Кәсіпкерлік саласы – экономика драйвері

451

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауының мәні айрықша болды. Өйткені, өзім көп жыл облысымыздың қаржы-экономика саласында қызмет атқарып, бүгінгі Жолдаудың экономикалық бағдарына бағытталғаны қуанып отырмын.

Экономиканың драйвері шағын және орта кәсіпкерлік екені барлығымызға мәлім.«Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы», сондықтан да «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бірігіп, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарлама әзірленеді, – деді Мемлекет басшысы. Бұл орайда Үкіметке шағын бизнес өкілдері өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керегін жеткізді.

Сонымен қатар, бюджет саясатын реформалау Жаңа кодекс қабылдау арқылы шешілетінін Жолдауда нақты айтылды. Бұған байлансты Президент«Енді аса маңызды мәселе – бюджет саясатына тоқталайық. Өткен жылы мен «бюджетті басқарудан» «нәтижелерді басқаруға» көшу арқылы бюджеттік жүйені реформалауды тапсырдым. Бұл міндет бюджеттік процеске қатысушылардың ашықтығын, жауапкершілігі мен дербестігін арттыратын жаңа кодексті қабылдау шеңберінде шешілетін болады. бюджет саясатының тиімділігін одан әрі арттыру үшін үнемі жаңа құралдар мен мүмкіндіктерді іздеу қажет. Сондықтан, Үкіметке бірнеше министрліктер мен өңірлер шеңберінде пилоттық режимде толық блоктық бюджет жобасын енгізуді тапсырамын», – деді.

Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығы берілмек:«Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл – ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті, барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек», – деп ұсыныс білдірді Президент.

Сонымен қатар, Президент салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жалпы санын кем дегенде 20 пайызға азайту қажеттігін айтты.«Салықтық әкімшілендіруге келетін болсақ, фискалдық органдар мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету қажет. Салықтық бақылауды толық цифрландыруды жүргізу және салықтық есептілік нысандарын 30 пайызға қысқарту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымынша, маңызды фискалдық қайтарым болмаған жағдайда, оларды толығымен алып тастау керек. Қалғандарын біріктіруге болады.

Мемлекет басшысының айтуынша, бөлшек салықты енгізу жөніндегі бастама өзінің қажеттілігін көрсетті. Оң тәжірибені ескере отырып, Үкімет оны қамту аясын екі есеге кеңейте түсіп, прогрессивті салық салуды енгізуді жеделдетуі тиіс. Салық саясатын қайта іске қосу аясында Үкімет пен Парламенттен батыл және дәлелденген шешімдер қажет болады.

Өздеріңізге белгілі, былтырғы Жолдауда ең төменгі жалақыны үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап 70 мың теңгеге көтеруге тапсырма берілген болатын, ол, орындалып, биылғы Жолдауда Президент ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.«Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетінін айтты.

Райхан Ысқақова,

Қаржы саласының ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<