Тіл – темірқазығымыз

470

0

Тіл – мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда көрнекі ақпаратта орыс және қазақ тілін пайдалануды регламенттейтін заңға қол қойды. Жаңа Ережелерге сәйкес көрнекі ақпаратты орыс тілінде жазу енді міндетті болмайды. Сондай-ақ жол белгілеріндегі жазбаларды мемлекеттік тілде жазу, хабарландыруларды, жарнамаларды, баға белгілерін, мәзірлерді, нұсқауларды да қазақ тілінде жазу мүмкіндігіне қол жеткізілді. Мемлекеттік тіл, шын мәнінде, ұлттық саясаттың өзегі, діңгегі дейтін болсақ, қазақ тіліне басымдық беріп, техника, экономика, саясат тіліне айналғаны жөн.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасының мән-маңызы мен мақсаты неде? Миссиясы – қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне орнықтыру, мақсаты – ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, толық таралуына ықпал ету, оқыту, зерттеу және жүйелеудің ғылыми-әдістемелік негізін әзірлеу сынды 12 түрлі міндетті орындауды жоспарға енгізді. Биылдан бастап, нақты жұмыстар жүзеге аса бастайды. Әр бес жыл сайын атқарылған іске есеп беріліп, меже мен міндет айқындалып, алға басқа мақсаттар қойылады.

Тағы айта кететіні, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы ең алдымен қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті дамытуға арналған бірнеше негізгі бағытты қамтиды. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», – деген екен Бауыржан Момышұлы. Осы қазақ тілінің тағдыры жайында тіл жанашыры ретінде жастарға айтарымыз аз емес.

Жақында Конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізу бойынша референдум өткізілгелі тұр. Ол да үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан саяси науқанға мейлінше үлес қосып, болашаққа қадам басуға дағдылануы керек.

Біз көпұлтты мемлекетпіз. Мейлі бола берейік, бұл тарихи даму жолымен қалыптасты және бұл біздің еліміздің кемшілігі емес, басқалардан артықшылығы. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Бұрынғы даналардан қалған «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Әрине, құптарлық ой, бірақ, өзге тілді игеремін деп жүргенде өз тілімізден айырылып қалмау жолын қатаң қадағалау керек. Ұлтшылдық рух жоқ жерде, ұлтқа адал қызмет ету де жоқ. Осыған көзіміз жетіп отыр.

Жаңақорғанда 20-ға жуық өзге этнос өкілдері тұрады. Салты мен дәстүрі басқа болғанымен, ортақ мүддеге ұйыстыратын жалғыз құралы, ол – қазақ тілі.

Бір сөзбен айтқанда, ұлт пен тілдің бірлігі – халық әлеуетінің, ұлт руханиятының ұлы тұғыры болары сөзсіз.

Ізәтілла НӘРЗІЛДАЕВ,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<