Үздік нәтиже көрсетті

341

0

Білім бәйгесінің бәсі қашанда биік. Бір қуаныштысы, Сыр өңірінде олимпиада жеңімпаздарының саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен,  екінші жыл қатарынан ауыл мектептеріндегі 5-6 сыныптың жүзге жуық оқушысы еліміздің жетекші мектептерінде білімін жалғастыруға мүмкіндік алды.

Биылғы оқу жылында «Мың бала» олимпиадасына 11 мыңнан астам оқушы қатысты. Айта кетейік, «Мың бала» – ауылдық жерлердегі талантты оқушыларды қолдауға арналған ауқымды жоба. Бұл олимпиада онлайн-тестілеу форматында өтеді. Ол екі кезеңнен тұрады. Тіркелген 11255 қатысушының ең көп балл жинаған 903-і жеңімпаз болып танылды. Осы іріктелген оқушылар олимпиаданың екінші кезеңінде академиялық білімге баға беретін компьютерлік тестілеуге қатысып, нәтижесінде 209 оқушы олимпиада жеңімпазы атанды.

Министрліктің арнайы квоталарына сәйкес, 6-сыныпты аяқтаған 28 жеңімпаз оқушы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде білімін жалғастыратын болады. Олар республикалық физика-математика мектебіне, «Білім-инновация» лицейлеріне және «Дарын» мектептеріне оқуға жолдама алып, еліміз бойынша қатысудың жоғары көрсеткішімен облыс үздік үштіктен көрінді.

Ал 8-9 сыныптар арасында өтетін «IQanat» олимпиадаcына аудандар бойынша 3847 оқушы тіркеліп, бақ сынады. Олимпиаданың  екінші кезеңіне 697 оқушы өтіп, республикалық кезеңге 35 бала жолдама алды.  Енді озық ойлы оқушылар Нұр-сұлтан қаласындағы Назарбаев университетінде ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуымен өтетін слетке қатысады.

Бұған қоса, олимпиада қорытындысы бойынша аймағымыздың 3 дарынды оқушысы «Iqanat High School of Burabay» мектебіне жолдама алса, тағы 2 оқушы тарих пәнінен жүлделі орындарға ие болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<