Су мәселесіне салғырттық жүрмейді

623

0

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері қаралды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады.

Министрлік дерегінше, барлық су тоғандарынан елдегі шаруашылықтарға тұрақты су жеткізуге шамамен 11,6 текше километр су жұмсалады. Оның 97%-і оңтүстік 4 облысқа тиесілі. Бұл 1,28 млн гектар суармалы алқабы бар, яғни ел бойынша барлық суармалы жердің 80%-ін құрайтын Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары.

Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев негізгі жұмыстарды айтып, аймақтағы су ресурстарын үнемдеу бағытында биыл Үкімет резервінен бөлінген 3,6 млрд теңгеге барлығы 1034 шақырым болатын 162 канал тазартылғанын жеткізді. Сондай-ақ, 156 дана насос қондырғысын сатып алу, 52 ұңғыманы бұрғылау, 322 гидротехникалық құрылысты жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы (тамшылатып және жаңбырлатып) 565 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілуде. Оның ішінде 253 гектар көкөніс, 80 гектар бақша, 28 гектар картоп, 115 гектар жаңа жоңышқа, 87 гектар сүрлем жүгері, 2 гектар қант қызылшасы дақылдары бар. Алдағы уақытта 10 мың гектарға жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа және 3 мың гектарға тамшылатып суару арқылы томат егу жобаларын жүзеге асыратын боламыз» деді облыс әкімі.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов вегетациялық кезеңнің жақсы өтуі алдағы маусымдағы егістің өнімді болуына ғана емес, түптеп келгенде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты екенін атап өтіп, сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<