Жағдай тұрақты бақылауда

311

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы құрылған штаб мүшелерімен бірге Сырдария өзеніндегі жағдайды бақылады. Аймақ басшысы «Қызылорда» су торабында болып, одан соң жауапты мамандармен Жаңақорған ауданына барды. Түркістан облысымен шекаралас аумақтан бастап дарияның жағдайымен танысты.

Бесарық елді мекенінде ауыл ақсақалдарымен кездесті. Онда өзендегі су деңгейі тұрақты бақылауда әрі барлық қауіпсіздік шаралары қолға алынғанын айтты деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда ауа райының күрт жылынуы әсерінен қар еріп, оның үстіне жауын-шашынның мол түсуінен көрші Түркістан облысының Кентау, Түркістан қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарының бірқатар ауылдарында аулалар мен көшелерді су басқан. Осы жағдайға байланысты Сыр жұртшылығы да алаңдаулы. Аймақ басшысы облыстағы жағдай тұрақты, алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.

– Түркістан облысында орын алған жағдайдың Сырдария өзеніне қатысы жоқ екенін ескеру қажет. Арыс өзенінен Сырдария өзеніне түсетін су көлемі болжам бойынша ағымдағы жылдың 3-4 ақпанында секундына 100-150 текше метрді құрайды. Қазір Арал ауданынан бастап Шиелі ауданына дейін өзен бетінде толық мұз қатқан. Мұздың қалыңдығы 18-ден 52 сантиметрге дейін. Бүгінгі ақпаратқа сәйкес облыс аумағына секундына 652 текше метр су келуде.

Облыс аумағында Сырдария өзенінің бойында орналасқан стратегиялық маңызы бар «Қызылорда», «Әйтек», «Қазалы» және «Ақлақ» су тораптары пайдалану ережесіне сәйкес транзиттік режимге көшірілді. Штаб мүшелері дария деңгейін күндіз-түні бақылауда, барлық қажетті техника мен құрал-жабдықтар жеткізілді, сондықтан уайымдаудың қажеті жоқ, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 29 су басу қаупі бар аймақ анықталып, оған 366 арнайы техника бірлігі және 1137 адамы бар 138 жауапты мекеме бекітілген. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары дайындыққа келтірілді.

Су тасқыны болған жағдайда халықты эвакуациялау үшін 64 жинақтау және 78 қабылдау пунктті  дайындалған. Облыстың барлық аумағында өзен бойында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылуда.

Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдіктеріне және жауапты мекемелерге төтенше жағдайдың алдын алуға тиісті тапсырмалар берілді. Жағдай тұрақты бақылауда. Су тасқынының алдын алу мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес арнайы штаб құрылып, 2 ай көлемінде жұмыс жасауда. Сондай-ақ, тасқынға қарсы материалдық-техникалық қорлар бойынша 141,9 тонна жанар-жағармай және басқа да қажетті құрал-жабдықтар толық дайындалған. 

Сырдария өзеніндегі су деңгейін төмендету мақсатында магистральдік каналдар мен көлдер жүйелері арқылы су алу шаралары тұрақты жүргізілуде.

Жаңақорған ауданына жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Түркістан облысымен шекаралас аумақта демеуші кәсіпкердің қаржысына салынып жатқан кіреберіс қақпаның құрылыс жұмыстарымен танысты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<