Түлектерге диплом табысталды

624

0

Облыстық жастар ресурстық орталығында РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясында білімін жетілдірген аймақ энергетиктеріне диплом беру салтанаты өтті. Іс-шараға академия өкілдері мен «Қызылорда жарығы» холдингі қызметкерлері қатысты.

2018 жылы Қызылорда қаласында РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясы корпоративтік басқарудың жоғары мектебінің (ВШКУ РАНХиГС) филиалы ашылған. Оқу орны барлық саланы, оның ішінде менеджмент, экономика, маркетинг секілді салаларды тереңдетіп оқытады.

Оқу орнының аймағымыздағы алғашқы түлектері 2020 жылы бітіріп шықты. Биыл да облысымыздың мемлекеттік қызметшілері, мұнай-газ, энергетика, құрылыс салаларының қызметкерлерінен құралған екі топ оқуын аяқтап шықты. Олардың қатарында «Қызылорда жарығы» холдингінің 7 қызметкері бар.

Салтанатты шарада холдинг қызметкерлеріне дипломдарын облыс мамандарының осы оқу орнында білімін жетілдіруіне бастамашы болған ВШКУ РАНХиГС Қамқоршылық кеңесі мүшесі Жомарт Көшербаев табыстады.

– Облыс энергетиктері 2009 жылдан бері Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясымен тығыз байланыста. Осы уақыт ішінде «Қызылорда жарығы» холдингінің 34 қызметкері осы оқудан өтті. Оның ішінде 24 қызметкер МВА дәрежесін, 5 қызметкер іскерлік-әкімшілік басқару докторы дәрежесін алды, – деді Жомарт Көшербаев.

Іскерлік-әкімшілік басқарудың шебері (МВА) дәрежесі –  бизнесте, мемлекеттік қызметте және муниципалдық басқаруда тиімді жұмыс жүргізуге машықтандыратын бірден-бір бағдарлама. Сондықтан оған сұраныс жоғары. Айталық, көрші Ресейде жоғары лауазымға тағайындау үшін мемлекеттік қызметкердің МВА дәрежесі болуы – негізгі талаптардың бірі.

Айта кетейік, «Қызылорда жарығы» холдингі өңіріміздегі энергия нарығындағы құрылымдарды топтастырып отыр. Атап айтқанда, құрамына аймақты электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында қызмет көрсететін «Дәулетэнерго», «Шиелі жарығы» және «Энергосервис» ЖШС секілді компаниялар кіреді. Холдинг қызмет көрсету нарығын кеңейту, сапасын арттыру бағытында жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, қызметкерлерінің біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыру – холдингтің басты ұстанымдарының бірі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<