Сыр бойынан – солтүстікке

765

0

Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру туралы Президент Жолдауында айтылған тапсырманың орындалуы қалай? Негізі экожүйені өзгертетін адамдар.  Мәселен, республиканың оңтүстігінде халық тығыз орналасқан. Ал теріскейдегі миллиондаған гектар шұрайлы алқапты игеруге қол күші қажет болып тұр. Мұнда халық жұмыс таппай қиналса, ол жақта жұмыс күшінің тапшылығы байқалуда.

Бір ғана мысал, солтүстіктегі білім ошақтары оқушы санының жетіспеуіне байланысты жабылып, уақытында дәулеті тасыған елді мекендер қаңырап бос қалып жатыр. Мәселен, былтыр Солтүстік Қазақстан облысында 7 мектеп жабылған. Түптеп келгенде, шекарадағы ауылдардың қаңырауы ел қауіпсіздігіне әсер етеді. Себебі бос жатқан ен далаға базбіреулер көз тігуі мүмкін.

Кейінгі жылдары Үкімет ішкі миграцияны тиімді үйлестіріп, мәселені шешуді қолға алды. Сәл артқа шегініс жасасақ, 2017-2021 жылдары «Еңбек» бағдарламасы аясында солтүстікке көш түзеп, халқы тығыз оңтүстіктегі ағайынды орналастырды. Сөз жоқ, көшін солтүстікке түзейтін азаматтарға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Көшудің жол шығынын өтейді, баспанамен қамтамасыз етеді, жұмысқа орналастырады, тағысын тағы. Бірақ   кері қайтқандар да аз емес. Содан бұл бағыттағы жұмыс күшейтіле түсті.

Былтыр Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл бойынша үкімет «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын қолға алған еді. Тапсырма негізінде оңтүстік өңірдің халқын солтүстікке көшіруді қалыптастыруға бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бір білеріміз, кейінгі бес жылда Сыр бойынан солтүстікке 1053 адам, яғни, 348 отбасы қоныс аударған. Оның ішінде Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстары бар.

Көштің жайы көңіл көншіте ме?

Қоныс аударғандардың көбі ауылға барып, екі қолға бір күрек тапқан. Бізге бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева баяндап берді.

– Облыстан солтүстік өңірге қоныс аудару басталғалы бірнеше жыл болды. Мәселен, өткен жылы 158 адам, яғни, 48 отбасы қоныс аударып, оның 221-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Алты адам жеке кәсібін ашса, екі адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолданды. 9 адам мемлекеттік грант алса, 1 адам қысқа мерзімді оқудан өтті. Ал биыл теріскейге 38 отбасы қоныс теуіп, оның ішінде 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бір адам кәсіпкерлікпен айналысуда. Бұдан бөлек, 19-21 сәуір аралығында облыста Солтүстік өңірлердегі жұмыс берушілердің қатысуымен «Солтүстік өңірлердің жәрмеңкесі» атты кездесулер өтті, – деді ол.

Бұл ақпаратты Қостанай, Павлодар, Ұлытау және Абай облыстарынан келген жұмыспен қамту басқармасының мамандары үстей түсті.

Топ мүшелерінің айтуынша, солтүстік өңірлерде 3000-ға жуық экономиканың әртүрлі салалары бойынша бос жұмыс орны бар. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық, зоотехник, механизатор, техника қауіпсіздігінің инженері, инженер-механик, көмір және цемент зауытының машинисі, электргазбен дәнекерлеуші, орау машинасының операторы, ағаш және жиһаз өндірісінің шебері оқытушы, құрылыс және монтаждау жұмыстарының шебері, кеңпрофильді станокшы, техник, аспаз, жүргізуші, автоэлектрик, дәнекерлеуші, іс жүргізуші, аудармашы, бухгалтер,  ветеринарлық санитар және тағы басқа.

Ақпарат көздеріне сүйенсек, солтүстік облыстарға көшіп барғандардың 60 пайызы ауылдық округтерді таңдапты, 40 пайызы аудан орталықтары мен қалаларда қоныс тепкен. Мамандардың айтуындай-ақ екен, қоныс аударушылар негізінен солтүстік аймақтардағы кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және қызмет көрсету ұйымдарындағы жұмыстарға орналасқан.

Жасыратыны жоқ, буынып-түйініп жылы жақтан суық жаққа жолға шыққандардың бәрінің жолы болды деу қиын. Олардың арасында түрлі мәселемен қайта оралғандар бар. Қолайсыз ауа-райына үйренісе алмағандар қаншама?! Мұны Жанар Жұмабекқызы өзі айтып берді.

– Жалпы үйренген жерден қоныс аудару оңай емес. Бұған өзге факторларды қосыңыз. Мысалы, кейінгі бірнеше жылда қоныс аударған 8 отбасы ауа райының қолайсыздығына, денсаулығына байланысты  қайтып келді, – деді ол.

Алайда айта кету керек, көшкендердің бәрінің хал-жағдайы анау айтқандай мүшкіл де емес. Себебі әр ауылдың әлеуметтік ахуалы, орналасқан жері алуан түрлі. Оның ішінде баспаналы болып, жұмыспен қамтамасыз етілгендердің үлесі көп.

Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кейінгі бес жылда еліміздің солтүстігіне 60 мыңнан аса отбасы қоныс аударғанын хабарлаған болатын. Ондағы мамандардың болжамына сенсек, алдағы 4-5 жылда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының халқы 200 мыңға жуық адамға көбейеді. Олай бола қалса, солтүстік өңір сөзсіз қазықыланар еді.

Баспана жайы қалай?

Әрине, солтүстікке көшкен қазақты мазалаған мәселенің бірі – баспана. Баспанасы болмаса, бейтаныс өңірге кім барсын?! Оны жоғарыда айттық. Бірақ барғандардың көпшілігі жұмыс тауып, жаңа ортаға үйренісіп кеткен. Осы ретте бағдарлама бойынша Сыр бойынан көшіп, Павлодарға қоныс тепкен жерлестеріміз, жас отбасы Қанат Сейдахметов пен Дидар Есен былай деді:

– Біз мұнда 2021 жылы қаңтарда қоныс аудардық. Бірақ ешқандай бағдарламаны білмедік. Тек солтүстікке қоныс аударғандарға қолдау жасалатынын естіп, Павлодар облысы Ертіс ауданынан бір-ақ шықтық. Келген соң бағдарлама аясында көмек алдық. Әуелі жаңадан қосарланып салынған екі бөлмелі үйге орналастырды. Үй 5 жылсыз атыңа өтпейді. Сатып алсақ, мемлекет жарты ақшасын төлеп береді. Өйтпесек айына 7 мың теңге төлеп, қалағанымызша тұра береміз. Бұл – бір. Содан соң 204 мың теңгеден жан басына ақша берді. Әйелім және 4 балам бар. Әуелгіде жұмыс жайы кішкене қиындық тудырды. Бірақ оның бәрін еңсердік. Менің мамандығым – аспаз, келіншегім – психолог. Әуелгіде мамандыққа сай жұмыс істедік. Ал биыл мемлекет тарапынан қайтарымсыз несие алып, шағын кафе аштық. Мұнда келуіміздің тағы бір себебі осы еді. Қызылордада кафе бизнесінде бәсекелестік көп. Ал мұнда еңсерілмей жатқан сала көп. Қызылордада 10 жылда жете алмаған мақсатыма, мұнда аз уақытта жеттім. Тек мұнда 9 ай қыс болады екен. Тіпті жазда да от жағып отырамыз кейде. Қиыны сол, бұл жақта газ жоқ. Отын жарып, көмір тасып, күл шығарасыз. Тек соған төзсе, қалған жағынан мәселе жоқ. Жұмыс жетеді, кәсіп ашам деген жанға мұнда жақсы көмектеседі, – дейді Қанат.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектен бөлек, кейбір шаруашылықтар көшіп барғандардың қорасына мал кіргізіп, отын-су, жем-шөбін түсіріп, көмек көрсетіп жатқанын айтады. Осының арқасында оңтүстіктен көшіп барғандар солтүстікке тез сіңіп, тұрақтап қалуда.

Дегенмен, қаңырап қалудың алдында тұрған ауылдарға жұмыс күшін тарту оңай болмай тұр. Осы орайда Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Нұрдан Әшімовті сөзге тарттық.

– 2017 жылдан бері біздің өңірге 15 мыңға жуық адам келді. Қоныстанушылар көбіне ауылдық жерге тұрақтап жатыр. Өйткені бізде мұғалім, дәрігер, ауыл шаруашылығы мамандары тапшы. Әсіресе, ауылдардың жағдайы қиынға соғып тұр. Биыл 4 айда Павлодар облысына Сыр өңірінен 42 адам қоныстанды. Кешелі бері «Солтүстік өңірлердің жәрмеңкесі» өтуде. Қуантқаны, қазірдің өзінде 30 адам Павлодарға баруға ынта білдіріп отыр, – деді ол.

Рас-ақ, мұнда барып тез аяқтан тұруға болады. Әсіресе, солтүстікке көшу – екі қолға бір күрек таппай жүргендер үшін таптырмас ұсыныс. Бұлай деуімізге де нақты себеп бар.

– Мен «Серпін» бағдарламасымен 2017-2021 жылдары Павлодар педагогикалық мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Сол жылы «Еңбек» бағдарламасымен Успен ауданы Ольгино ауылында орналасқан М.Мәметова атындағы орта мектепке мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Араға бір жыл салып, 2022-2023 оқу жылы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалдым. Мұндай тез нәтиже көрсетуіме еңбекпен қатар, кадр жеткіліксіздігін қосуға да болатын шығар. Қазірдің өзінде бізде бастауыш сынып және ағылшын тілі мұғалімі жеткіліксіз, – дейді жас маман.

Көшкен жұртқа жасалар жәрдем

Шынында, ел билігі көшкен жұртты қолдауға барынша жағдай жасауда. Жанар Дәулетбаеваның айтуынша, әрбір отбасы мүшесіне бір рет 70 АЕК мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Мұнан өзге, тұрғын үйді сатып алуға, салуға немесе алғашқы жарна ретінде пайдалануға тұрғын үй құнының 50 пайызын төлеп береді. Алайда алынған үй 4 миллион теңгеден аспауы қажет. Сондай-ақ, қоныс аударушының отбасына, оның ішінде жалғызбастыларға жыл бойы ай сайын тұрғын үйге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге материалдық көмек беріледі.

Бір ескерте кететін жайт, бағдарлама арқылы жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударған отбасылар жаңа мекенде кемінде 5 жыл тұруға міндетті.

27 мың адам қоныс аудармақ

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2017-2021 жылдар аралығында солтүстікке қоныс аударғандарға үй алу, пәтер жалдау, субсидия бөлуге мемлекеттен 20 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Ал былтырдан бастап «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қарқынды жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, 2022-2026 жылдар аралығында солтүстікке тағы 27 мыңнан астам адам қоныс аударады.

Әрине, солтүстікке көшу-көшпеу әркімнің өз еркінде. Дегенмен алыстан ат терлетіп көшке ілесіп келгендерге солтүстіктің дайындаған сыбағасы аз емес. Жайлы жағдай мен мол мүмкіндіктер есігі айқара ашылса, солтүстігің де жылы көрінбей ме?

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<