Вакцинадан басқа жол жоқ

649

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен аймақтағы коронавирус індетінің таралуы мен эпидемиологиялық жағдай бойынша отырыс өтті.

Жиынға  облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова және Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері онлайн форматта қатысты.   

Аймақ басшысы облыс тұрғындарын жаппай вакциналау және ревакциналау шараларын күшейту туралы мәселеге тоқталды.

– Індетті жеңетін бірден-бір жол – жаппай вакциналау. Дегенмен, бірқатар аудандар бойынша вакцина алмаған азаматтар саны әлі де жетерлік. Ревакциналау жұмыстары да баяу жүруде. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға қабілетті тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, тиісті деңгейде жүргізу қажет. Азаматтарымыздың денсаулығын сақтауға тиіспіз, – деді облыс әкімі.

Бүгінгі таңда облыс бойынша екпе алуға қабілетті азаматтардың 92,6% I компонентті, 87,9% тұрғын II компонентті салдырған. Сонымен қатар, өткен жылдың 22 қарашасынан басталған ревакциналаудан  43 253 адам өтті.

Жиында аудан әкімдері межеленген жұмыстардың орындалу барысына тоқталды.  Аудандар бойынша ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға қабілетті 18 жастан жоғары 250 мың тұрғынның 94,2%-і I компонентті, 88,2%-і IІ компонентті алған.

Айта кету керек, Pfizer вакцинасымен аудандар толық қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, «Спутник лайт» вакцинасының 8 мың дозасы,  «SINOVAC» вакцинасының 40 мың дозасы жеткізіліп, барлық медициналық мекемелерге таратылды.

Жиын соңында аймақ басшысы тұрғындар арасында жеткілікті деңгейде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін еске салды. Көзделген мәселелерді бақылауға алуды орынбасары Балжан Шәменоваға жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<