WorldSkills − озаттар алаңы

735

0

Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде WorldSkills − 2022 республикалық чемпионатының аймақтық іріктеу кезеңінің ашылу салтанаты өтті. Чемпионатты облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы  Ғалия Дәулетова, «Талап» АҚ коммерциялық емес ұйымының бас менеджері Гүлдана Әлсейтова және WorldSkills − 2021 чемпионатының күміс жүлдегері Камила Сақтапберген ашты. 

− Кадр даярлаудың орнықты үлгісін құру, сондай-ақ адами капиталды дамыту бизнес пен кәсіптік білім берудің өзара іс-әрекеті бойынша бірлескен жұмысқа тарту − қозғалыстың идеологиялық міндеті. Облысымызда жобаның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүрген барлық серіктестерге алғыс білдіремін, − деді Ғ.Дәулетова.

Іс-шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев,  аудандық кәсіпкерлік палатасының мамандары және облыстағы барлық колледж басшылары қатысты. Аймақтық кәсіби шеберлік чемпионатында 21 құзыреттілік бойынша 28 колледжден 100-ге жуық білім алушы бақ сынады. Студенттердің білімін бағалайтын 100-ден аса сарапшы және әлеуметтік серіктес мекеме өкілдері, тәуелсіз сарапшылар жұмыс барысын қадағалап, бағалауда.

WorldSkills стандарттары білім мазмұнының сапасын, жаңа технологиялар мен оқыту тәсілдерінің алдыңғы озық тәжірибесін қамтамасыз етеді. Бұл халықаралық қозғалысқа еліміз 2014 жылдан мүше. Ауқымды білім жүйесіне қосылу техникалық және кәсіптік білімнің ұлттық жүйесін қайта қарау үшін негіз болды. Кадрларды даярлаудағы қазіргі әлемдік үрдістерді зерделеуге және бәсекеге қабілеттілікті бағалауға мүмкіндік береді. WorldSkills біздің аймақта да техникалық және кәсіптік жүйені жаңғыртудың басты элементіне айналды.

Халықаралық жобаға қатысып, үздік деп танылғандардың бірі −  Камила Сапарбекқызы. Ол – М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті. Өткен жылы чемпионаттың аймақтық кезеңінен оза шапқан ол республикалық сыннан да сүрінбей өтіп, күміс жүлдеге ие болды. Онда Камила мектепке дейінгі жастағы балаларды оқыту және тәрбиелеу, ата-аналармен және білім беру ұйымының қызметкерлерімен өзара іс-әрекет, күннің екінші жартысындағы сауықтыру-шынықтыру шараларын ағылшын тілінде ұйымдастыру модульдері бойынша жеңімпаз болды.

Қазақстан әлемдік чемпионатқа қатысушы 63 елдің арасында былтыр 14-орынды және еуропалық чемпионатқа қатысушы 19 елдің арасында 9-орынды иеленді. «EuroSkills Graz − 2021» халықаралық чемпионатында еліміздің ұлттық құрамасы «Веб әзірлеу» құзыреттілігі бойынша қола жүлдегер атанды.

Айта кету керек, білім бәйгесі  11-17 мамыр аралығында 11 білім беру ұйымында өтеді. Студенттердің біліктілігі мен білімі сараланып, жеңімпаз атанған білім алушылар WorldSkills чемпионатының республикалық кезеңіне жолдама алады.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<