Ұлт ұстазына арналды

759

0

Қала іргесіндегі Баймұрат батыр ауылындағы №218 орта мектепте қазақ әліпбиінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында ардагер-ұстаздар арасында «Ұлттың рухани ұстазы» атты мүшәйра өтті.

Қалалық білім бөлімі мен ардагерлер кеңесі ұйымдастырған шараға облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары К.Ермағанбетова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Тәуіпбаев, белгілі ақын Д.Торғаева және білім саласының ардагерлері қатысты. Қонақтар алдымен мектеп ауласындағы «Ардагерлер ауласына» көшет отырғызды. Содан соң осындағы музейдің ашылу салтанатының куәгері болды. Мұнда МИС шаруашылығының іргетасын қалаған басшылар мен Еңбек Ері А.Ахметовтың, қарапайым еңбек адамдарының өмір жолынан деректер мен экспонаттар  қойылған.

Ардагер-ұстаздар мен оқушылар арасындағы жазба ақындар мүшәйрасына Д.Торғаева, Е.Мұқанов, К.Ерімбетов қазылық жасады. Ең басты жаңалық – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының Қызылорда қаласында тұратын туған жиені Манаш Өтегенқызының іс-шараға арнайы қонақ ретінде шақырылып, қатысуы болды. Ол кісі Ахмет Байтұрсынұлының туған қарындасы Ұлжаннан өрбіген ұрпақ екен. Сексен жастың сеңгіріне шыққан Манаш апай жиналған қауымға ақ батасын беріп, нағашылары жайлы сыр шертті.

Жыр додасында бас жүлдені Қызылорда қаласындағы №140 мектептің ардагер-ұстазы Баян Жүсіпбекова иеленді. 1-орынды №101 мектептің ардагер-ұстазы Қанайым Қазанғапова, 2-орынды №218 мектептің ардагер-ұстазы Гүлдариха Ахметова, ал келесі жүлделі орынды №138 мектептің ардагер-ұстазы Марал Оспанова иеленді. Сондай-ақ аталған жыр сайысы тағы бір ерекшелігімен есте қалды. Осы жыр бәйгесіне қатысқан ақын ұстаздар өлең жазуға талабы бар шәкірттерін сахнаға шығарып, тырнақалды жырларын оқытты. Ұрпақтар сабақтастығы осылай шынайы көрініс тапты. Онда №179 А.Хангелдин атындағы орта мектептің ардагер-ұстазы Мәлике Асамұрат дайындаған 10 сынып оқушысы Айткүл Мырзабай топ жарып, жүлделі орынды иеленді. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлмекен Батырбекова шараға қатысушыларға алғыс білдірді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<