Телемедицина: үдеріспен үндестік

2366

0

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталатын жуырдағы Жолдауында денсаулық сақтау саласына тоқталып, саланы дамытуға қатысты бірқатар міндеттемелер жүктеді.

Соның ішінде цифрландыру инфрақұрылымын дамытуға тоқталғаны белгілі. «Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, енді ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Сонымен қатар, телемедицина бағытын дамытатын боламыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады» деді Президент.

2019 жылы 1 ақпанында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтында еліміздегі телемедицина туралы мақала жарияланды. Онда ауылдық жерлерде тұратын халыққа медициналық қызмет көрсету үшін жаңа технологияларға инвестицияны көптеп салып жатқаны айтылған және телемедицина жетістіктеріне тоқталған.

«Қазақстанның телемедицина жүйесі 2004 жылы құрылған. Ол ауыл тұрғындарына арнайы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында да телемедицинаға ерекше назар аударылған. Қазақстан цифрлық денсаулық сақтау саласын дамытуға күш салып жатыр», деп жазады ДДҰ сайты. 

Сондай-ақ, автор елде 2016 жылы 28 мың телемедициналық қызмет пен бейнеконсультация өткізілгенін айтады.

«Қазақстанның телемедицина жүйесі аудандық, облыстық, ұлттық деңгейдегі 209 медицина мекемесінде жұмыс істейді. Сонымен қатар жүйе санитарлық авиацияны да қамтиды. Бұл жүйе тек медициналық қызмет көрсету ғана емес, медициналық оқу орындары студенттеріне дәріс оқып, семинарлар өткізу үшін де қолданылады» дейді автор.

Әлем цифрлық жүйені бағындырып, жасанды интеллекті алға озып, күн сайын жаңа технологиялар үстемдік құрып  жатқан заманда елдегі медицина саласын уақыт талабына сай жарақтап отыру маңызды. Осы орайда әрине, түрлі ақпараттық жүйелер енгізілуде. Соның ішінде жоғарыда айтылғандай, телемедицинаның мүмкіндігін молынан пайдалану шарт.

Жалпы телемедицина деген не? Бұл – информатика (компьютер және интернет) және телекоммуникациялар (телефон), сондай-ақ технология мен медицинаның соңғы жетістіктерін пайдалана отырып, қашықтан медициналық және денсаулық сақтау қызметтерін көрсету. Дамыған елдерде ондай қызметтерге денсаулық жағдайымен кеңесу және науқасқа дәрігерге бармай-ақ  диагноз қою (маманға жіберілген рентген суреттері, эхограммалар, ЭКГ, магнитті-резонансты томография, компьютерлік томография немесе УДЗ негізінде) жатады. Маңыздысы, дәрігерлер осылайша көрсетілетін медициналық қызметтерге жауапты. Әрине біздің елде телемедицина жүйесі соншалықты жоғары деңгейге жете қойған жоқ. Біздегі телемедицинаның басты жетістігі – үлкен медициналық орталықтардағы мамандардың шалғайда орналасқан аудандарға арнайы көмек көрсете алуы. Сонымен қатар телеоқыту, хирургиялық операциялар трансляциясы, мобильді телемедициналық кешендер жақсы дамыған.

Еліміздің басқа өңірлері секілді біздің аймақтың денсаулық сақтау саласында да телемедицина жолға қойылған. Облыстық көпбейінді аурухана базасында жасақталған телемедицина кабинеті бар. Ол облыс көлеміндегі қызметтерді ұйымдастырады.

–       Біздің облыста телемедицина 2005 жылы қолға алынды. Алғашында айына 50-60 қызмет көрсетілетін. Қазір 100-ге дейін жетеді. 7 ауданда және Байқоңыр қаласында телемедицина орнатылған. Кейінгі жылдары қалалық аурухана, облыстық балалар ауруханасы және Қазалы аудандық ауруханасы телемедицинамен қамтылды. Науқастың жағдайына байланысты бірінші кезекте телемедицина арқылы консультация жүргізіледі. Сосын ғана қажеттілігіне қарай санавиация жіберіледі. Аудандардан көп шақыртылатын маман – нейрохирург. Өйткені оларда штат бойынша нейрохирург жоқ. Сонымен бірге кардиолог маманды жиі қажет етеді. Жол-көлік оқиғалары болған кезде ауыр жағдайдағы науқастарға травматолог, реаниматолог, хирургтарды жиі жібереміз. Ал акушерлік жағдайда балалар ауруханасынан, перинаталды орталықтан акушер-гинекологтар, неонатологтар, балалар хирургі мен травматологтары қажет болып жатады, – дейді телемедицина координаторы Меңіл Базаров.

Биылғы сегіз айдың өзінде телемедицина арқылы 648 қызмет көрсетілген.  Оның ішінде Астана қаласының ірі медицина орталықтары мамандары 30 консультация өткізіп, Алматымен 38 байланыс жасалса, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының қатысуымен 41 телеконференция өткізілген.  Меңіл Базарұлының айтуынша, телемедицинаның мүмкіндігі мол. Ол біріншіден, уақыт үнемдеуге, екіншіден, шұғыл әрі нақты медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Консультациялардан бөлек, жас мамандарға телеоқулар өткізуде де кеңінен қолданылуда. Телемедицина арқылы жылына 1000-1200 қызмет көрсетіледі.

Жолдауда айтылғандай, Мемлекет басшысы сала жұмысын жетілдіруде телемедицинаны дамыту қажеттігін де міндеттеді. Бұл уақыт талабы туындатып отырған мәселе екені анық. Өйткені әлемде медицина күн санап дамуда.  Мәселен, Польшада дәрігерлер саны азайып келеді, бұл әсіресе мамандарға қатысты. Сонымен қатар халық қартаюда және медициналық көмекті қажет етеді. Демек, телемедицина денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындарды және поляктардың физикалық жағдайын күтуге жұмсайтын уақытын оңтайландыратын сөзсіз шешім болып көрінеді. Польша телемедицинасы астма, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, психикалық аурулар сияқты созылмалы кеселі бар науқастарды және инсульттан кейінгі адамдардың денсаулығын диагностикалауда, бақылауда пайдалы көрінеді.

Жалпы телемедицинаны қарапайым тілмен түсіндірсек, қашықтан дәрігерлік көмек көрсету  дегенді білдіреді. Мамандар телемедицинаның жедел дамып келе жатқанын, қашықтан көмек көрсетудің  пандемия кезінде кең қолданылғанын айтады. Қарт адамның денсаулығын қашықтан диагностикалауға және бақылауға мүмкіндік беретін, сонымен қатар коронавирустың немесе басқа да ауыр дерттің белгісі анықталған жағдайда сигнал беретін бағдарлама жасалған. Мәселен, Қытайдың технология алыбы Alibaba коронавирус жағдайын 20 секундта анықтауға мүмкіндік беретін алгоритмді жариялағаны белгілі. Оның көрсеткіші 96% қатесіз болады екен. Бұл медициналық қызметкердің диагностика жүргізуімен салыстырғанда 45 есе тез. Сонымен қатар, Apple мен Google коронавирусқа қарсы күресте бос отырған жоқ. Мобильді қосымша Bluetooth сигналы арқылы коронавирус жұқтырғандардың жақын маңда екенін хабарлап отырады.

Қалай десек те,  саланы жаңа технологиялармен қамтуда, заман үдерісімен үндесуде телемедицинаны дамытудың пайдасы зор болмақ.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<