Тіл ұлтты сақтайды, біріктіреді

516

0

Әрбір халықтың ұлт ретінде сақталуы мен дамуының өзіндік айқын ерекшелігі, басты белгісі болады. Күллі түркі халқының, оның ішінде қазақтың ұлт ретінде ұйысуы мен болашақта дамуының басты тірегі – оның қасиетті тілі. Сондықтан да ұлы дала ойшылдары әл Фараби, Қорқыт ата, Ж.Баласағұни, М.Қашқари, А.Йассауилерден бастап Абай, А.Байтұрсынұлы, Б.Момышұлы, бүгінгі Президентіміз Қ.Тоқаев  тілдің этносты сақтайтын, біріктіретін бірден-бір идеология екенін айтып келеді.

Қазақстан – біртұтас унитарлық мемлекет болғанымен оның Алтайдан Атырауға, Ертістен Еділге дейін құлашын кең жайған ұлы даласында бір-біріне жақын әрі бір-бірінен ерекшеленетін аймақтары бар екендігі белгілі. Бұл аймақтарда тұратын халық географиялық, әлеуметтік, тарихи, мәдени құндылықтары, т.б. толып жатқан салт-дәстүрімен бір-бірінен ерекшеленгенімен, қасиетті қазақ тілінің  арқасында  тұтастыққа бірігеді.

Қазақ тілінің біртұтастығы мен бірқалыптылығы, қоғамды біріктірушілік қызметінің маңыздылығы туралы қазақ кәсіби лингвистикасының негізін қалаушы, профессор Қ.Жұбанұлы былай дейді: «…Басқасын қойып, бірлескен қоғамның ішкі қатынасының негізгі айнасы болатын тілді алсақ, қазақ тіліндей бір өңкейлікті, бір қалыптылықты басқа тілдерден өте сирек ұшыратуға болады. Қазақ тілінде ешбір диалекті жоқ деуге болады. Осы күні ғана болар-болмас жарқыншақ барын сезіп жүрміз. Сонда да бұл сияқты тіл бірлігі маңайдағы тілдердің ешқайсысында жоқ. 4-5 миллиондай көп халық қазақ жеріндегі ұшсыз, қиырсыз шалқыған кең даланы алып жатып тұрып, қалайша мұндай тіл тұтастығын жасай алды деген сұрау таңданбастай нәрсе емес. Мұнан 5-6 есе аз, жері мұныкінен 20 есе шағын тілдердің ішкі айырмашылығы сонша күшті, қайбір диалектілерді ол тілге қосудың өзі даулы болып қалады. Тілдегі мұндай тұтастық, бір өңділік тұрмыста ұзаққа созылған тығыз қатынас болғандығын көрсетеді. Ондай тығыз қатынас болмаса, өзі келіп, неше түрлі елден құралған бір халықтың тілі мұншама бірікпеген болар еді. Осы тығыз қатынас Ресейге қарамас бұрын болғаны анық. Ресейге қарағаннан кейін қайта қатынас әлсіреп, қазақ елінің бірлігі ыдырап, қоғам организмдері ұсақталып, осыған сәйкес қазақтың бұрынғы тұтас мәдениетінің тігістері сөгіліп, ұсақталып, жарықшақталып, бытырауға айналғанын көреміз» [Жұбанұлы Қ. Төңкеріс және қазақтың ұлт тілі //Жұбанұлы Қ. Қазақ тіл білімінің мәселелері / Құраст. Ғ.Әнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2013. 439-бет].

Дүниеде бір халықты дін біріктірсе, екінші халықты жетілген ұлттық санасы, үшіншісін дәстүр-салты біріктіреді. Ал біздің ұлт қазақ тілі арқылы бірігеді. Ахмет Байтұрсынұлы: «Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір. Қойшы, түйеші, биеші емлесі деген қазақта жоқ нәрсе. Тоқсандағы шалының, тоғыздағы баласының – бәрінің емлесі біреу-ақ…» – дейді [Байтұрсынұлы А. Қазақша сөз жазушыларға // Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері). – Алматы: Ана тілі, 1992. 440-бет].

Міне, бұл – қазақ тілінің өткен ғасырдың басындағы жағдайы. Мұнан шығатын қорытынды шаруашылықты басқару мен оны ұйымдастыратын экономикалық институттар, қоғамды билеу және басқару қызметтерін жүзеге асыратын саяси институттар, ғылым мен білімнің, өнердің дамуына және қоғамдағы моральдық құндылықтарды қолдауға ықпал ететін рухани саланың институттары, әлеуметтік жүйенің негізгі және маңызды саласы болып саналатын отбасы институты қазақ қоғамының бірлесіп өмір сүруінің тұрақты формаларын қалыптастырды. Сол әлеуметтік институттардың көмегімен адамдар арасындағы қарым-қатынастар белгілі бір тәртіп пен стандарттарға келтіріліп, олардың мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері реттеліп отырады. Соның нәтижесінде тұтас қоғам өмірі дұрыс ұйымдастырылып, оның тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Тілі де өзге тілдер сияқты жік-жікке бөлінбей, Қазақ елін бір қылып, қоғамын бірлестіріп, өз сөйлеушілерінің басын қосып, бір текті мәдениет тұрғызуға қызмет етті. Бір тілде сөйлейтін адамдардың арасына жік түсіп, сол тілдің екінші бір өмір сүру формасына ауысуы не өзге тілдің ықпалына түсуі қоғамдағы мәдени және саяси өзгерістердің болуына тығыз байланысты. Еліміздегі қазіргі қалыптасып отырған тілдік ахуалға қарасақ, онда екі мықты тілдің: мемлекетқұрушы ұлттың ана тілі – қазақ тілінің және кеңестік заманда ұлы тіл ретінде насихатталып, билік тіліне айналған – орыс тілінің жарыса қолданылуын көруге болады.

Елдегі саяси, әлеуметтік, мәдени құндылықтардың да өзгеруі тілдік ахуалға әсер етпей қоймайды. Саяси жүйедегі осындай ауыс-түйістермен бірге қазіргі күні елдегі демографиялық ахуалдың да мемлекетқұрушы ұлт – қазақтардың пайдасына қарай шешілуде. Қазіргі кезде 2021 жылы жүргізілген ұлттық санақтың қорытындысы бойынша қазақ ұлтының үлесі 70,4%-ға жетті. Бұл Қазақстанның моноұлтты мемлекет ретінде қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан адам ағзасына батпандап кірген аурудың да мысқалдап шығатынын, оған жақсы ем мен уақыт керек екендігін ескерсек, қазақ тіліне де дамып, өз мәртебесіне сай  қызмет етуі мен қолданыс аясының кеңеюіне сондай жағымды фактор мен уақыт керек. Сондай жаңа қадам қазіргі күні қазақ тіліне жүргізіліп жатқан тіл реформасы – әліпби ауыстыру мәселесінде оң шешімін табуы тиіс. Алдағы уақытта қазақ қоғамында көптен айтылып жүрген, тіпті арманы болған Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы қажет. Сонда Қазақстанның саяси тәуелсіздігі мықтыланып, еліміздің лингвистикалық егемендігі орнайды.

Қазақ тілі графикаланған, стандартталған және модернизацияланған тіл ретінде қазір де  халқына қызмет етуге жарамды. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәрін жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды», – деген Ақаңның сөзін есімізге алсақ, оны жарамсыз тіл етіп отырған өзіміз. Сондықтан қазақ тілін емес, қазақтың өзін, санасын құтқару керек.  Президентіміз Қ.Тоқаевтың «қазақ тілін этносаралық тіл ретінде дамыту керек» деуінен болашақта ел аумағында барлық қарым-қатынаста бірден-бір негізі тіл қазақ  тілі болатынын аңғару қиын емес. Демек қазақ тілін дамытуға осындай мемлекеттік қамқорлық пен халықтың қолдауы керек.

Аман  АБАСИЛОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<