Талапты жастарға таптырмас мүмкіндік

835

0

Меритократия – мансап жолындағы тиімді қадам. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова түрлі этнос жастарымен кездесті. Сан салада еңбек етіп жүрген оларды аймақ басшысы мансап биігіне маңдай термен сатылап көтерілуге шақырды.


Кездесуде модератор, мем­ле­кеттік қызмет істері агент­тігі облыстық депар­та­ментінің басшысы Рафхат Бисенов Қазақстан халқы ассам­блея­сының Қазақстанды бейбіт­шілік пен татулық орныққан ел ретінде бүкіл әлемге танытудағы орнын атап өтті.


– Қазіргі таңда қазақ же­рін­де қалыптасқан достық пен ке­­лісім арқасында 100-ден ас­там этнос пен 18 конфессия бейбіт өмір сүріп жатыр. Саяси тұ­рақтылықты, қоғамдық келі­сімді іске асыруда Қазақстан хал­қы ассамблеясы жетекші роль ат­­қарады, – деді департамент басшысы.


Бүгінде Сыр өңірінде 3,5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. Оның тең жартысы – әйелдер. 91 проценті жоғары білімді болса, 500-ге жуығы – жасы 29-ға толмаған қыз-жігіттер. Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының 22 және «Болашақ» бағдарламасының 4 түлегі түрлі салада қызмет атқарып жүр.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында сайдың тасындай ірік­телген қазақстандық 300 жастан Пре­зиденттік кадр резерві жа­сақталды. Бұл мемлекеттік қызмет саласын жаңартуға, озық ойлы жас көшбасшыларды жұмылдыруға және жастарды ынталандыруға мүмкіндік береді. Үздіктер арасында өңірде белсенділігімен көзге түсіп жүрген, өмір мектебінен өткен өзге этнос өкілдері де бар.


– Мемлекеттік қызмет барысында өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімді және еңбекқор жастарды кездестіріп жүремін, солар үшін қуанамын. Жас мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, жоғары моральдық жауапкершілік пен өз ісіне деген әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттерін тең ұстауы тиіс, – деді облыс әкімі.


Мерекелік кездесуде облыстық цифрлық технологиялар басқар­ма­сының басшысы Юлия Тремасова, неміс этномәдени бір­лестігінің белсендісі, ІІ дәре­желі «Достық» орденінің иегері Светлана Крюгер, «Zoom» желісі арқылы байланысқа қо­сылған Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, Қазақстан-Британ техникалық уни­верситетінің студенті Евгений Димеденко мемлекет тарапынан жастарға қолдау барын, мем­ле­кеттік қызметтің асқан жауап­тылықты талап ететінін тілге тиек етті.


– 16 жасымда цифрлық тех­нология көмегімен «Boeing-757» ұшағының базасы негі­зінде тех­никалық, жобалық ұшақ­тардың апгрейді бойынша жоба жасадым. Оны «Boeing» компаниясы сатып алды. Қазақ­стандық жастардың білім-ғылымдағы жетістіктері – еліміздегі бірлік пен берекенің нәтижесі, – деді Е.Демиденко.


Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің студенті, Қазақстан халқы Ассам­блея­сы жанындағы «Абай қа­зы­насына саяхат» клубының же­текшісі Елена Пак хакім шығар­малары алға жылжуға ынта­ландыратынын айтты.


Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет, сонымен қатар талапты жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Аймақ басшысы осы орайда жастарға артылар сенім жүгі салмақты екенін жеткізді.


Назерке САНИЯЗОВА,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<