Ұлттық киім трендке айналса

1830

0

Ұлттық киімді тек Наурыз мерекесі қарсаңында киетініміз жасырын емес. Біздің ұғымымызда ұлттық киім тек мерекелік іс-шаралардың, ұлттық мерекенің, сахнада артистердің киімі деген түсінік қалыптасқан.

Жақында Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына сауал жолдап, ұлттық киімдерді тек Наурыз мерекесінде кимей, оны трендке айналдыру қажеттігін айтты.

Сонымен қатар ол республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту туралы бастама көтеріп, бірқатар іс-шараны қолға алуды ұсынды.

– Біріншіден,  ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту. Бұл күн мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі болар еді. Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне қазақи айдентика элементтерін қосу. Үшіншіден, ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті өркендетуге бағытталған гранттар беру, халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру. Төртіншіден, мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу әрі халықаралық түрлі жарыстарға баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеу, – деді депутат.

Наурыз айы жақындағандықтан ба, базар мен дүкендерден ұлттық киімдер көбірек орын алыпты. Бағасы қолжетімді. Қырғыз елінен келген киімдер 2500 теңгеден басталып 5000 теңге аралығын құрайды. Ал жергілікті тігіншілер 3000-4500 теңге аралығында тапсырыстар орындауда.

Тігінші Гүлмира Сариева бүгінде мектептердің тапсырыстарын тігуде. Бағасы жұмысына қарай қойылады. Матасы, оюына қарай 3500 теңгеден жоғары.

Расында ұлттық киім ұлықтауды қажет етеді. Байқасаңыз кейінгі уақытта еліміздің барлық мектеп оқушылары әдемі оюы бар жилет пен қамзол кие бастады. Алдымен бұл бастаманы елорданың білім беру ордалары көтеріп, кейін басқа облыстағы оқушылар жалғастырды. Этно стильдегі киім киген оқушылар мен ұстаздарды көргенде көз сүйсінеді. Бұл әрбір баланың ұлтына деген патриоттық рухын, мақтаныш сезімін оятары анық.

А.САҒАТБЕКҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<