Сырдария сарыны

304

0

Фото автордан

Астана қаласында жыршы Күнсұлу Түрікпеннің «Сырдария сарыны» атты жеке шығармашылық кеші өтті. Арқада алғаш өткізілген өнер кешіне жырсүйер қауым көптеп жиналды.

Бас-аяғы екі жарым сағатқа созылған жыр терапиясына жиналған жамағатттың жырға деген құрметін қошеметі сездіріп тұрғандай. Әбден жырды сағынып келген тыңдарман ризашылықтарын білдіріп, құшақ-құшақ гүл шоқтарын табыстап жатты. 

Замана көшінде жалғасы үзілмеген жыраулық өнердің мұрагері ұлттық болмысымыздың бәсін бір саты биіктете түсті.

– Сыр бойында Шамшат бар,

Домбырасын моншақтар.

Қыз едім деп қымсынбай,

Жорғадай басып алшақтар, – дейді атақты ақын Әлиакбар Жұматаев. Шамшат Төлепова бастаған жыршы қыз-келіншектер легін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен лайықты жалғастырып келеді.

– Жыр деген – рух, жыр деген – қасиет, жыр деген – аманат. Көптен ойда жүрген мақсатымызға алғашқы қадам жасалып, тыңдаушы алқаны сағынған көңілімізге көктем орнады. Түркімендерде «бахшысы (жыршысы) бар ел бақытты» деген тәмсіл бар. Өмірімізге өзек болған жыраулық өнердің тәлімі бүтін халыққа құт, елге қазына. Жер мен көктің арасына даналықтың дәрпін таратқан қаншама шайыр сүлейге бай қазақ расымен де бақытты ел. Жаттаған жырымызды еске түсіріп, аманатымызға адал болуға бұл  секілді кеш үлкен мүмкіндік, – дейді жырау Күнсұлу Түрікпен.

Кеш барысында талапкер жас жыршылар да жырдан шашу шашып, көрермен көзайымына айналды.

Мөлдір САҒЫНБАЕВА

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<