«Теңізде туған баламын»

659

0

Ақын Қадыр Мырза-Әлі «…Автордың айтып отырғаны өз ауылы, әрине. Бірақ сен оны өз ауылыңдай көресің. Ақынның жазып отырғаны өз сағынышы, әрине. Бірақ сен оны да өз сағынышыңдай қабылдайсың. Өлең-жырдағы жалқы сезімнің көркемдіктің арқасында жалпыхалықтық сезімге айналуы – өнер бақыты…» деген екен. Бұл – жерлесіміз Толыбай Абылаев поэзиясы турасында айтылған пікір. Аралда мерейлі жетпіс жасқа толған ақынның шығармашылық кеші өтті.

Аудандық мәдениет үйіндегі Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Толыбай Абылаевтың кеші кітаптары мен жинақтарының көрмесінен бастау алды. Абай атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Ж.Әлішова көрмені таныстырып, шығармалардағы салмақты ой мен шеберлікке баса тоқталды.

Сахнада  жергілікті  жас ақындар жыр оқып, жиналғандарды өлеңнің құдіретіне бас идірді.

«Арлы сертке адал ақын» атты кешті  Арал  ауданының  әкімі Серік Сермағамбетов ашып:

– Толыбай Абылаев – көптеген поэзиялық жинақтың авторы. Өлеңін өмірмен ұштастырып, шығармаларын сын таразысына салып, оқырман үшін орамды ойлар мен жырлар арнаған қаламгер. Туған жер туралы толғаулары халық ықыласына бөленді. Отты өлеңдері мен тың туындылары ақынды абырой биігіне шығарды.  Ұрпаққа өнеге болған мол мұраларыңыз көбейіп, жазарыңыз таусылмасын. Деніңізге саулық, шығармашылық табыс тілеймін! – деп құттықтауын арнап, сый-сияпат табыстады.

Кеште Толыбай Абылаевтың «Алақанда – Аралым» атты жинағы  мен «Кішкентай балықтың ертегісі» атты шығармасының тұсаукесер   рәсімі  өтіп,  оқырманға жол тартты. Ел ағалары мен ақындар қаламдас әріптестері мерейтой иесін құттықтап, арнауларын оқыды. Ақын мен оның жарына құрмет көрсетті.

Бүлдіршіндер еңбек жолын балықшылықтан бастап, кейін қолына қалам алып, бала күнгі арманын ақиқатқа айналдырған, «Шағала», «Арал көшіп келеді», «Аралдан соққан жел», «Арал Атлантидасы», «Махаббат дәптері», «Қыран шайыр», «Нұртуған шайыр», басқа да құнды еңбектерімен оқырманның сүйікті ақынына, өнердегі бағбанына айналған қаламгердің  өлең-жырларын жатқа айтты. Жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.

Шығармашылық кеште «Сыр медиа» ЖШС  ардагерлер  кеңесінің төрағасы Кенжалы Ерімбетов ақынға облыстық ардагерлер кеңесі атынан «Қызылорда облысының құрметті ардагері» төсбелгісін, сондай-ақ «Сыр медиа» серіктестігінің құттықтауын табыстады. 

Оңталап ЖОЛДАСОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<