Ұлытау төріндегі жүлде

301

0

Ұлытау облысындағы XXXI дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі аясында өткен Ш.Ділдебаевтың шығармашылығын насихаттауға арналған республикалық жыршы-термешілер конкурсында Сыр бойы дәстүрлі өнерінің саңлақ жыршысы Күнсұлу Түрікпен  бас жүлде иеленді.

Дәстүрлі өнер иесі Күнсұлу Түрікпен жастайынан жыршы-жыраулардың ізін жалғап, халықаралық, республикалық додаларда топ жарып келеді. Халықаралық деңгейде ұлттық өнерді насихаттайтын «Men qazaqpyn» мегажобасының жеңімпазы атанды. «Халық шығармашылығы» номинациясы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

– Бұл марапатқа ата-анамның, ұстаздарымның, ақ баталы елдің еңбегі орасан зор! Сыр мәдениетіне тағы бір жеңісті жаңалық қосылды.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай қолдаудың нәтижесі түрлі саладағы талантты жастардың талабын өрлетіп, шығармашылығына шабыт берері сөзсіз. Өнер айдынына арманыма қанат бітірген ата-анама, сонымен қатар, Алмас Алматов, Бидас Рүстембеков, Серік Жақсығұлов, Шолпан Бимбетова бастаған барлық ұстаздарыма алғысым шексіз. Өнерімді ұдайы насихаттап келе жатқан облыстық мәдениет басқармасы және халық шығармашылығын дамыту орталығының еңбегін жоғары бағалаймын. Жеңісті, жемісті күндеріміз көп болсын, – дейді жыршы Күнсұлу Түрікпен.

Айта кетейік, жыршының қорында «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Көрұғлы», «Қыз Жібек» сияқты халық жырларымен қатар «Алпамыс батыр»  «Зухраб батыр», А.Керейұлының «Өсиет» және Сыр сүлейлерінің жыр-дастандары мен терме-толғаулары бар.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<