Ұлттық болмысты сақтау – басты міндет

445

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы төңірегінде облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен облыстық халық шығармашылық орталығының мамандары пікір алысты. Мақаланың негізгі бағыттарына тоқталып, оны жүзеге асыру мақсатында атқарылатын жоспарларын ортаға салды.

«Рухани жаңғыру орталығының» басшысы Уәлихан Ибраев жастар бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тәуелсіздіктің қадір-қаиетін арттыруға аянбай үлес қосуымыз керектігін баса айтты. Орталық қызметкері, тарихшы Жайна Сыдықова бұл орайда: «Жастар арасында батырлар жыры, дастандар, толғауларды талдау арқылы жергілікті жердегі жер-су атаулары, тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы тарихи танымды қалыптастыру қажет. Жергілікті архивтерде сақталған құжаттармен жүйелі жұмыс жасау, Сыр бойындағы тарихи орындар мен аңыздар негізінде балаларға арналған танымдық кітапшалар мен фильмдер дайындау ісін нақты қолға алған жөн»,- деген пікірін білдірді.

Қызылорда Облыстық Халық Шығармашылық Орталығының директоры Жанат Ашанқызы мақала міндеттейтін шараларды тілге тиек етіп, бойына ұлттық болмысымызды сіңіріп өскен ұрпақ тәрбиелеу басты міндет екенін атап өтті.

«Ел Президентінің «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады»,- деген сөзі көптің көкейін дөп басқаны сөзсіз.

«Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Үйтолған Жареке ұлттық дәстүрді дәріптейтін мазмұнды мерекенің маңызын арттыруға қатысты ұсынысын білдірді. Осы мақсатта бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<