Үкімет басшылары Алматыда кездесті

286

0

Алматыда Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Грузия Премьер-министрі Ираклий Гарибашвили сауда, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.

Осы жылдың 6 айында өзара сауда көлемі шамамен 30%-ға өсіп, $190 млн құраған.  

Премьер-Министр екіжақты қарым-қатынаста транзиттік-көлік секторындағы ынтымақтастыққа басымдық берілетінін атап өтті. Мәселен, бүгінде екі ел арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы әріптестік қарқынды нығайып келеді. Өткен жылдың 6 айының қорытындысына сәйкес, Орта дәліз бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 77%-ға өсіп, 1,3 млн тонна болған.  

«Біз аймақтың көлік байланысын арттыруға және транзиттің жағдайын жүйелі түрде жақсартуға мүдделіміз. Жалпы алғанда, Қазақстан Үкіметі Қазақстан-Грузия әріптестігінің барлық сала бойынша серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін көп жоспарлы жұмысты жалғастыруға ниетті екенін ерекше атап өткім келеді», – деді Премьер-министр.

Өз тарапынан Ираклий Гарибашвили Қазақстанмен тиімді өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екенін растады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<