ТІЛ АРҚЫЛЫ ТАРИХЫМЫЗ ТҮЗІЛЕДІ

349

0

Мемлекет басшысы 2018 жылдың 19 ақпанында ­латын графикасына негізделген жаңа әліпби нұсқасына қол қойды. Дәлірек айтсақ, «Қазақ тілі әліпбиін криллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізіліп, қазақ әліпбиі қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылуын мақұлдады. 

Мемлекеттік тілді рефор­малауға қа­тысты Ұлттық комиссия құрылып,  ғалым­дар мен тіл саласының мамандары тарапынан тиісті шара­лар атқарылды. Әйтсе де, қо­ғамда қызу талқыға түскен әліп­би мәселесі әлі де біршама толық­тыруларды қажет ететін сы­ңай­лы. Осы салада тер төгіп жүрген ғалымдардың айтуынша, ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынов енгізген қазақ әліпбиінің заңдылықтарын сақ­тай отырып, жаңа әліпбиде тілі­міз­дің дыбыс құрамын, үйлесім әуезін, буын тұрқын, тасымал жігін және сөйлеу ырғағы сияқты басты ерекшеліктерін бұзып, жазуға жол берілмеуі тиіс.

Облыстық ішкі саясат бас­қармасы мен «Қызылорда–Ақиқат айнасы» жастар қо­­­­­­ғам­дық бірлестігінің ұйым­дас­­­­­тыруымен «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру – маңызды белес» тақырыбында ҚМУ-дың Студенттер сарайында өткен республикалық конференцияда осы мәселелер жан-жақты талқыланды.

Айталық, А.Байтұрсынов атын­дағы Тіл білімі инс­ти­ту­тының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының док­­­торы, профессор Әлімхан Жүнісбек,  Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқа­ру­шы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек сын­ды ғалымдар тұжырымды ой-пікір­лерін ортаға салды. Ал кон­ференцияны Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауым­дастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аман Абасилов жүргізді.

«Қазақ жазуы: төл дыбыс – төл әліпби» тақырыбында баян­дама жасаған Әлімхан Жүнісбек ғылыми теориялық негіз­де­мелерге сәйкес жаңа әліп­биде сақталуы тиіс заңды­лықтарды атап көрсетті.

– Осыған дейінгі қазақ тілінің заңдылығында екі дауысты дыбыс қатар тұр­майды, буын дауысты дыбыс­тан басталмайды, сондай-ақ, сөз соңында дауысты буын мен тұйық буын тұрмайды. Демек, жаңа әліпбиде осы аталған заңдылықтар сақталуы тиіс. Олай болмаған күнде төл дыбыстарымыз өзгеріске ұшырап, жазуымыз бұзылады.

Бұл тұрғыда біз ешқандай жаңалық ашып отырғанымыз жоқ, кезінде А.Байтұрсынов ашып кеткен жаңалықты жаң­ғыр­­туымыз қажет, – деді ғалым.

Ал филология ғылым­да­рының кандидаты Бижомарт Қапалбек «Латын қарпіне көшу барысындағы әзірлеу, енгізу жұмыстары» тақырыбын тар­қата келіп, осынау жауапты жұмысты атқаруда тек саяси тұрғыдан емес, нақты ғылыми негіздемелерге сүйене отырып, шешім қабылдау қажеттігін атап өтті.

– Қазақ тілінің латын қарпіне негіз­делген жаңа әліпбиін жасау – тек бүгінгі күннің мәселесі емес, ұлтымыздың келешегі үшін маңызды. Сондықтан бұл тақырыпты терең талдап, тілі­міздің төл табиғатына сәйкес тұжырым жасауымыз қажет. Айта кетейік, кезінде А.Бай­тұр­сынов жасаған әліпбиді балалар бар болғаны төрт апта ішінде жаттап алатын болған. Ал бүгінде «Әліппенің» орнын басқан «Сауат ашу» пәнін бірінші сынып оқушылары қыр­­күйек айынан наурыз айына дейін оқиды. Осының өзі кирилл әліпбиін кіріктіру кезінде өз төл дыбыстарымыздың өз­ге­ріске ұшырағанының бір көрінісі.

Қазіргі таңда біздің алдымызда негізгі үш мәселе тұр. Олар: үнді дауыссыз й мен у дыбыстарының емлесі, бірге не бөлек жазылатын сөздер емлесі және шеттен енген сөздердің жазылу емлесі. Егер осы мәселелерді орнықты шешетін болсақ, жаңа әліпбиіміз үйре­нуге де, игеруге де қолайлы болары сөзсіз, – дейді Бижомарт Сейсенбекұлы.

Жиында сөз алған Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қазақ тілі мен журналистика кафе­дра­сының аға оқытушысы, фило­логия ғылымдарының кан­­­дидаты Болат Боранбай да бірінші кезекте осы дыбыс­тарды таңбалау мәселесінің басын ашып алу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, халықаралық сөздердің жазылуында бізге орыс тілінен гөрі ағылшын тіліндегі нұсқасы қолайлы бола­­тынын атап өтті. Яғни, жоғарыда аталған мәселелер бойынша жаңа әліпбиді қайта қарап, олқылық орын алмайтындай ортақ шешімге келу керек екенін айтады.

Сондай-ақ, конференцияға қатысқан мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінің бас­шылары, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқы­ту­шы­лары, филолог-ға­лымдар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері де тақырып аясында өздерін тол­ғандырған сауалдарын қойып, ұсы­ныс­тарын айтты.

Жиынды қорытындылаған А.Абасилов бұл мәселені шешуде ғылыми негіздемелер бойынша сарапталған сала маман­да­рының пікірімен санасқан жөн екендігін жеткізді.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<