Вакцина салдыруға келген азамат дәрігерді соққыға жықты

575

0

Алматы облысы Ескелді ауданында вакцина салдыруға келген тұрғын дәрігерді соққыға жықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова мәлімдеді. Коронавирусқа қарсы екпенің екінші компонентін салдыруға келген азаматқа дәрігер вакцина паспортына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Алайда, маманның айтқанын орындағысы келмеген пациент қабылдау бөлмесінде шу шығарып, дәрігерге жұдырық ала жүгірген.

«21 мамырда Ескелді аудандық орталық ауруханасының емханасында қабылдау жүргізген дәрігерге шабуыл жасалды. Вакцина салдыруға келген пациентке вакцина паспортына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында пациент дәрігерге дөрекілік танытқан. Дәрігер медициналық ұйымда пациентке өзін дұрыс ұстауды ескерткен. Алайда, ол ескертуге қарамастан дәрігерге шабуыл жасап, басынан ұрып, тұншықтыра бастаған. Дәрігердің беті пен мойын тұсынан бірнеше рет ұрған. Бұл оқиғаға қатысты дәрігер Ескелді аудандық ішкі істер бөліміне арыз жазды», делінген хабарламада.

Басқарманың хабарлауынша, қазір дәрігер бас миының шайқалуы диагнозымен амбулаториялық ем қабылдауда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<