Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 85 қылмыстық істі қараған

432

0

Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өз қызметін өңірлік «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы» негізінде іске асыруда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов айтты.

Бұл Картаға рәсімдердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілерге және мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына байланысты халық пен бизнесті толғандыратын көкейтесті мәселелер енгізілген.  Олар ауыл шаруашылығы, жер, жол және инфрақұрылым, олигополиялар, білім беру және кәсіпкерлік саласы.

Өткен жылы департамент 4 сыртқы талдау және 12 мониторинг жүргізген. Нәтижесінде 162 ұсыныс енгізіліп, оның 85%-ы іске асырылған.

Қазіргі таңда, білім беру мекемелерінде еңбекақы төлеу және кәсіпкерлік мақсатында жер бөліп беру салаларында 2 сыртқы талдау  жүргізуде.

Жалпы, өткен жылы департамент өндірісінде 85 қылмыстық іс болды, олардың 71-і сотқа жолданды, 39 тұлғаның сыбайлас жемқорлық қылмыстары әшкереленген.

Ауыл шарушылық саласын субсидиялауға байланысты былтырғы жылы 1 көп эпизодты қылмыстық іс тіркеліп, сотқа жолданған.

– Өңірдің орта білім беру ұйымдарында аса ірі мөлшерде, жалпы 550 млн теңгеге жуық мемлекет қаражаттарын жымқыру деректері анықталып, бүгінгі күні 12 қылмыстық іске тергеу жұмыстары жүргізілуде. Кез келген салада қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында департамент өз қызметінде жаңа тәсілдерді қолдануда. Негізгі мақсат – қылмыстың жасалғанын немесе мемлекет қаржысы ұрланғанын күтпей, керісінше оларды болдырмау үшін шұғыл шаралар қабылдау. Бастысы бюджет есебінен салынып жатқан объектілердің сапалы тұрғызылып, белгіленген мерзімде тапсырылуы, – деді департамент басшысы Ернар Әбсейітұлы.

Мысалы, «Артспорт» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына қатысатын балалардың санын нақтылау нәтижесінде республикалық бюджет қаржысы үнемделді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<