Тазалық тұрақты бақылауда

477

0

Қаладағы «Мұрагер» мектебінде семинар өтіп, алда 2018-2019 оқу жылына дайындық, жедел-ішек инфекцияларының, паразитарлық аурулардың және вирусты гепатиттің алдын алуға бағытталған шаралар талқыланды. Оған қалалық білім бөлімі, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары мен мектеп директорлары, жеке кәсіпкерлер, медбикелер мен балабақша меңгерушілері қатысты.

Семинарда мектептердің  оқушыны қабылдауға дайын­дығы, асхана және оның қондырғыларының жаңар­тылуы, медперсоналдың тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуі жайлы кеңінен айтылды.

Республика көлемінде топтасқан тағамнан улану және жедел-ішек ауруларының жағдайы мен мектеп асханаларына қойылатын талаптар туралы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Алма Шуақбаева мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өткен жылғы 16 тамыздағы «Білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидасы бойынша басқарманың санитарлық-гигиеналық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақмарал Қалкөзова хабарлама жасады. Сонымен қатар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының маманы мектептердегі өрт қауіпсіздік шараларының алдын алу  бағытында кеңінен тарқатып  берді.

– Оқушыға мектепте барлық жағдай жасалу керек. Әрбір мектепте жауапты маман бекітілген. Ол балалардың таза ауыз сумен қамтылуын тексеріп отырады. Қалада 11 мектепте фильтр қойылды. Қалған білім ошақтарында құтыдағы таза суды пайдаланады,–дейді Ақмарал Әбдуәлиқызы.

Қазір мектептерде асхана желісі жалға берілген. Онда жеке кәсіпкер жұмысын жүргізеді. Ал мектеп асханасының тиісті талаптарға сай болуы, ондағы құрал-жабдықтар, аспаздардың медициналық тексеруден уақытылы өтуі – бәрі де қатаң бақыланады. Бұл жұмыстар жүйелі жүргізілмесе, бала өміріне қауіп төнеді. Мәселен, өткен жылы Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе ауылында мектеп оқушылары тамақтан уланған болатын. Енді осы мәселенің алдын алуда атқарылуы тиіс шаралар жайлы Алма Шуақбаева айтып берді.

Семинарда көтерілген   мәселеге байланысты мамандар  алдағы уақытта асхана тазалығын бақылау  пысықталатынын жеткізді.

 

Сара  АДАЙБАЕВА, 

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<