Тарих белесіндегі Тасбөгет  

271

0

Бүгінде Тасбөгет кентінің көшелері жөнделіп, түнгі жарық шамдары самаладай жарқырап тұр. Жаңа әлеуметтік нысандар елді мекеннің сәулетіне сән қосуда.

Қызылорда облысының құрылғанына 85 және Қызылорда қаласының 205 жылдығымен тұспа-тұс келген Тасбөгет кентінің 75 жылдық торқалы тойы өтті. Сырдария өзеніндегі су тоспасымен тағдырлас Тасбөгет кентіндегі мерекелік шара С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде бастау алды.

Мерейлі мерекеде кент әкімі Семсер Сыздықов құттықтау сөз сөйлеп, жеткен жетістіктерге тоқталып, алдағы атқарылар жұмыс жоспарларын атап өтті.

– Қазіргі Тасбөгет кенті – облыс орталығының оңтүстігімен тұтасып  жатқан аймағының бірі. 1947 жылы  республика Жоғарғы Кеңесінің арнайы қарарымен «Қызылорда плотинострой» қыстағынан қала типтес жұмысшы поселкесі салынып,  ол «Тасбөгет» деп аталды. Кейін Сырдария ауданының орталығы Тасбөгет қонысына көшірілді. 1967 жылы Сырдария ауданы қайта құрылғаннан кейін қала типтес қонысқа айналды. 1997 жылы Тасбөгет кенті болып қайта құрылды. Биыл 75 жылдығын атап өтіп отырмыз, – деді кент әкімі.

«Тарих белесіндегі Тасбөгет» атты тарихи-танымдық кеште «Тасбөгеттік тарландар» кітабының тұсауы кесілді.

Кітаптың авторлары мен кенттің елді мекен ретінде қалыптасуына атсалысқан бірнеше азаматтар естелік сөз сөйлеп, тарихтан сыр шертті.

– Тарихты жасаушылар бар, жасаушыларды жазушылар бар. Тасбөгет тарихты жасады оны өшпестей тарих таңбасына жазып қалдырды. Кішкене қыстақ еді. Қазір қалаға айналды. Қаншама қайраткерлердің тұғырлы мекені болды. Осы өлкеде өз қолтаңбам қалғанына бек қуаныштымын. Тынысы кеңейіп, өрісі дами берсін. Мерейтойдағы біздің тілек осы, – дейді еңбек ардагері Ибрагим Әбибуллаев.

Одан соң ардагер ктапханашы Шамшахар Жанқожақызы шара қонақтарын кітаптың мазмұнымен таныстырып өтті. Кент әкімі мәдениет саласының ардагері Қабдеш Шағыровқа шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Сонымен қатар мерейтой қарсаңында 75 жасқа толған сала өкілдерін марапаттап, сыйлықтар табыстады.

Салтанатты шара содан соң «Тасбөгетім – тамыр тегім, құт мекен» атты театрландырылған қойылыммен жалғасты. Қойылымнан соң қала әкімі Асылбек Шәменов алғы сөз сөйлеп, кент халқын мерейтоймен құттықтады.

– Тарихы да, тағдыры да Сырдария өзенімен және Қызылорда қаласымен ертеден еншілес бұл мекен 1948 жылдан бері қарай стратегиялық маңызы жоғары плотина құрылысымен бүкіл Одаққа белгілі болды. Мыңдаған құрылысшының маңдай терімен салынып, аймақтың ауылшаруашылық саласына серпін берген бөгетті жағалай ел қонып, елді мекен Тасбөгет атанды. Тасбөгеттің бүгінгі келбеті ерекше. 32 мыңға жуық халқы бар. Кейінгі жылдары адам танымастай өзгерді. Көлемі ұлғайып, өрісті мекенге айналды. Әлеуметтің әл-ауқаты артып, кенттің экономикалық көрсеткіші еселенді. Қаламыздың даму көрсеткіштерінде тасбөгеттіктердің де зор үлесі бар екенін айтқым келеді, – қала әкімі.

 Содан соң шаһар басшысы мерейтой аясында бірқатар азаматты арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Мерейтойлық шара өнерпаздардың ән-шашуына ұласып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйланды.

 Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<