Шәкәрімтанушы шәкірт

869

0

Қазалы ауданы, М.Матаев атындағы №170 орта мектебінің 7 сынып оқушысы Гүлназ Жеңісбекқызы Астана қаласында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен ZOOM платформасы арқылы өткізілген «Шәкәрім оқулары» байқауында бақ сынап, жартылай финалға шыққан болатын.

Ал 27 наурызда Астана қаласында оффлайн түрінде өткізілген ақтық сайыста жүлделі 2 орынды иеленіп, Сыр бойының абыройын қорғап шықты. Шәкәрімтанушы шәкірт «Абай» атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қоры атынан «М.Әуезов – 125 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.

Айта кетейік, осыған дейін Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен  Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай өткен «Шәкәрім оқулары» байқауында қала және аудан мектептерінен қатысқан 187 баланың 9-ы іріктеліп, бақ сынаған еді. Олардың барлығы ақын өлеңдерін  жатқа оқып, өмірбаянымен таныс екенін байқатты.  Шарт бойынша сынға түскен үміткерлерге ақынның таңдалып алынған прозалық шығармаларын мәнерлеп оқу және кез келген жерінен жалғастырып әкету, сондай-ақ, өмірі мен шығармашылығына арналған сұрақтарға жауап беру, берілген өлең шумақтарын талдап, мән-мағынасын түсіндіру талабы қойылды.

Қорқыт ата университеті профессорлары Ұ.Жанбершиева, А.Айтбаева және ақын, журналист Ғ.Әбілдаева қазылық еткен байқау қорытындысымен бас жүлдені Қазалы ауданының М.Матаев атындағы №170 орта мектебінің 7 сынып оқушысы Гүлназ Жеңісбекқызы, 1-орынды Қызылорда қаласы №43 Ж.Махамбетов атындағы орта мектебінің 7 сынып оқушысы Сезім Асқарқызы, 2-орынды  Жаңақорған ауданы, Қыраш ауылының №180 мектебінің 7 сынып оқушысы Шұғыла Зайділла, 3-орынды Шиелі ауданы №251 М.Әуезов атындағы орта мектебінің 7 сынып оқушысы Жігер Ержанұлы иеленген еді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<