«Түйткілдерді уақытылы анықтап, дер кезінде шешу керек»

343

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Жиынды ашқан Мемлекет басшысы былтыр күзде Алматы жұртшылығымен  кездесу барысында қаланы дамытудың басты бағыттары айқындалғанын атап өтіп, нәтижесінде Алматыны дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданып, шаһардың 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілгенін айтты.

– Алдағы 20   жылда  Алматы халқының саны  3 миллионға жуықтайды деген болжам бар. Болашақта қала ішіндегі бес аумақ  орталық ретінде дамиды. Сонда орталықтағы қазіргі ахуал біршама жеңілдеп, барлық ауданға бірдей салмақ түседі. Соңғы 10 жылда қала өте жылдам әрі ретсіз өсті. Алматының аумағы  екі еседен астам кеңейді. Бірақ инфрақұрылымның дамуы әр жерде әртүрлі болып отыр. Қалада  тұрғындар саны орташа алғанда  жыл сайын 70 мың адамға көбейіп келеді. Жұмысқа, сабаққа бару үшін іргелес елді мекендерден күн сайын 500 мың адам Алматыға келіп кетеді. Мұндай түйткілдерді уақытылы анықтап,  дер кезінде шешіп отыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Кеңес барысында қаланың коммуналдық, жол және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ білім, экология және медицина салаларында қордаланып қалған проблемаларды шешу жолдары талқыланды.

Президент Алматы қаласын дамытуға қатысты негізгі проблемаларды шешу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Таяуда «Ақкент» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өртті мысалға келтіріп, өрт қауіпсіздігі саласындағы ахуалды сынға алды. Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін қаладағы көлік қозғалысын реттеп, электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту қажет.

Қала әкімі  Ерболат Досаев 2025 жылдың соңына дейін қаладағы қоғамдық көлік саласы толықтай экологиялық стандартқа көшірілетінін баяндады. Алматы қаласындағы инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі де Президент назарынан тыс қалмады.

Сонымен қатар Президент тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты бірқатар проблемаға тоқталды. Бұдан бөлек, кеңес барысында Алматы экономикасын әртараптандыру мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта кәсіпкерліктің даму әлеуетіне оң баға берді.  Келтірілген мәліметтерге сәйкес 2022 жылдың өзінде Алматы мемлекеттік бюджетке төрт триллион теңгеден астам қаржы құйды. Қаладағы салық түсімдерінің басым бөлігі шағын және орта бизнестің төлемдеріне тиесілі.

Президент мегаполистегі бизнес-ахуалды жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау жөнінде міндет жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жеке капиталды тарту, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын күшейту, жаңа көлік-логистикалық орталықтарына қолдау көрсетудің тың шараларын қарастыру,  креативті индустрия, туризм салаларын дамыту Алматы экономикасына тың серпін беруге тиіс.

***

Мемлекет басшысы сел тасқынынан қорғайтын «Аюсай» бөгетіне барды.

«Аюсай» бөгеті Үлкен Алматы өзенінің бассейнінде орналасқан. Оның жоғары жағында сел қаупі бар 98 учаске, 89 мұздық, 20 мореналық және мұзды көл бар. Бөгет сел жүру қаупін барынша азайтып, 500 мыңнан астам халық пен 2 мыңға жуық нысанның табиғат апатынан қорғалуын қамтамасыз етеді.

Еліміздің биік таулы аймақтарында 970 мореналық көл бар. Оның ішінде 156 көлде сел жүру қаупі жоғары. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов биыл сел жүруі ықтимал 13 көлде апаттың алдын алу жұмыстары жүргізілгенін баяндады.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары  аясында  Prometheus school білім беру ұйымын аралап көрді.

Президентке білім ордасының оқу кабинеттері, жаратылыстану зертханалары, мектепте сабақ оқытудың Daryn Go, Booky-Wooky авторлық әдістемелері, сондай-ақ оқу орнының жалпы инфрақұрылымы таныстырылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<