Смарт жобалардың жөні бөлек

543

0

Мұнай скважиналарының сулану деңгейінің жоғары болуына орай облыста мұнай өндіру көлемі жыл сайын кеміп келеді. Ағымдағы жылдың алты айында өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 250 мың тонна мұнай кем өндірілді.  Соның салдарынан облыстағы өнеркәсіп өнімі көлемі төмен болды. Әйтсе де басқа барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша облыс­та оң динамика қалыптасып отыр. Ал өңдеу өнеркәсібінде өсім 0,5% құрады. Индустрия­ландыру бағдарламасы аясында облыс экономикасын әртараптандыру жалғасып келеді. Соның арқасында жүзеге асырылған 22 жобаның 16-сы бүгінде толық қуатында жұмыс істеуде.

Өңірлік коммуникациялар  қызметінде осы жылғы 6 айдың қорытындысына арналған брифингте облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким журналистерге осындай ақпарат жеткізді.

2018 жылдың 6 айында іске қосылған жобалар 11.2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, табыс өткен жылдың ұқсас кезеңі­мен салыстырғанда 30,2%-ке өсті. Оның ішінде, өңдеу өнер­кәсібінде 7,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылға қарағанда 40%-ке өскен. Е.Ким Индустрияландыру бағдарламасы аясында облыста қазіргі таңда 6,2 мың жұмыс орнын құратын, жалпы құны 620 млрд теңгелік 26 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүріп жатқанын айтты. Биыл жыл соңына дейін үш ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр.

Осы жылдың 1 шілдесінде облыста тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 51753 болды. Биылғы жылы облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жол картасын жүзеге асыруға бөлінген 32 млрд теңге қаржының 3 млрд теңгеден астамы «Стартап» жобаларына бағытталды. Мұнан бөлек, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы  шеңберінде микрокредиттер беруге 2 млрд 89 млн теңге бөлінсе, 224 жоба жалпы құны 200 млн теңге болатын қайтарымсыз грантқа ие болды. Бүгінге дейін «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 796 адам оқу курсынан өтіп оның 704-і бизнес жобаларын қорғап шықты.

Облыс әкімінің орынбасары биылғы  жарияланған кәсіп­керлікті қолдау жылы тағы да екі жылға ұзартылып отырғанын айтып, бизнес өкілдеріне қолайлы жағдайлар жасау, кедергіні азайту бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.

Брифингке қатысушы БАҚ өкілдері аймақта туризмді дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде ақпараттар алды. Туристік индус­трия саласында кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдайлар қалыптастыру мақсатында Қызылорда туристік ассоциациясы құрылып отыр. Қазақстандық туристік ассоциацияның келісі­мімен біздің облыстан 15 туристік маршрут бекітілді. Жыл басынан бері Қызылорда облысына келген туристер саны 12 мың адамнан асты. Бүгінде облыста 90 қонақ үй, 2 санаторий, 41 демалыс орны, 9 балаларды сауықтыру лагері жұмыс істейді. Тек соңғы бес жылда облыста 33 қонақ үй пайдалануға берілген.

Облыс әкімінің орынбасары бюджет қаржысын үнемдеуге мемлекеттік-жеке әріптестік оң әсерін тигізетінін тілге тиек етті. Облыста бүгінде МЖӘ бағытындағы 75 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олардың құрылысына салынатын инвес­тиция көлемі 30 млрд теңгеден асады. Қазіргі күні мемлекеттік жеке әріптестік шеңберінде 18 жоба бойынша келісімдерге қол қойылған.

Брифингте журналистерді қызықтырған тақырып цифр­ландыру болды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасы және «Smart city» концепциясы шеңберінде биыл Сыр өңірінде цифрландыру бойынша жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайтын 37 жоба іске асырылу үстінде. Бұл жобалар 8 бағытты құрағанмен,  білім беру, денсаулық сақтау, көлік қатынасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және адамдардың қауіпсіздігі басым бағыттарға ие болады.   

Мысалы, облыстың барлық медициналық ұйымдары Ке­шенді медициналық ақ­параттық жүйесіне қосылып, пациенттерді қабылдау «Дамумед» мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Осы жылғы 1 шілдеден бастап медициналық ұйымдарды «қа­ғаз­сыз құжат айналымға» көшіру бойынша жұмыстар басталды. Болашақта облыс тұрғыны республиканың қай түкпірінде жүрсе де, электронды медициналық картасымен дәрігерге көріне алады. Сол секілді сәби дүниеге келгеннен үйге шығарғанша оған туу туралы куәлік, балабақша кезегіне қою және әлеуметтік жәрдемақы беру жөніндегі құжаттар дайын тұратын болады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында «Ақылды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» жобасын іске асыру үшін мәліметтерді жіберу, есепке алу құрылғысымен жабдықтау бойынша  бірнеше көпқабатты үй анықталды. Олар үйді есепке алу құрылғылары арқылы таңдалған үйлердің көрсеткіштерін өндірістік интернет арқылы жұмыс істейтін «Е-шаңырақ» бірыңғай интеллектуалдық жүйесіне жолдап отыратын болады. Барлық төлемақылар бірден есептеліп және күн райына байланысты жылу температурасын өзгертіп тұруға мүмкіндік туады. Бұл коммуналдық төлемді үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қоғамдық көліктерде билетсіз жүйе енгізілмекші. Жол ақыны карточкамен, телефонмен тіпті SMS-пен төлеу мүмкіндігіне қол жеткізіледі. Автобус күткен жолаушылар аялдамадағы таблодан оның қай жерде келе жатқанын біле алады. Ал қала қауіпсіздігі мақсатында подъездерге, көшелер мен алаңдарға орнатылған бейнебақылау ка­мер­а­ларының барлығы ішкі істер мекемелері бақылауында.

Брифинг соңында Е.Ким журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Ы.Тұрлығұлов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<