Ата кәсіптің білгірі

449

0

Ата-бабамыз әлімсақтан ата кәсіп санаған қой шаруашылығы ешқашан өз маңызын жойған емес. Ол хандық пен патшалық, онан қалды кеңестік дәуірде де өз бағасын жоғалтқан жоқ. Қазір де солай. Сондай – ақ халқымызда «Дихан жұмысы – жерге қар түскенде, шопан тіршілігі – мәңгілік тыным тапқанда бітеді» деген тәсміл де бар. Яғни шопан жұмысында он екі ай – жыл бойына бір тыным болмайтындығынан хабар берсе керек. Жылқы мен түйе бағатындардың жұмысын  қой бағатын шопан жұмысымен  мүлде салыстыруға келмейді. Шынында да осы ауырлыққа шыдағандар ғана шопандықты кәсіп еткен. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де бүкіл саналы ғұмырын ата кәсіпке арнаған марқұм, ауылшаруашылық саласының үздігі, «Ленин» орденді шопан Мәден Мырзахметов Садуақасұлы.

Мәден ағаны сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысында Кеңқорықта өткен шопандар тойында алғаш көргенім есімде. Сол жылы ауданға ҚСРО халық әртісі, халқымыздың ерке қызы Роза Бағланова келіп, осы шопандар слетіне қонақ болып қатысып, ат үстінде отырып халық әні «Қыз қуу» әнін орындаған болатын. Сонда Роза Тәжібайқызының астындағы ат осы Мәден ағаның  шағыр көз су төгілмес жорға аты болатын. Мұнан кейін арада онжылдан асқанда аудандық атқару комитетінде жұмыс істеп жүргенде жиі кездестік. Дастархандас болып, үлкен ағаға шәй құйып қызмет еттік. Оның атында «Бірлік» кеңшарының орталығында ашылған «Мәден» мектебінде болып оның жас шопандарға өзінің өмірлік тәжірибесін үйреткен сабақтарына да қатысқаным есте. Ол тек мал бағуды ғана үйретіп қана қоймай осы жиынға кеңшардың өзге де атақты шопандары Рәш Мырзахметов, Ермек Әділбеков, Омар Нәлібаев т.с.с. шақырылып тәжірибе алмасатын. Осы мектепте  тыңдаушылар  ветсанитарлық пен  қолдан ұрықтандырушы (осименатор) мамандықтарының әліпбиін оқып үйренетін. Қыраш ауылында тұратын нағашым Әнешбек Баетовтің үйінде 2-3 рет Мәден ағамен кездесудің сәті түсіп, дастархандас болып сұхбат құрып, недәуір әңгіме шертіп, осы бір шашын тықырлап алғызған, атжақтылау келген дөңмұрынды ақсары ағаның өміржолымен пұшпақтап танысудың сәті түскен еді.

–Мен 1926 жылдың қаңтарында «Политотдел» артелінде  орта шаруа отбасында дүниеге келіпін. Жастайымнан ауыл молдасынан сауат ашқан әкем Садуақастың үлкен ағасы Ілияс жәкем заман ағымын дер кезінде бағамдап алғашқылардың бірі болып кеңес өкіметінің бағытын қолдаған жан болатын. Ол кеңес өкіметін орнау барысында алғашқы активтердің бірі ретінде көпке белгілі бола бастаған. Отызыншы жылдары Жаңақорған ауданы мен Шиелі ауданының бірінші бірігуі кезінде іске алымды Ілиясқа аудандық партия комитеті сенім артып Шиелі аумағындағы  «Төңкеріс»  артеліне  партком хатшысы қызметіне жіберіледі. Жаңа жерге ауысқан Ілияс өзімен бірге бізді –ағасы Садуақастың да отбасын көшіріп әкетеді. Онда бара салысымен әкем бір отар қой алды. Үнемі алыста  мал бағудың соңында жүріп үлкендер менің мектепке баруым керектігіне мән бермейді.  Жасым тек онға толғанда ғана мектеп табалдырығын аттадым. Сол жылы ғана қолыма өзімнің 1929 жылы туылған деген туу туралы куәлігін алдым. Бірақ  ол кезде куәліктегі жас айырмашылығына мән бермеппін де, – деген Мәден Садуақасұлы үнсіз отырып қалып еді. 

Жаратылысынан көп сөйлемейтін бостекі сөзге әуестігі жоқ Мәден ағамен 3-4 сағат бірге отырып жібектен қыл суырғандай суыртпақтап отырып біраз жайға қанықтым

Мәкеңнің айтуынша ол бесінші сыныпты бітірген жылы неміс фашистерінің сұрапыл сойқаны басталып, ереесек азаматтар әскерге аттанып, бозбала жігіт шопан таяғын қолына алады. 15 жасынан әкесіне көмекші шопан атанды. Қақаған қыс пен аптап ыстықта шекесін күн тесіп,табанына Сырдың шөңгесі кіріп, таудың қара тасы батып, масасы талады. «Бәрі – Отан үшін, бәрі – жеңіс үшін» деген ұранмен таң таласа тұрып, ел орынға жайғасқанда ғана тыным тапты. Анасы марқұм жүн түтіп,оны иіріп майдандағы жауынгерлерге қолғап пен мойыншалғы тоқыды. Қой терісін илеп одан тон мен қолғап тікті. Ол кезде тәртіп қатты, өлдім десең су бермейді. Тапсырылған жоспар қалайда орындалуы керек. Осындай өлермен еңбекпен жүріп Ұлы Жеңіске жетіпті. 1946 жылы әкесі Садуақас ауыр науқастан қайтыс болып, Мыңбұлақ деген жерге жерленеді

1947 жылы Мәден Садуақасұлының отбасы ата бабасының туған топырағына қазіргі Қыраш ауылына «Қызылмақташы» колхозына оралады. «Қызылмақташыға» көшіп келгеннен кейін ол жұмысшы болып қабылданды. Жұмысшы бола жүріп соғыс кезінде үзіліп қалған оқуын жалғастырып  білімін жетілдірді. 1950 жылы оны әскер қатарына шақырып үш жыл Красноводск қаласында құрлық әскерлері бөлімінде әскери борышын өтейді. Осы кездері Мәденнің ауылда жүргенде өздігінен білім жетілдіргенінің пайдасы тиіп, кіші командирлер дайындайтын арнайы курсқа жіберіліп үш ай оқып сержант шенімен взвод командирінің орынбасары болып қызмет етеді. Мінсіз қызмет атқарғаны үшін бірнеше рет әскери бөлім басшыларының мақтау грамоталарымен марапатталады. Коммунистік партия қатарына қабылданды, бұл оған көрсетілген жоғарғы сенім болатын.

1953 жылы әскерден оралысымен Аққұм бекетіне теміржолға жол бақылаушысы болып еңбек жолын жалғастырады. «Бас екеу болмай –мал екеу болмайды» деген қағиданы ұмытпай 1954 жылы өзі Шиеліге барып жүргенде танысқан Бану Райымханқызы есімді арумен бас қосып түтін түтетеді. Бану Мәденге адал жар ұл-қыздарына ардақты ана болып кездесті. Қай кезде көрсеңде қараша үйі тап тұйнақтай жинаулы, самауыры қайнаулы, дастарханы берекелі жан болып кездесті. Жас отау 1955-1957 жылдар аралығында жаңадан ашылып жатқан «Политотдел» колхозына барып  Бұйра баба деген жерде егіс егіп еңбек етті. Бірақ 1957 жылы Үкімет қаулысымен майда колхоздар тарқатылып кеңшарларға бірікті де, олар қайтадан 7-8 отбасы қалған Қырашқа қайта көшіп келді. Қыраш «Бірлік» кеңшарының бөлімшесі болып қайта құрылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын көшіп кеткен ағайынның дені қайта оралып көшіп келді.  Сол жылы Мәден ата кәсіп шопандықты қабылдап алып, 1985 жылға дейін, денсаулығы сыр бергенше ата кәсібінен қол үзген жоқ.

Бала күнінен әкесінің қасында жүріп, шопандықтың қыр-сырын меңгерді,  тылсым табиғатпен үнсіз сырлас болып өскен Мәден қойларының қалың  шытыр мен жусанды жеп тойынғандағы жусап жатқан кездерін ерекше тамашалайтын. Таң алакөбеден тұрып ел орынға отырғанша малға қарайтын Мәденнің еңбегі еш кеткен жоқ. Күзді күні мал күйекке семіз түссе төлдің көп болары да белгілі. Оның қойлары күйекке келгенде ерекше қоңдылығымен ерекшеленді. Малды осылай бағу оның өмірлік кредосына  айналды.  Келер жылы – ақ нәтиже көрінді.  Төл алу жөніндегі міндеттемесін 135%-ке орындап, мемлекетке жүн өткізуде де алдына жан салмады.  Алғашқы атақ пен абырой биігінен көріне бастады. Сол жылы – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.  

Міне осы жылдардан бастап Мәденнің абыройы асқақтап жыл сайын қабылдаған социалистік міндеттемелерін 140- 150 %-ға орындады. Яғни  қарауындағы  аналық малдың әр жүзінен 150-170-тен төл алып, алынған төлдің 70%  өсімге қалдырды, мемлекетке өткізген қаракөл елтрісінің 83% пайызы бірінші сортты болды. Әрбір қойдан 2,5- 3,0 кг аралығында жүн қырқылды, мал шығынына жол бермеді. Еткен еңбек еш кеткен жоқ  1959 жылы бүкілодақтық халықтар жетістігі көрмесінің күміс медалымен, 1960 жылы алтын медалымен  марапатталды 1961 жылы «Құрмет белгісі» ордені оның көкірегінде жарқыраса, 1963 жылдың 6 қыркүйегіндегі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен ол «Құрмет Грамотасына» лайықты деп табылды. 1983 жылы облыстың «Таңдаулы шопаны» номинациясын жеңіп алды. 1966 жылы Отанның ең жоғарғы марапаты «Ленин» орденімен марапатталды. 1970 жылы «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», 1985 жылы «Еңбек ардагері» медалы кеудеіне көрік берді. Бұл оның өлшеусіз еңбегі мен маңдайтерінің лайықты бағасы еді десек қателесе қоймаспыз. Мәден бірнеше рет Бүкілодақтық халықтар жетістігі көрмесініңарнайы алтын, күміс медалдарымен, облыстық, аудандық партия комитеттері мен аудандық ауылшаруашылығы басқармасы мен бөлімдерінің, кәсіподақтар комитеттерінің грамоталарымен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ол бірнеше рет аудандық, облыстық патия конференцияларына делегат болып қатысты. Ауыл халқы оған зор сенім артып алғашқы жылдары ауылдық Кеңестің, кейін аудандық Кеңестің депуттаттығына сайлады.  1962 жылы Жаңақорған ауданы Шиелі ауданымен бірігіп Шиелі ауданы атанды. Аудан халқы Мәденге зор сенім артып 1963 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің  депутаттығына  сайланды. Ол сайлаушылар аманатына  адал болды. Қажет кезінде халық қалаулысы ретінде  облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Б.Ықсановтың, ал 1964-1966 жылдар аралығында  Қазақстап Компариясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың алдына да кіре алды. 

Оның сайлаушылар аманатына адалдығының бір көрінісі сол кездегі облыс басшысы Мұстақым Біләлұлы Ықсановпен арасындағы жақсы сыйластықта да жатса керек. Мәкең осы сыйластықты пайдалана жүріп Қыраш ауылына бастауыш мектеп орнына жаңадан сегізжылдық  мектеп ашуға рұхсат алып, мектеп құрылысы басталды. Келер жылы мектеп пайдалануға беріліп, ауыл балалары бұрынғыдай орта метебі бар ауылдардағы тамыр-танысы мен ағайындарының  үйлерінде жатып оқымайтын болды. 

Осы жылдары облыс басшысы М.Б.Ықсанов кезінде ауданның тарап Шиелі ауданына  қосылып кеткендігіне орай, Жаңақорған ауданын қайта аштыру жөнінде ауданнан шыққан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес депутаты  Мәден Мырзахметовпен көп ақылдасты. Мұның үстіне СОПК  Орталық Комитетінің халықты азық түлікпен қамтамасыз ету мақсатында бос жатқан жерлерді игеру мен оған халықты қоныстандыру жөніндегі 1963 жылғы Қаулысы да себеп болды. Ол Мұстақым Білілұлымен бірге Қазақ ССР Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың алдына кіріп мәселе қойып, ауданды қайта ашудағы басты мақсат, оның елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әл ауқатының артатындығын дәлелдеп, тиімді жақтарын көрсеткен жазбаша ұсыныстарын қоса тапсырады. Олардың бұл ұсынысын қолдаған Димаш Ахметұлы тікелей  СОПК Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л.И.Брежневтің  алдына кіріп оның қолдауын алады. Міне осылайша  1966 жылдың аяғына таман Жаңақорған Шиелі ауданынан  қайта бөлініп өз дербестігін алады. Бұл оның қайраткерлігінің бір көрінісі болса керек.

 Мәкең туралы әңгіме қозғағанда, оның ауылдастары Мәденнің еңбекқорлығы мен зерделілігі, адамға деген қайырымы көп, қоғам мүлкіне жеке дүниесіне қарағандай қарайтындығын, төзімділігін айтып тауыса алмайды. Солардың бірнешеуінің  Мәкең туралы айтқан естеліктеріне құлақ түрсек. 

Сонау жетпісінші жылдары үйлері көрші қатарласа қоңсы қонып қой баққан Әбдіманап Шаханов қария айтады:

 –Мәкеңнің ерекшелігі жаз бен күз айларында малды түнетіп бағатын, кешқұрым ел жатарда малды тосатын.  Малды түнетіп баққанда өрістен келген малды бір суарып алып түнделетіп қайта жаяды. Өйткені күндізгі ыстықта мал көп жайылмай жата береді, ал түнемелікке жақсы жайылады. Енді мал тосу дегеніміз кешқұрым мал қораға кіріп жайғасқаннан кейін  араға 3-4 сағат салып оны өргізіп қораның екінші жағына қарай ауыстырып жатқызады. Осы кезде сиген малдың сідігі сол жерде қалады да мал таза жерге жатады, мұны малды тосу деп атайды. Мұндай таза жерде жатқан малдың үсті садыра болмайды. Сондай – ақ қысты күндері уақ малда қибаспақ деген ауру болады. Бұл іші тазартылып көңі алынбаған қораларда болып,  көң қалыңдап қойлар бауыры іріп өледі. Соған орай тәжірибелі шопандар күндіз қорадағы қиларды жер-жерге бөліп үйіп жинайды да кешке  малды жатарда бір өргізіп қайта кіргізеді.  Мәкеңнің мал суару әдеті де ерекше болатын. Жазды күні тауда мал суарғанда тау өзенінің  ағынына қарсы жүргізіп суаратын. Жауын шашынды жылдары  жайылымда алаң деген улы шөп өседі. Сол алаңды таңертеңгі шыққа малынған кезінде жеген мал өліп қалады. Шық кепкеннен  кейін алаңның уы зиянсыз екенін білетін Мәкең малды шық кепкеннен кейін өріске шығаратын.Қысқа қайырғанда, біз малды бағуды сол кісіден үйрендік десе, автокөлігімен малшыларға  азық-түлік пен малдың жем шөбін тасыған Әбдіхан Әділбеков былайша еске алады:

 – Кеңшар басшылары мал бағуға ат береді ғой. Мәкеңде де ат болды, бірақ оны малға мінді деген ғана аты болды. Шындығында Мәкең атты таңертең өріп ұзап кеткен малдың соңынан жеткенше ғана мінетін. Малға жеткеннен кейін шылбырдың бір ұшын беліне байлайтын да мал соңынан өзі жаяу еретін де кешқұрым сол атын жетектеген күйі үйіне келетін. 1963 жылдың аяғы мен 1964 жылдың басы қатты суық болып, жерге 50-60 см қалыңдықта қар түсті, уақ мал қорадан шықпай қалды. Мал қораларындағы азын аулақ жем-шөп таусылып шопандар қатты қиналды. Бірақ Мәкеңнің шөбі таусылған жоқ. Жыл басынан шөпті үнемдеп беріп, мал шығынына жол бермеді. Бір мезгіл малды тысқа шығарып қорадан 300 метр жобасындағы құдықтан суарып, қайта кіргізеді. Сондай бір күннің бірінде  мал су ішіп жатқанда ауа райы күрт бұзылып боран соғып, мал ығып кетеді. Мал соңына ілескен Мәденге ыққан мал жөнге жүрмей кете барады. Дес бергенде осы күні Қыраштың жиырма шақты адамы Алдаберген деген қожа жігіттің тракторының тіркемесіне мініп Бірлікке батаға барып қайтып келе жатады. Жолшыбай Мәденнің құрдасы Сауранбай Баубеков Қыраштан 1,5-2,0 шақырым шамасындағы «Мұрынбұзар» деген жердің тұсынан бір қарайғанды көріп қалып, қасындағы серіктеріне айтады. Дереу  трактордың басын сонда бұрып қарайғанға қарсы жүреді. Жақын келгенде оның бір отар қойымен ығып келе жатқан Мәден екенін көреді. Бет қаратпас боранда ыққан малды барлығы жабылып қайырып трактор тіркемесінің ығына ешкілерді жинастырып екі сағаттан астам арпалысып жүріп Қырашқа жеткіздік. Сонда бөтен біреу болса ыққан малды тастап бассауғалап кететінін білесіздер, ал Мәден аға малдан айырылмай оларды ықтасынға қарай бағыттаумен болған. Бұл көзсіз ерлік қой, – деп еріксіз тәнті болатын.

1960-1992 жылдар аралығында алғашқыда Бірлік ауылдық ауруханасында отгон  фельдшері кейін ширек ғасыр бас дәрігер болған Әлімхан Баубеков былайша еске алады:  Мәден аға тек жақсы шопан ғана емес, ат бабын білетін атсейіс те еді. Менімен қатар Үсен есімді інісі болатын, марқұм ертерек қайтыс болып кетті. Өзі менің Сауранбай есімді соғыс ардагері ағаммен тұстас, Мәкеңмен аралары 1-2 жастан аспайды, қатты сыйласатын. Сол ағам мен Мәкең екеуі Үсен мен маған екі ат алып берді. Үсен екеуміз ат жарыстырамыз. Кейін екі атты Мәкең бәйгеге дайындап Үсеннің «Әлмаштың қызыл көгі» атанған аты бірінші, ал менің атым екінші болып келді. Кейін де сол ат бірнеше жыл бәйге басын ешкімге берген жоқ. Ал 1967 жылы шағыр көз су төгілмес жорға атын кеңшар директоры Жанділла Нұрмағанбетовтың өтінішімен КСРО халық әртісі Роза Балановаға сыйға тартты. Бұл оның ашыққолды азаматтығынан хабар береді.

Қолы ашық еді дегеннен шығады, Мәкеңмен көрші отырып қатар мал баққан, бұл күндері сексеннің сеңгіріне шыққан еңбек ардагері Бөрібек Бердісүгүров ақсақал былай дейді:

 – Алпысыншы-  жетпісінші жылдары жағдайымыз түзелді дегенімізбен әлі де болса ауылда қоңторғай тіршілік кешкен отбасылар жетерлік еді. Атам қазақта «жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген керемет сөз бар. Мәкең осындай құрметке лайықты жан болды. Ол қолындағы барын тұрмысы төмен отбасылармен бөліскенді жақсы көретін. Оларға жылына 2-3 рет сойысқа мал беріп жіберетін. Сондай – ақ кейбір отарлар шопан жоқта теміржол бойына жайылып рельске  шығып кетіп пойыз доңғалағының астына түсіп 40-50 кейде жүздеген қой қырғынға ұшырайды. Басшылар шопаннан мемлекет малын түгелдеуді талап ететін. Сондай сәттерде Мәкең сол маңдағы ағайындарға «ағайындар, мына бауырымызға көмек беріп жіберейік» деп өзі бас болып жеке малы есебінен 10-15 қойын бергенін талай көрдік. Ол Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес депутаты ретінде Алматыға кезекті сессияға барған сайын жоғарғы оқу орындарында оқып жүрген ауылдың студент жастарының басын қосып, бір мейрамханада оларға тойдыра тамақ әперіп, соңынан әрқайсысының қолына ақшалай қаражат беріп кетіп отырған.  Сондай – ақ 1961 жылдары Тәжікстаннан біраз ағайындар көшіп келді. Ешқайсының малы жоқ. Сонда Мәкең  төрт үйге төрт бұзаулы сиыр бергенінің куәсімін.   Мұндай жанды қалайша қайырымды жан демеске.

Мақаланың бас жағында Мәкеңнің таңертеңнен кешке дейін жаяу жүретін жансебілдігін айтқан едік. Енді оның шаршауды білмейтін төзімді болғандығының куәгері,  бөлімшенің автокөлік жүргізушісі болған Асан Мақашұлы төмендегіше еске алады.

–1973 жылдың ерте көктемі. Мен уақытша кеңшар директоры  Әлайдар Қалқожаевтың қызметтік автокөлігін айдап жүргенмін. Директормен ертелетіп Мәкеңнің қыстауына жеттік. Мәкең қыстай қазіргі «Қожакент» ауылдық округіне қарасты Үйсін деген жерді қыстап шыққан. Мал төлдету науқанының жақындап қалған шағы. Соған орай Үйсіннен малды бергі бетке Қыраштың жоғарғы жағындағы Қайнар деген жерге айдап көшірдік. Сол күнгі қарасуыққа қарамастан Мәкең малды ерте таңертеңнен айдап шығып, ел орынға отыра  Қайнарға жетіп тоқтады. Менің сондағы таң қалғаным  50 шақырымнан асатын жолда ең болмағанда жетегіндегі атқа бір мінбеді. Біз Әлекең екеуміз де малмен қатар жүріп отырып, тек мал Қырашқа жақындағанда ғана алға оздық .

Екінші бір жағдай мынадай болды. 1983 жылдың жазы, таудағы Шырағданның етегіне бөлімшеден артына косилка, тарма сүйреткен 5-6 трактор мен екі автокөлік мінген 7-8 адам  бөлімше малына шөп дайындау үшін келіп ат басын тіредік. Арамызда аспазымыз жоқ. Бөлімше бастығы Шүкірбек Жұмабаев  соңымыздан жіберетін болып уәде беріп қалған.  Түсте аш қалдық.  Бұл кезде Мәден ағаның қонысы осыдан үш шақырым жерде екен. Оны біз білмейміз. Біздің жағдайымызды қой соңында жүріп байқаған Мәкең түс қайта бір атты жігітті жіберіп барлығымызды үйіне шақырыпты. Жаппарқұлда жан барма, құстай ұшып жеттік. Келсек тыста қазан қайнап жатыр. Сөйтсек Мәкең бір марқаны сойдырып етін түгелімен қазанға салдырған екен. Кең  сарайдай боз үйінің ортасында жаюлы дастархан, үш-төрт жерде қолдың майы. Марқа қозының бал татыған етін жеп, Бану жеңгеміздің сүт қосқан қою шайына қанып қосымызға қайттық. Біз көлікке мініп жатқанда Мәкең келіп:

 – Жігіттер аспаздарың келгенше үйге келіп тұрыңдар. Енші бөліспеген қазақтың баласымыз ғой, пейіл жетсе тамақ жетеді, – деп шығарып салды. Қысқасы біз 10 күн бойы Мәкеңнің үйінде тамақтанып жүрдік.

Мәден ағамыз бен Бану жеңгемізді құдайдың өзі қосқан жұп еді. Қазақта  келін болмысына зор мән беріп «алғаның адал болсын» деп келінінің жақсы болмағынан үмітті болған. Ана тілегінен шыққан инабатты да сабырлы, жүзінен иманы төгіліп тұрған  дастарханды, жөн-жосықты жақсы білетін сарамжал келін, Мәкеңе адал жар, ұл қыздарына мейірімі мол абзал ана болды.  Бану қай кезде болмасын үй тазалығы мен ыдыс-аяғына шық жуытпайтын ұсынақты жан болды. Мәкеңнің және ұл-қыздарының киген киімдерінің таза және жарасымды болуына баса назар аударды. Қай кезде, қандай қонақ келсе де жарқын жүзбен күтіп, ас-суын беріп аттандыратын. Оның осындай ұсынақтығын көрген көршілес шопандардың әйелдері де тазалықты үйренді, одан тәлім алды. Бану жеңгеміз он құрсақ көтерді. Мәкең екеуі оларға сапалы білім берді. Олар мектепте оқып жүрген кезден –  ақ болашақтың бәрі білімде екендігін, өзінің тағдыр тауқыметімен оқи алмағанын  айтып, олардың санасына сіңіріп өсірді. Жоламаны мен Салтанаты жоғарғы білімді қаржыгерлер,  Әбубәкірі инженер механик, Гүлшат, Шәмшат, Сәуле мен Ғалымжан ағарту саласының мамандары, Сәкені кеден қызметкері, Кенжегүлі денсаулық сақшысы болса Сәбиті қара шаңырақта.

Бүкіл саналы ғұмырын қоғам малын бағып, оны аман есен өсіруге 40 жылын арнаған Мәкең 1984 жылдың қара күзінде тәуліктен астам уақыт қар аралас жаңбыр астында қалып қояды. Күзгі қырқымнан кейін жүні толық жетілмеген мал пана іздеп құм арасына ықтап кетеді. Бірақ Мәкең малды шашау шығармауға тырысып бір күн, бір түн дүлей табиғатпен арпалысып шығады. Келесі күні ғана ауа райының сағы сынып малын шашау шығармаған Мәкең отарын күзекке жеткізеді. Бірақ осы күндері кеңшар немесе бөлімше  басшылығы тарапынан оның жағдайын біліп қайтуға келген бір маман болмайды. Тылсым табиғат апатымен тәулік бойы арпалысқан Мәденнің құрыш денсаулығы сыр берді.  Сөткеден астам уақыт үстін жапқан мұзды құрсанып қоғам мүлкін көзінің қарашығындай қорғаған жанға қалайсың дейтін жан табылмады. Олар үшін адам өмірінен гөрі мал амандығы алдыңғы орында тұрды. Ақыры денсаулығы сыр беріп, мал соңына еруден қалған Мәден шопандықтан қол үзді. 1989 жылы республикалық дәрежеде зейнет демалысына шықты. 1992 жылы 12 қыркүйекте алып жүрек соғуын тоқтатты.

Бұл күні Қыраш ауылына бара қалып Мәкең-Мәден аға туралы сұрай қалсаң, абзал жанның еңбегі мен ауыл келбетінің өзгеруіне қосқан сүбелі үлесі, оның дос пен айналасындағы жандарға күн нұрындай сәуле шашқан қайталанбас тұлға болғандығын  ауыздарының суы құрып отырып айтады. Бірақ осындай тұлғалы қайраткер жанға Жаңақорған кентінен бір көшеге аты берілмегені өкінішті – ақ. Алдағы уақытта кент орталығынан Мәден аға есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында бір көшеге есімі берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені «Өлі риза болмай – тірі байымайды» деген халқымыздың даналық сөзі бар…

Р.С. Осындайда өзінің лайықты бағасын ала алмай жүрген қаншама лайықты жандар бар. Ал әзірге санасының саңлауы бар, өткеннен алар ғибраты бар халықшыл басшы келсе Мәден аға да теңдік алар еді деп есептеймін. Ал Сіз қалай ойлайсыз құрметті оқырман…

                                                                               Ерубай ҚАЛДЫБЕК

                                                              Қазақстан Республикасының

мәдениет қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<