Қызылорда қаласына – 200 жыл

882

0

  Бекініс 1853 жылға дейін «Ақмешіт» аталып, орыс басқыншыларының келуімен генерал В.А.Перовскийдің құрметіне форт «Перовск» деп аталды. Ақмешіттің іргетасының қалану уақыты жөнінде екі түрлі пікір қалыптасқан. Оның бірінде ҚСЭ, А, 1975 ж, 7 томның 89 бетінде Ақмешіт Қоқан хандығының қамалы ретінде шамамен 1820 жылдары салына бастады делінсе, шығыстанушы П.П.Ивановтың «Очерки истории Средней Азии» атты еңбегінде «1817 жылы Сырдария бойында қоқандық қамал Ақмешіт салына бастады» деп көрсетілген.  Перовскіге 1867 жылдан бастап қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналған. Осы кезеңде Перовск уезі солтүстігінде Торғай уезімен және Ақмола облысының Атбасар уезімен, батысында  Қазалы, онтүстік-шығысында Шымкент уезімен және оңтүстігінде Бұхар хандығымен шектесті. Санақ бойынша уезд халқының саны 133 663 адамға жетті.

      Сыр халқы үшін орыстардың үстемдігін өлкеде түпкілікті орнатуға негіз болған тағы бір реформалық сипаттағы заңдық құжат «Түркістан  генерал-губернаторлығы туралы Ереже» болатын. Халқының басым көпшілігі мұсылман дінін тұтынған және бірнеше этностардың  басы қосылған «Түркістан  генерал-губернаторлығы туралы» Ереже бойынша жаңа губернаторлықтың жері бұрынғы Торғай және Ташкент ауданы мен 1866 жылға дейін орыс әскерлері басып алған Сырдария және ішінара Семей облысына қарасты  әкімшілік бірліктерден тұрды. 

 «Ережеге» сәйкес Перовск уезіне 8 болыс қарады. Уезге 18686 шаңырақ топтасқан. Айталық, Жаңақорған болысы 15 ауылды қамтыса, Жөлек болысына –14, Кеңтүп болысына – 11, Царский болысына – 12, Шағанға – 11,  Байзақ болысына – 9, Қармақшы болысына 10 ауыл қарады. Кейіннен барып 10 ауылды қамтитын Қосбөгет, 6 ауылдан тұратын Аққыр болыстары ашылды.

«Сырдың төменгі бойындағы орналасқан малшы қазақтарды жайлауға қоныстануына қарай бес топқа бөлуге болады: бірінші топ Сарысу өзені жағасындағы Аяққамыр сайына дейін созылып жатқан жайлауларға қоныстанатын көшпелілер; екінші топ Торғай облысына қарасты Торғай уезіндегі Қалмақ жайлауына көшетіндер; үшінші топ Қарақұм құмдарын бойлай отырып, Қазалы және Торғай уездерінің оңтүстік батыс бөлігіндегі жайлауларды қамтығандар; төртінші тобы Қостанай уезінің оңтүстігіндегі жайлауларды қамтыды; бесінші тобы  Қазалы уезінің шығыс және оңтүстік шығыс бөлігінде жайлауларды иемденді .

Сырдарияның орта ағысы бойындағы отырықшы мал шаруашылығын кәсіп еткен тайпалар қыстаудан алыс кетпей Қаратау етегіндегі жайлауларды пайдаланған. Сырдың төменгі ағысы бойындағы көшпелі тайпалар Қостанай өңіріндегі жайлауға жету үшін 800-1000 шақырымға дейін жол жүрген. Сырдың орта ағысы тұсына қарай орналасқан көшпелілердің бір бөлігі жайлауға Ұлытау, Кішітау етегіне және Сарысу төңірегіндегі Қаражарға қоныстанды. Ұлытау мен Кішітаудың етегі Сыр қазақтары үшін әрі қыстау, әрі жайлау болды, сол себепті де Қаражар елді мекеніндегілерден басқа көшпелілердің Сарысу жағалауындағы жайлауларға ерте көшулеріне тура келді.

Бай ауылдарда ірі мал саны жоғары болғандықтан, олар алысқа, тіпті, екі бағытқа 2000 шақырымнан аса жерге дейін көше алды. Статист, топографтардың есептеуінше Сыр қазақтарының бір бағытқа көшуі – 1000, 1500 км. А.К.Гейнс бойынша Сыр қазақтарының көші Тройцк, тіпті Тройцкіден әріге дейін жеткен, орта есеппен бір бағыттағы көші 600-800 шақырым болған. А.И.Добросмыслов бойынша Сырдағы көшпелі тайпалар Қостанай өңіріндегі жайлауға жету үшін орта есеппен 800-1000 шақырымға дейін жол жүрген. Жазда Торғай облысы жеріне көшетін Перовск және Қазалы қазақтары қыстаудан жайлауға дейін 600-1000 шақырым, тіпті одан да көп жол жүрген. С.П.Поляков бойынша Сыр көшпелілерінің бір бағытқа қарай көшу қашықтығының кемі 800 шақырымнан асып отырған. О.Финш пен А.Брэмнің Батыс Сібірге саяхаты жазбасында шығыс қазақтарын батыс қазақтарымен салыстыра отырып, Сырдариядан басталған көштің бір бағытының Тобылға дейін жететінін жазған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Ырғызда қоныстанған телеулер Қостанай жеріндегі Үшбала жайлауына жету үшін 500 км. жол жүрген.

А.И.Добросмысловтың мәліметтері негізінде құрастырылған бұл кестеден Перовск қазақтарының көктеу, жайлау, күздеуде отыру мерзімімен қатар, жайылымдық жерлердің аймақтық-әкімшілік жағынан қай болысқа қарайтындығын да білуге болады. Бұл деректердің көшпелілердің жайылым таңдаудағы ерекшеліктерін нақтылауда маңызы зор. Торғай уезінде жайлауда қалған табындармен бірге тамаларды қоса қарастыруымыз керек, себебі Байзақ, Маслов болыстарындағы тамалар табындармен бірге көшкен.

Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны, зерттеуші марқұм Әбдімәжит Құтыбаевтан алынған мәлімет бойынша Шағаннан шығып, Қостанай облысының Жетіқара болысы жеріндегі жайлауға көшетін Мойнақ Жаппастардың (Үсендер) бастаушысы Мырзабайұлы Құтыбай бай болған.

1898 жылы Сыр бойынан Торғай облысына барлығы 6972, соның ішінде Перовск уезінен 5739, Қармақшыдан 1233 шаңырақ жайлауға көшкен. Бұл мәліметтерді Ф.Щербина экспедициясы кітабының «Таблица общих сведений о вкочевывающих в Кустанайский уезд киргизах» атты бөлімі деректерінен жинақтап, санап шықтық. МКЗ-дағы бұл деректен Перовскілік Кіші жүз руларының да бір бөлігінің Атбасардағы жайлауларға көшкенін көреміз. Бұл деректі Ә.Бөкейханов та нақтылай түседі: «Ақмола облысы Атбасар уезі Балталы-Бағаналы деген найман жайында Қаракенгір өзені бойында Алаша, Жошы хан атты сырлаған кірпіштен екі бейіт бар. Бұрынғы уақытта бұл өзенге осы күнгі Перовскіге қарайтын Тама да жайлайтын еді».

Қостанай уезінде жүргізілген Ф.Щербина экспедициясы кітабының «Таблицы статистических сведений о вкочевывающих в Кустанайский уезд киргизах, о местах вкочевок и времени пребывания на них» атты бөліміндегі  деректерді Сыр бойындағы көшпелі ауыл ақсақалдарынан алған. Олардың алды Қостанай жайлауларына 1 маусымда жетіп, соңы 25 қыркүйекке дейін отырған. Сыр ауылдарының көбі қыстауында 1 желтоқсан мен 1 наурыз аралығында 90 күн отырса, Айнакөл болысының Оғызкеткен қыстауындағы ауылдар 10 наурызға дейін отырған. Ауылдардың алды қыстаудан 1наурызда-ақ көтеріліп, Қостанай жайлауларына 90-110 күн жолда жүріп барған. Ауылдардың жайлауда болу мерзімі де әр түрлі қалыптасты. Мысалы, Қараөзек болысынан сытықтар 1 маусым мен 15 қыркүйек аралығында Талдыкөл, Қошбике, Тобыл жайлауларында 105 күн, қонақбайлар Қаратомар жайлауында 1 шілде мен 20 қыркүйек аралығында 80 күн, жылкелділер Көтібоқ, Доберқұдық жайлауларында 1 маусым мен                    25 қыркүйек аралығында 110 күн, Байзақ болысынан боқай-табындардың, Көткеншек болысынан керейттердің, Қараөзек болысынан жылкелділердің бір бөлігі жайлауда 115 күн отырған. Кеңтүп болысы көшпелілері Қостанайдағы жайлауға жеткенше 70 рет көш жасаған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры м.а., т.ғ.к. Т.Е.  Картаеваның еңбегіне сүйеніп отырып мынандай мәліметтер келтірілген: «1910 жылы Перовск қазақтарының 60%-ы қыстау маңында қалып, 40%-ы жайлауға көшіп отырған. Перовск уезінен уезд төңірегіндегі жайлауларға – 2613, Қостанай уезіне – 1102, Атбасар уезінің Сарысу жайлауына – 2228, Торғай облысындағы Қалмақ жайлауына – 494, Қарақұмға – 2472 шаңырақ барлығы 8909 шаңырақ көшкен».

Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру қалпының көрші елдердің әскери экспансиясы салдарынан бұзылуы өлкеде наразылықтың туындауына заңды себеп болды. ХІХ ғасырда елін қорғаумен шекті Жанқожа батыр Нұрымбетұлы, төртқара Байқазақ батыр Жолдасбайұлы, алтын Уәлі би Итенұлы, шөмекей Пірәлі би Өтетілеуұлы, Сумұрын Жаппас Байұлы  Бөрібай батыр,  Жалбыр батыр  Бөрібайұлы, Жылкелді  Құрақ батыр Азатұлы, Жанғабыл батыр әрі би Төлегенұлы, Баймұрат Жаппас Байұлы Игібай батыр, жалайыр Құрман батыр Өмірзақұлы, Мойнақ Жаппас Байұлы Ақтайлақ батыр, Мойнақ Жаппас  Байұлы Құлжан батыр және  басқа да  батырлар да намысқа шауып, жанқиярлықпен  күреске шықты.

Қазақтың басына қара бұлт төнген тұстағы Сыр елінің ардақты  азаматтарының қуатты қарсылық көрсеткен соғыс қимылдарын тек қана орыс-қазақ қатынасынан ғана емес, сонымен бірге Хиуа және Қоқан бектерінің қысымына да қатысты оқиғалардан көп көруге болады.

 Бақытжан Ахметбек,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері және Қызылорда қаласының №136 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<