Ұрпақ санасын сыбайластық уламасын

514

0

Облыста қаңтар айындағы ҰБТ өтуде. Тестілеуге облыс бойынша 8048 түлектің 7044-і немесе 87,5%-ы қатысуға өтінім берген.  Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 қаңтардан 10 ақпанға дейін жалғасады.

Қаңтардағы ҰБТ-ға жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер, шығармашылық дайындықты талап ететін басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген ЖОО білім алушылары, ақылы негізде «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласына ауысуға ниет білдірушілер, сондай-ақ қалауы бойынша ЖОО-ға ақылы негізде оқуға қабылданғысы келетін мектеп түлектері қатысады. Тіркелу кезінде тест тапсырушылар емтихан орнын, күнін және уақытын өздері таңдайды.

Биылғы ҰБТ-да тестілеу форматы өзгеріссіз қалды. Қазақстан тарихы бойынша тестілеуге қатысушылар 20 тапсырманы, оқу сауаттылығы 15, математикалық сауаттылық 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырманы орындайды.   Барлығы – 120 сұрақ. Ең жоғары балл – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минуттық уақыт сақталады.

− Сонымен қатар дистракторлар (жауап нұсқалары) саны азайды. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны бестен төртке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауаптары бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) сегізден алтыға дейін азайтылды. Қаңтардағы ҰБТ-дан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсуге ниет білдірушілер ҰБТ-ны «Математика-информатика» комбинациясы бойынша тапсырады, − дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Тестілеу кезінде калькулятор, Менделеев және тұздар ерігіштігі кестелері барлық талапкер үшін компьютер экрандарында қолжетімді болады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушыларына өздерімен бірге қалам, су және шоколад алып келуге рұқсат етіледі.

Аймақта ҰБТ өткізуге Ұлттық тестілеу орталығының облыстық филиалы мен Ustady аймақтық орталығы теңдей жауапты. Себебі Ustady техникалық қолдау көрсетіп, компьютермен, интернетпен қамтамасыз етеді.

Осыдан біршама уақыт бұрын ақшалай сыйақы үшін бір топ адам түлектерге, мұғалімдер мен мектеп басшыларына ұлттық бірыңғай және біліктілік тестілеуінен сәтті өтуге көмектескені анықталған.  Қызылорда №2 сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, алты айыпталушы ақпараттандыру және байланыс саласына қарсы ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасаған.

«С. және Д. есімді азаматтар ақшалай сыйақы алу мақсатында заңсыз тестілеуді ұйымдастыру үшін тест орталығының техникалық директорымен өзара сөз байласқан. Келісімге сәйкес, Ұлттық тестілеу орталығының компьютерлік тестілеу базасына қашықтан заңсыз қосылуды филиал операторы А. жүргізуі керек еді, ол үшін оған сыйақы үлесі уәде етілген» делінген хабарламада.

Схеманың тағы бір қатысушысы − IT маманы тестіленушілердің компьютерлеріне қашықтан қол жеткізуді қамтамасыз ететін арнайы құрылғы дайындап, оны серіктесіне берген. Осылайша, А. есімді оператор Ұлттық тестілеу орталығының компьютерлік тестілеу базасына тиесілі 100-ден аса тестілеу компьютеріне заңсыз қосылып, заңсыз рұқсат алып, тест сұрақтарын көшіріп, дұрыс жауаптарын белгілеген. VNC Viewer және AnyDesk қосымшалары арқылы тестіленушілерге жоғары балл жинаған, сөйтіп сыйақы алған.

«Сотталушылардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 27594052 теңге көлемінде материалдық шығын келген. Алайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында келтірілген залал толығымен өтелді. Сот үкімімен олар кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл іс бойынша басқа айыпталушылар да дәл осындай мерзімге жазаланды. Барлық сотталушыға Қылмыстық кодекстің 63-бабы 1-бөлігіне сәйкес шартты жаза тағайындалды», делінген хабарламада.

Ustady аймақтық орталығына жаңадан келген басшы Гүлжанна Дүйсенбаева журналистпіз дегеннен бізді салқын қабылдады. «Ұлттық тестілеу орталығына техникалық қызмет көрсетіп отырсыздар, бұрынғы қателіктер қайталанбас үшін қандай іс-шаралар жасалды?» деген сауалымызға, «Жұмысқа жаңадан екі оператор алынды. Қазір тестілеу қалыпты өтіп жатыр. Астанадан басшылар бақылап отыр. Басқа ештеңе айта алмаймын. Ұлттық қауіпсіздік комитетінен сұраңыздар» деп қысқа қайырды.  Ал Ұлттық тестілеу орталығының аймақтық филалының сарапшысы Айдос Серікбаев қазір тестілеудің қалай өтіп жатқаны жөнінде пікір білдіруден бас тартты.

«ҰБТ-дан  сыныптасым жоғары балл жинады. Көрдіңіз бе, олардың ата-аналары кімдермен араласатынын, жоғарыда таныстары бар» депті аз балл алып қалған оқушы ата-анасына. Осылайша баланың санасы да жемқорлықпен уланып жатыр. Қазір ата-аналар мен ұстаздар ҰБТ қалай өтеді деп алаңдап отыр? Сыбайлас жемқорлық әрекеттері қайталанып, білімді баланың болашағына балта шабыла ма деп қорқады. Әділдік салтанат құруы үшін сот әділ шешім шығарса игі.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<