Тазалық әр үйден, әр көшеден басталады

84

0

Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті арттыру – мемлекет саясатының маңызды бағыты. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы бүгінде бүкіл ел көлемінде кең қолдау тауып, игі нәтижесін беріп келеді. Бұл бастама Сыр өңірінде жүйелі жүзеге асып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, жасыл аймақтарды көбейтуге және табиғатты аялауға бағытталды.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы» деген болатын.

Жақында өңірде «Таза Қазақстан» респуб­ликалық экологиялық бағдарламасы аясында кең көлемді тазалық акциясы өтті. Ауқымды акцияға облыс бойынша 17694 адам қатысты. Сондай-ақ Ботаникалық саябақ аумағы көгалдандырылып, 500 түп қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Бұл жұмыстар өңірді жасыл желекке бөлеуге, ауа сапасын жақсартуға және қала тұрғындары үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға бағытталды.

Бағдарлама шеңберінде облыстың барлық елді мекенінде бір мезгілде ауқымды сенбілік және абаттандыру жұмыстары ұйымдас­тырылды.

Жыл басынан бері өңірдегі экологиялық шараларға 121 992 адам, яғни еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджет саласының және кәсіпорын қызметкерлері белсене қатысты. Осы уақыт аралығында 3 030 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылып, 3 367 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1 019 әлеуметтік нысан, 669 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 210 су объектісі және 5 383 көше бойы тазартылды. Бұл жұмыстарға 548 техника жұмылдырылды.

Сонымен қатар, жергілікті климатқа бейімделген 88 567 түп ағаш көшеті отыр­ғызылды. Олардың қатарында қарағаш, терек, Сыр талы және басқа да көшет түрлері бар. Жалпы, мұндай акциялар – өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытуға, табиғатты қорғауды жүйелі жолға қоюға және тұр­ғындардың қоршаған ортаға деген жауап­кершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама.

Айта кетерлігі, «KazStroyCapital» ЖШС «Қорқыт ата әуежайы» аумағына, орталық көшелер мен саябақтарға 779 мың біржылдық және 33,8 мың көпжылдық гүл көшетін егіп, 73,5 мың шаршы метр көгал төседі.

«Hunter» технологиясына негізделген автоматты суару жүйесі, 45 шақырымнан астам құбыр тартылды. Қазір қаладағы 27 субұрқақ іске қосылды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудандарда да белсенді жұмыс атқарылуда. Мәселен, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы және барлық ауылдық округ­терде жаппай сенбілік ұдайы ұйымдастырылды.

Сенбілікте Әйтеке би кентінің орталық көшелеріндегі шөп шабылып, қоқыс терілді. Мекеме, ұжым қызметкерлерінің басым бөлігі мәдени-демалыс кешеніндегі шөп шабу жұмыстарына жұмылдырылды. Сондай-ақ барлық елді мекенде аяқсу арықтары  тазар­тылды. Жалпы тазалық шараларына мекеме қызметкерлерінен бөлек тұрғындар мен ерікті жастар, «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары қатысып, тазалыққа атсалысты. Сенбілікке 136 мекемеден 1780 адам қатысып, 11 техника жұмылдырылды. Жалпы көшелер мен саябақтардан және басқа да орындардан 10,5 тонна тұрмыстық қатты қалдық арнайы орынға шығарылды.

Осылайша аймақта санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»