Тәрбие – білімнің басты кепілі

1077

0

Биылғы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр», деп  басталатын  Жолдауында  еліміздегі  білім саласына қойылатын  талаптарға  баса  назар  аударылып,  жас  жеткіншектерді  тәрбиелеу  мәселелеріне  де  аса  ден  қойылған. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген болатын Әл-Фараби бабамыз. Оқушыларға берілетін тәрбие,   ұстаздар  мен  ата-аналардың өзара іс-қимылы   арқасында  жүретін  оқу-тәрбие процесінің ажырамас бөлігі. Мектептегі педагогикалық-психологиялық ахуал, жұмыс жоспары, даму жоспары неғұрлым мықты болса, соғұрлым білім  мен  тәрбие мазмұнының сапалы қамтамасыз етілуі іске асады.

Дүние жүзін жайлаған індеттің салдарын ой елегінен өткізетін болсақ, тәрбие жұмысы да заман талабына қарай жаңаша бет бұруы кезек күттірмейтін маңызға ие. Себебі, техногендік апаттарға қосылған биогендік өзгерістер адамның психологиясына, мінез-құлқына, тұрмысына әсер етпей қоймайды. Әрине, бұл ертең отбасының, қоғамның, мемлекеттің, ұлттың тұрақтылығынан да көрініс табады. Осы  орайда  еліміздегі  жасөспірімдер  арасында  белең  алып  отырған  суицид  мәселесін  де  атап  өтпеске болмайды. Бұл кейбір жағдайларда, бала ата-ананың қарауынсыз,  мұғалімнің  бақылауынсыз  қалып  жататындығы  жасырын  емес. Болашағын  өз  бетінше  дұрыс  бағамдай  алмайтын  жасөспірімдерге  ылғи  да мұғалім  мен  ата-ана,  тәрбиешілер  тарапынан  дұрыс  жол  сілтелінуі  тиісті. Сондықтан  саналы тәрбие беруді назардан тыс қалдырмай, ең басты адами құндылықтарға назар аударып, адамгершілігі мол, мейірімді, зерделі, отансүйгіш сияқты қасиеттерді бойына сіңірген тұлғаны қалыптастырумен қатар отбасы институтының нығаюын басшылыққа алуымыз  қажет. Өйткені, Отан – отбасынан басталады. Ал, тұрақты отбасы – ол өркениетті мемлекет.

 Қазіргі мектептегі оқу-тәрбие жүйесінің құрамды бөлігі-сыныптан тыс жүргізілетін тәрбие жұмыстары. Тәрбие жұмысында жеке тұлғаны қалыптастыру, оқушыны жан-жақты дамыту негізгі орын алады. Оқушыны дамытуға оқыту, білім беру, тәрбиелеу үрдістері өзара бірлікте жүргізілгенде ғана  қол  жеткізуге болады.

Тәрбие үрдісі  – жалпы  адамзаттық мәдениеттің  бір бөлігі. Олай  болса,  бұл үрдіс  балаға ғасырлар бойы  қалыптасқан мәдени мұраны  меңгертіп, сол арқылы осы  заманғы  мәдениетке  енуіне  мүмкіндік береді. Тәрбие бір ұрпақтың озық тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы үрдіс, осы арқылы адамның дамуына басшылық жасалады. Нәтижелі жүйелі тәрбие жеке тұлғаны дамытады, адамның қоғамдағы орнын анықтайды. Баланың  оны  игеруі барынша  қысқа  мерзімде  атқарылуы  тиіс,  сондықтан тәрбие  ісі  жалпы  адамзаттық гуманистік  бағытта  жүргізіліп, жеке бастық рухани дамуына бағытталу керек. 

Мектеп оқушыларының жеке тұлға ретінде дамуына халықтық педагогаканың мұралары, ұлттық тәлім-тәрбие зор үлес қосады. Тәрбие үрдісінде халық педагогикасының тәлімдерін енгізу арқылы қаны да, жаны да таза, елін, жерін, тілін қастерлей алатын азамат дайындауға жол ашылады. Бүгінгі мектептің оқу-тәрбие үрдісіне халықтық педагогиканың тәлімдерін және әлемдік мәдениет құндылықтарын енгізу мәселелері көптеген ғалымдардың еңбектерінен орын алады. Осы құндылықтар жаһандану жағдайында мәдени қарым-қатынас және ұлттық тәлім-тәрбие құралы болмақ.

М.Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде «тәрбиенің қолданатын жолы ұлт тәрбиесі», дей келе негізгі тәрбие бесіктен басталуы керектігін айтады. Оқушыны дамытуда білім мен тәрбие беру, өзін-өзі тәрбиелеу негізгі орын алады. Білім ала отырып оқушының ғылыми-танымдық және бүгінгі экономикалық, нарықтық қатынастарға байланысты мағлұматтары молаяды. Тәрбие теориясында қамтылған мәселе адамды тұлға ретінде қалыптастырып, дамыту. Психология тұлғаның мінез-құлқын, сипаты мен іс-әрекеттерінің негізін анықтайды. Жалпы, адамзаттық адамгершілік құндылықтар тәрбие мақсатының өзегі. Олар-руханилық, бостандық жауапкершілік, ізгілік т.б. адамның өмір сүру мәнділігін айқындайтын мақсаттар мен мүдделер жиынтығы.

Адам өзін-өзі рухани дамыту үшін үнемі тәрбиелеп, өздігінен білім алып, өз бетінше оқып үйренуге ұмтылуы шарт. Осы қасиеттер оқушы бойынан көрініс табу үшін жас ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың  рухани байлығы, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық сана, дін және рухани құндылықтарды жоғалтпай пайдаланып отыру өз нәтижесін береді. Сондықтан мектепте ұйымдастырылатын тәлім-тәрбиелік іс-шаралар мен тәрбиелік жұмыстар, оқушыларды жан-жақты дамытып, үнемі жетілдіріп отыратын бағытта болу керек.

  Әдемі  АНЕСОВА,

№64 орта мектеп тәлімгері.

Арал қаласы 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<