Жамбылдың жыр кеші

1950

0

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында облыстық мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен 6 жасында өзінің жалынды жырларымен алты Алашқа танылған Жамбыл Дүйсенұлының «Тәуелсіздігім – тұмарым, бірлігім – ұлы ұраным» атты шығармашылық кеші өтті.

Жыр кешіне облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Жанұзақов қатысты. Жас ақынға шығармашылық шабыт тілеп, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың Алғыс хатын табыстады.

Жамбыл Дүйсенұлы бүгінде 19 жаста. Жас болғанына қарамастан ол 3 поэзиялық жыр жинағын шығарған. Оның өлеңдері қазақ поэзиясының алыптары Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаевтың және Фариза Оңғарсынованың туындыларымен үндестік тапқан.

Небәрі 4 жасыннан жыр жазып, 7 жаста жыр кешін жасап елді аузына қаратқан ақын бала шығармашылық кеште «Ана тілім», «Тілдің жайы жөргектен», «Ару қалам – Алматы» және т.б. туындыларын оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

– Сыр елі – талай саңлақтарды қанаттандырған киелі мекен. Осы мекенде туып-өскен ақын-жазушылар мен өнер майталмандары, жыршы, жыраулар тарих көшінде кейінгі ұрпаққа із қалдырды. Бүгін осынау жыр өлкесіне келіп, сіздермен қауышқаныма қуаныштымын. Алда әлі де талай туындыларыммен халқымды марқайтып, сіздердің ақ баталарыңызбен өсіп-өнетініме сенімдімін. Мені бала Жамбыл еткен – халық. Сол халықтың үмітін ақтап, ата-баба ізін жалғастыру – азаматтық борышым деп білемін, – деді Жамбыл.

Таудай талабымен талайды таңғалдырған Жамбыл зеректігінің арқасында түрлі байқауларда топ жарып жүр. Тіпті мектепті өз қатарластарынан 3 жыл ерте бітірген, 18 жасында әл Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық журналистика мамандығы бойынша ағылшын тілінде аяқтаған.

Жас ақын шығармашылық кеште отты, жалынды жырларынан бөлек марқұм болған әжесі мен әпкесіне арнаған сезімге толы өлеңін оқып, көрерменнің жанын тебірентті. Ақын жанын ұғынған қауым кеш иесіне ақжарма тілектерін жолдады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<