Үкілісай «Ішімдіксіз ауыл» атанды

4

0

Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік – ел дамуының басты кепілі. Кейінгі жылдары құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында қолға алынған маңызды бастамалардың бірі – «Ішімдіксіз ауыл» жобасы. Бұл тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етіп қана қоймай, қоғамдық тәртіптің нығаюына, қылмыстың төмендеуіне және ауылдағы береке-бірліктің артуына жол ашуда.

Сыр өңірінде құқықбұзушылықтардың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету және мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру мақ­са­тында «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында «Ішімдіксіз ауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүзеге асы­рылуда.

Арал ауданындағы он ауыл «Ішімдіксіз ауыл» атанды. Солардың қатарында Үкі­лісай да бар. Бұл – ауыл тұрғындарының қоғамдық тәртіпті сақтауға, жас­тарды теріс әдеттерден қорғауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға деген ортақ ұмтылысының айқын көрінісі.

Бастама аясында Арал аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Бектөре Құдайберген мен аудан прокуроры Рамазан Жанаев Үкілісай ауылының тұрғындарымен кездесті. Бас­қосуда құқықбұзушылықтардың алдын алу мә­се­лелері кеңінен талқыланып, қыл­мыстың қоғамға ти­гізетін кері әсері мен оның алдын алу жолдары жан-жақты түсіндірілді. Кездесуде ауыл тұрғындары да белсенділік танытып, пікірлерін ортаға салды. Әр буын өкілдері бұл бастаманы толық қолдайтындарын жеткізіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысуға дайын екендерін білдірді.

Шын мәнінде, ішімдіктен бас тарту – тек бір ауылдың таңдауы емес, болашақ ұрпақтың амандығы үшін жасалған ма­ңызды қадам. Өйткені тәртіп орнаған жер­де тыныштық, ал тыныштық бар жерде  тұ­рақты даму мен берекелі өмір болады. Сондықтан «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы қоғамдағы қауіпсіздік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған игі бастама ретінде  жалғасын таба бермек.

«СБ» ақпарат