытта осы жағдай барлығына сабақ болып, алдын алу шараларын үнемі назарда ұстауы тиіс. Бұл жерде қала әкімшілігі тарапынан тиісті бақылау болмаған, – деді аймақ басшысы.

Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязовтың баяндауынша, дүкен иесі жаңадан кәсіп бастағандықтан, науқан жариялаған, сол жерде жаппай тәртіпсіздік орын алған. Құқық қорғау және прокуратура органдары көпшілік іс-шараларды өткізу тәртібін бұзған кәсіпкерді заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартады.

Аймақ басшысы қала әкіміне кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуді, жалдамалы ғимаратты пайдалануға берген сауда үйлерінің басшыларымен мәжіліс өткізіп, қатаң ескертуді тапсырды.

Жиналыс қорытындысы бойынша, облыс әкімінің бірінші орынбасары мен қала әкіміне жұмысқа жақында тағайындалғандықтан, ауызша қатаң ескерту жасалды. Қала әкімінің салаға жетекшілік жасайтын орынбасарына қатаң сөгіс түрінде жаза қолданылды. Осындай жағдайға жол берген қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының қызметіне сәйкестігі қаралмақ. Бақылаудың жоқтығынан болған кемшілік үшін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы сөгіс алды.

– Кәсіпкерліктің кең қанат жаюы үшін мемлекет барлық мүмкіндікті жасауда. Кәсіп иелерінің жұмысына кедергі келтірмеу керек, өйткені бұл жұмыс көзін, салық түсімін қамтамасыз етеді. Дегенмен аудандық, қалалық кәсіпкерлік бөлімдері белгілеген талаптар сақталып, тәртіпке бағынған жөн.

Бүгін шұғыл түрде шағын және орта, ірі кәсіпкерлік нысандарының, дүкен, базарлардың иелерімен кездесу ұйымдастырып, мұндай акцияларға жол бермеу қажеттігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіздер. Қандай да бір акция ұйымдастыру туралы хабарлама анықталған жағдайда, дереу полиция басқармасымен (бөлім) бірлесіп, заңға сәйкес шаралар қабылдануы тиіс, – деді аймақ басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<