Теміржол түлеткен тіршілік

144

0

Орта Азия теміржолын салу мәселесі ХІХ ғасырдың 50-жылдарында-ақ туындаған. Бұл мәселе Орта Азияның Ресейге қосылуы аяқталғаннан кейін ғана шешімін таба бастады.

Патша айрықша мәжілістің журналында: «Дәл қазіргі сәтте «Орынбор-Ташкент» бағытын дұрыс санаймын», – деп қолтаңбасын қалдырды. Мәселені түпкілікті шешу үшін сол кездегі жол қатынастары министрі М.Хилнов Орынбордан Ташкентке сапар шекті.

«Оренбургский листок» газеті 1900 жылдың 16 шілдесіндегі санында: «Жол қатынастары министрінің далаға шыққан сапары Орынбор-Ташкент аралығындағы бағыттың түпкілікті шешілгенін айқын дәлелдеді» деп жазды.

«Орынбор-Ташкент» бағытының түпкілікті нұсқасы 1901 жылдың 21 сәуірінде бекітілді. «Ташкент-Қазалы» бағытындағы оңтүстік учаске 789 миль (1 миль 1670 метрге тең) болып белгіленді. Бір шақырымның құны – 50,721 сом.

«Орынбор-Қазалы» бағытындағы солтүстік учаске қашықтығы 952 миль болатын. Бұл учаскенің әрбір шақырымына 61600 сом көзделді.

Сол уақытпен алғанда жолдың жобалық құны 114727500 сомды құрады. Құрылысты басқару үшін арнайы құрылған комиссия жұмысты өте қысқа мерзімде аяқтау туралы шешім қабылдады.

Солтүстік учаске құрылысын 1905 жылдың 1 қаңтарына, оңтүстік бөлігін 1906 жылдың 1 қаңтарына аяқтау межеленді.

«Орынбор-Қазалы» солтүстік учаскесінің басқару орталығы Орынборға қоныс тепті. Ол сегіз учаскеге бөлінді. Қазалының сегізінші учаскесі «Сапақ» станциясы маңынан бастау алды.

Басқарма бастығы болып жол қаты­насының инженері Урсоти Александр Иванович тағайындалды. Ол Уссурийск теміржолы мен «Самарқан-Әндіжан-Орта Азия» учаскесін салуға қатысып, ол жақтан бүкіл кеңсе аппаратымен Орынборға көшіп келді. «Қазалы» учаскесіне қатынас жолдар инженері Евстафий Викторович Хоромонский басшылық жасады.
1901 жылдың 21 сәуірін Перовск қаласы­ның тарихындағы айтулы күн деп белгілеуге негіз бар. Бұл күні Николай ІІ патша «Орынбор-Ташкент» теміржолын салудың жобасын бекітіп, қаражат бөлуге жарлық шығарды.

1901 жылдың 10 мамырында Орынбор жақтан алғашқы теміржол төселе бастаса, Ташкент жағынан сол жылдың 9 қарашасында теміржол төсеніші қарсы бағытта салына бастайды.

Осылайша 1905 жылдың 25 шілдесінде «Орынбор-Ташкент» темір­жо­лының, 1906 жылдың 1 сәуірінде «Ташкент-Қазалы» теміржолының қозғалысы ашылды.

Архив құжаттарынан Перовск қаласында теміржол салу үшін жерді иеліктен шығару мәселесі қаралғанын дәлелдейтін құжаттар кездеседі. Соның ішінде 1904 жылғы 6 қа­зандағы «Орынбор-Ташкент» теміржолы­ның солтүстік бөлігін салу басқармасы ғи­маратының мүлкін иеліктен шығару жөніндегі мемлекеттік агенті Р.Пасевьевке жазған қатынас хатын айтуға болады: «7-учаскенің басшысына берілген құрылыс желісі бойынша жүктерді тасымалдағаны үшін ақша өндіріп алуға тиесілі кісілердің тізімінде 1904 жылғы 23 қыркүйектегі № 1326 қатынас бойынша Потосинге «Арал теңізі» станциясында иеліктен шығарылған жері үшін ақша тиесілі екенін және сол ақшадан жүктерді тасымалдағаны үшін 10 рубль 14 тиын ұсталып қалатынын хабарлайды».

1903 жылғы 18 желтоқсандағы теміржол құрылысын басқару жөніндегі комитеттің шығарған қаулысында «Орынбор-Ташкент» теміржолының солтүстік бөлігін салу кезінде Арал стансасындағы тұрғын үйді, екі сарайды, мұздықты және казак Василий Толстойдың екі балық сақтайтын шұңқырын, казактардың тұрғын үйі мен мұздығын, Ф.Калининнің моншасын иеліктен шығарып, аталған ғимараттарды бұзу және оқшаулау аймағынан шығару үшін Толстойға 350 рубль, Калининге 125 рубль, Потосинге 100 рубль бөлініп, қазынаға қойылған барлық талаптарға жаз­баша келісім бергені жөнінде деректер келтірілген.

«Орынбор-Ташкент» теміржолының іске қосылуымен жолдың өн бойында ірі ұжымдар, локомотив деполары, станциялық жол, белгі беру және байланыс шаруашылықтары пайда болды. Жолаушыларға қызмет көрсету үшін вокзалдар, қоғамдық тамақтандыру орындары салынып, теміржол тораптары жұмысшы табының қуатты орталығына айналды. Перовск (қазіргі Қызылорда) Қазалы, Ақтөбе, Шалқар және Түркістан сияқты ірі станциялар салынды. Бұл станциялар Қазақстанның Ресеймен және Орталық Азиямен байланыс торабына айналды.
Сондай-ақ теміржол бойында оқу орын­дары, теміржол училищелері ашыла бастады. 1906 жылы Перовск қаласында теміржол депосы жанынан ашылған училище темір­жолшыларды даярлауға арналған алғашқы оқу орындарының бірі болды.

Училищеде теміржол саласының әртүрлі мамандықтары бойынша білім берілді, оның ішінде вагон жөндеушілер, станция қыз­меткерлері және басқа да мамандар даярланды. Бұл оқу орны теміржол саласының кәсіби деңгейін көтеруге және жұмыс­шылардың біліктілігін арттыруға ықпал етті.

«Орынбор-Ташкент» теміржолы Қазақ­станның көлік инфрақұрылымының дамуына, экономикалық байланыстардың нығаюына және халықтың әлеуметтік жағ­дайының жақсаруына әсер етті. Бұл теміржол – қазір де Қазақстанның оңтүстік және батыс аудандарын Ресеймен, Орталық Азиямен байланыстыратын негізгі көлік дәлізі.

А.ҚАПАНОВА,
архив құжаттарын пайдалану
және жариялау бөлімінің
І санатты археографы