Тауар таңбасына қатысты шарттардың тәртібі қандай?

155

0


Барлық тауарларға (көрсетілетін қызметтерге) не олардың бір бөлiгiне қатысты тауар белгісіне айрықша құқық өзгеге беру шарты бойынша берілуi мүмкiн.


Егер тауар белгісіне айрықша құқық беру тауарға немесе оны жасаушыға қатысты жаңылыстыруға себепшi болса, оған жол берілмейдi.

Лицензиялық шарттың, кешенді кәсіпкерлік лицензия шартының немесе өзге де шарттың (лицензиялық шарт) талаптарына сәйкес иесі (лицензиат) болып табылмайтын кез келген тұлға қорғалатын тауар белгісін иесінің (лицензиар) рұқсатымен пайдалануға құқылы.


Тауар белгісін пайдалануға құқық барлық тауарларға (көрсетілетін қызметтерге) не олардың бір бөлiгiне қатысты табысталуы мүмкін.


Егер шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тауар белгісін пайдалануды жүзеге асыруға құқылы.


Тауар белгісін пайдалануға құқықтың қолданылу мерзімі шарттың талаптарына сәйкес немесе қосымша келісім жасасу жолымен ұзартылуы мүмкін.


Шартта мерзім көрсетілмеген жағдайда, тауар белгісін пайдалануға құқықтың қолданылу мерзімі осы шарт тіркелген күннен бастап бес жылға тең болады.


Лицензиялық шартта:


1) тауарлардың (көрсетілетін қызметтердiң) сапасын тауар белгісі иесінің (құқық иеленушінің) тауарлары (көрсететін қызметтерi) сапасынан төмен болмайтындай етіп сақтау;


2) тауар белгісі иесінің (құқық иеленушінің) өз тауарлары (көрсететін қызметтері) сапасын бақылауды жүзеге асыру құқығы туралы талаптар қамтылуға тиiс.


Тауар белгісіне айрықша құқықты басқа тұлғаға беру шарттың тоқтатылуына алып келмейді.
3. Барлық тауарларға (көрсетілетін қызметтерге) қатысты тауар белгісіне айрықша құқық және оны пайдалануға құқық кепіл нысаналары бола алады.


4. Осы бапта көрсетілген шарттар мен қосымша келісімдер жазбаша нысанда жасалады және Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелуге жатады.


5. Айрықша құқық беру немесе лицензиялық шарт осы шарттың мүдделі тарапының өтініші алынған күннен кейінгі он жұмыс күні ішінде тіркелуге жатады.


6. Жазбаша нысанның және (немесе) тіркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың маңызсыздығына алып келеді.
Шарттың тоқтатылуына байланысты Тауар белгілерінің мемлекеттік тізіліміне өзгерістер енгізу немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тіркеудің күшін жою шарттың мүдделі тарапының өтініші келіп түскен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Тіркеу туралы мәліметтерде мүдделі тұлғаның өтініші алынған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде және шарттың басқа мүдделі тараптарына жазбаша хабарлама жіберілген жағдайда, олардың тиесілілігін, сипатын немесе мазмұнын өзгертпейтін техникалық сипаттағы қателер түзетілуі мүмкін.
Тіркеуге жататын шарттардың түрлері

    1) Айрықша құқықты беру (беру) туралы шарт  

Айрықша құқықты беру шарты бойынша бір тарап өзіне тиесілі өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқықты толық көлемде немесе ішінара басқа тарапқа береді.
2) Лицензиялық шарт
Лицензиялық шарт бойынша зияткерлік шығарылған қызмет нәтижелеріне немесе дараландыру құралдарына айрықша құқықты иеленетін тарап (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) белгілі бір түрде тиісті зияткерлік меншік объектісін уақытша пайдалану құқығын береді.
3) Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) шарты
Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты бойынша бiр тарап (кешендi лицензиар) екiншi тарапқа (кешендi лицензиатқа) сыйақыға айрықша құқықтар кешенiн (лицензиялық кешен), соның iшiнде лицензиардың фирмалық атауын және қорғалатын коммерциялық ақпаратты пайдалану құқығын, сондай-ақ лицензиаттың кәсiпкерлiк қызметiнде пайдалану үшiн шартта көзделген айрықша құқықтардың басқа да объектiлерiн (тауар белгiсiн, қызмет көрсету белгiсiн, патент және т.б.) беруге мiндеттенедi.
4) Кепіл шарты
Өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқықтарға кепіл шарты – бұл өнеркәсіптік меншік объектісіне құқықты иеленетін бір тарап басқа тараптың алдында борышкер кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған жағдайда кепіл ұстаушы кепілге салынған мүліктің құқынынан қанағаттандыруды алуға құқылы болатын міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ететін шарт.
Өтініш «Тауар таңбасын, селекциялық жетiстiктердi және өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану құқығын беруді тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 2,3 және 4-қосымшаларына және «Тауар таңбасына, селекциялық жетістікке және өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқықты беруді тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 2, 3-қосымшаларына сәйкес беріледі.


Өтінішке:


төлемді растайтын құжат;
объектіні пайдалану құқығын беретін шарт немесе нотариалдық куәландырылған шарттың көшірмесі;
егер өтініш мемлекеттік көрсетілетін қызметтің көрсетілуі өкіл арқылы берілген жағдайда, сенімхаттың көшірмесі қоса беріледі.


Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі


Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету мерзімі: 10 жұмыс күні ішінде. Көрсетілген мерзім өтініш және оған қоса берілген құжаттар келіп түскен күннен бастап есептеледі және «ҰЗМИ» РМК-нің сұрауы бойынша өтініш иесіне жоқ немесе түзетілген құжаттарды ұсынуы немесе қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда 3 (үш) айдан аспайтын мерзімге ұзартылады.
Мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі Зияткерлік меншік құқығы Комитетіне қарасты «Ұлттық зияткерлік меншік институты» (ҰЗМИ) Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны көрсетеді. Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі Зияткерлік меншік құқығы Комитеті – патенттік ведомствоның сараптамалық функциясын іске асырушы ұйым болып табылады.

Ш.Бегежанова,


Қызылорда облысы Әділет департаментінің
Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы,
Қазақстан заңгерлер Одағының мүшесі