ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылу беру маусымының қорытындыcы және алдағы кезеңге дайындық барысы талқыланды.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте жауапты тұлғаларға барлық әлеуметтік нысанды қыркүйек айына дейін, мектептерді тамыздың соңына дейін жылу беру маусымына толық дайындау тапсырылды.
Жалпы өңірде 2025-2026 жылғы жылу беру маусымы штаттық режимде өтіп, сәуір айында аяқталды. Қазір алдағы жауапты маусымға дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Биыл жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 7 млрд 400 млн теңге қаржы қаралған. Республикалық бюджеттен бөлінген 3 млрд 622 млн теңгеге 6 жобаның құрылысы аяқталып, қабылдануда. Сонымен қатар, 1 газтурбиналық қондырғы, 14 бу қазандығы мен 21 автономды қазандық жөнделуде.
Мемлекет басшысының қолдауымен «Акса Энерджи» компаниясы Қызылордада 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығын салды. Бүгінде орталықта 176 мегаватт электр энергиясы өндірілуде, 4 су жылыту қазандығы пайдалануға берілді. Қосымша қуаттылықтар мамыр айының соңына дейін, жалпы орталық алдағы жылу беру маусымында толық іске қосылып, тұрғындарды жылумен, электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етеді.





