Тарихтың ізі өшпейді

1539

0

Қызылорда 1925-1929 жылдары Қазақ республикасының астанасы болған уақытта Сәкен Сейфуллиннің  төте жазумен жарық көрген «Экспресс», «Тұрмыс толқынында», «Жер қазғандар» атты өлеңдер жинағы мемлекеттік баспаханада басылған. Бұл кітаптар бүгінде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Сирек қорлар» бөлімінде сақтаулы.

«Экспресс» тек Сәкен поэзиясындағы ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясындағы үлкен жаңалық еді. Жаңа мазмұнда, ерекше формада жырлау «Экспресте» айқын аңғарылады. «Қара жер» атты өлеңінде ақын туған Отанның көркем табиғатын кестелі сөзбен шебер жеткізеді.

«… Масайрасып,

Кеудені ашып,

Жұрттың көбі мәз еді.

Алып бізді,

Тастап ізді,

Экспресс келеді», – деп жырға қосады.

1928 жылы жарияланған «Тұрмыс толқынында» атты өлеңдер жинағына «Баспахана», «Отарба терезесінен», тағы басқа да көптеген шығармалары топтастырылған. Соның ішінде «Баспахана» атты өлеңіне зер салып көріңіз.

«… Соққан жүрек қуат жаны,

Тынбай мотор тулайды.

Күймен билеп салған әні,

Мың дыбыспен шулайды.

Баспахана дүрсілдейді,

Жанды сөзді жаратып.

Демі қайнап гүрсілдейді,

Әлемге өрнек таратып», – деп ой түйіндейді. Бұл шумақтарда ақын баспахананың жұмыс барысындағы жай-күйін әдемі теңеулермен шебер әспеттейді.

Сәкеннің Қызылордада жарық көрген тағы бір туындысы – «Жер қазғандар» атты өлеңдер жинағы.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаевтың «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаласында «Қазақ әдебиетіндегі үш бәйтеректің бірі – Сәкен Сейфуллин өмірі қысқа, тағдыры ауыр болғанымен шығармашылық ғұмырбаяны ғибратты да мәнді. Өмірі мен шығармашылығына көз салғанда, алдымен әншілігі мен ақындығын, күйшілігі мен жазушылығын бөліп қарауға болмайды. Ол өзінің көптеген өлеңдерінде әңгімелері мен басқа да ірі шығармаларында ән мен күй, өнерпаз тұлғасын құштарлықпен суреттеп, бейнелі образ жасауы бойындағы өнер құдіретін байқатады» деп жазған.

Қызылорда астана болған 1925-1929 жылдары ұлт зиялысы қайда тұрды? Бір өкініштісі, Сәкен тұрған үй бұзылып кеткен. Алайда орнына салынған үй сыртына арнайы тақта ілінген. Тақтада «Осы жерде Қазақстанда совет өкіметін орнату жолындағы жалынды күрескер, қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – Сәкен Сейфуллин 1925-1929 жылдары тұрған және жұмыс істеген үйі болған» деген жазу тұр.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы ақын Қаршыға Есімсейітова:

– Сыр елінің қасиетті топырағында тарих тудырған алыптардың басқан ізі тайға таңба басқандай айқындала беретіні анық. Сәкен  Сейфуллиннің үйі «ескі базардың» тұсында жұмыс орнына жақын болған. Ол жылдары қала шағын еді. Кеңестік атқару орындары мектеп, редакция, радио торабы, демалыс орындары, мәдениет ошақтарының бәрі қазіргі Д.Қонаев пен Журба көшесінің қиылысындағы үйде шоғырланған-ды. Сәкен, басқа да ұлт зиялылары қызмет еткен Қазақ ССР Атқару комитетінің ғимараты да дарияға жақын болған. Сол ғимарат 2000 жылдардың бас кезінде бұзылғанын өз көзіммен көріп, бейнетаспаға түсіріп, қала тұрғындарының пікірін сұрап, сауалнама жүргізгенмін. Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей осындай тарихи ескерткіштердің келер ұрпаққа аманаттай сақталып  тұра бергені дұрыс еді деген тұжырымды ой айттым. Сол хабар сақталып қалыпты. Жылдар өте келе бұл ғимараттың көшірмесі Сырдария өзенінің сол жағалауынан қайта бой көтерді. Бұл – тарихтың жаңғырығы.

1970 жылдардың орта шені. Мектептің жоғары сыныбында оқимын. «Ескі базардан» шығып, орталық демалыс паркінің тұсынан автобусты ұзақ күттім. Зеріккен соң аялдама қасындағы көне ғимаратқа ілінген тақтаға көз жібердім. «Бұл жерде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров қызмет еткен баспахана болған» деген жазуды оқыдым. Кейіннен бір қабатты кірпіштен салынған сол үйге жиі көз тігетін едім. Ішіндегі қарбалас тіршілікті көз алдыма елестететінмін. Сәбит Мұқановтың «Сырдария» романы да сол көне ғимаратта басылып, дүниеге келген екен. Радио торабы да осы ғимаратта орналасқан, – дейді.

Бүгінде Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінде ақынның 1930 жылы киген костюмі, 1934 жылы өзбек достары сыйлаған тақиясы мен шапаны бар. Сондай-ақ чемоданы, жолға шыққанда қолға ұстайтын саквояжы, отбасында тұтынған ыдыс-аяқтары, қабырға және қол сағаты, қаламы, жазу машинкасы, қолжазбалары, қалпағы, мойынорағышы, өзі жатқан ақ керуеті және тағы басқа көптеген дүниелері мен құжаттары, фотосуреттері сақталған.

Иә, Сәкен Сейфуллин – қазақ әдебиеті мен мәдениетінде, тарихында қайталанбас өзіндік орны бар тұлға. Оның ұлт үшін атқарған қызметі атын Алаш жұртына әйгіледі. Сәкендей алып тұлғаның Сыр елінде аз да болса қызмет еткенін мақтаныш етіп айтқанымызбен, қайраткердің тұрған үйінің бұзылып кеткені өкінішті…

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<