Заңға қол қойды

525

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.

Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді.

Заңда уәкілетті органның орынды күмәндануына негіз болатын критерийлер нақты айқындалған. Бұл – активтер құнының заңды кірістер көлеміне немесе активтерді иемденуіне, тұлғаның немесе оның үлестес тұлғаларының активтерді белгіленген шектен жоғары бағада (жауапты лауазымға орналасу кезінде не одан кейін) сатып алуына арналған шығыстарды жабудың өзге де көздеріне сәйкес келмейтін және Заңда белгіленген басқа да негіздер.

Мемлекет пайдасына түскен активтер Қаржы министрлігіндегі қолма-қол ақшаны бақылау шоты саналатын Арнаулы мемлекеттік қорға беріледі. Қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік, экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.

Активтердің шетелде болуы мүмкін екенін ескере отырып, Заңда соттар шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, ақпарат алмасу және өзге де құқықтық өзара іс-қимылдар үшін халықаралық құқықтық ынтымақтастық тетіктері қарастырылған.

Уәкілетті орган жыл сайын активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл, қабылданған жүйелі шаралар, оның ішінде ресми сайтында жарияланатын активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау шараларын қамтитын ақпарат дайындайды.

Мұндай заңдарды қолданысқа енгізу жөніндегі жалпы талаптарға сәйкес, жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізілетін азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты ережелерді қоспағанда, Заң жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Төтенше жағдайлар министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановты қабылдады.

Президентке Төтенше жағдайлар министрлігінің атқарып жатқан жұмыстары мен жоспары жөнінде баяндалды.

Мемлекет басшысына министрлікте алдағы уақытта жүзеге асырылатын трансформация және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жұмыстары туралы мәлімет берілді.

Министрдің айтуынша, төтенше жағдайлардың саны мен ауқымы ұлғайған жағдайда азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін төтенше жағдайдың салдарын жоюдан бұрын оның алдын алуға бағдарлау көзделіп  отыр.

Сонымен қатар Президентке құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық  базасын жарақтандыру және цифрландыру ісін нығайту, сондай-ақ құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің кадрлық әлеуетін арттыру, оларды әлеуметтік қорғау шараларын күшейту жөнінде ақпарат берілді.

Сырым Шәріпханов халықты алдын ала қорғауға қажетті жағдай жасау мақсатында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге айрықша мән беріліп отырғанын айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке төтенше жағдайлардың санын азайту, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<